Ұлы ойшылдың тағылымы
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да, Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз.
бай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі, ХХI ғасырдағы Жаңа Қазақстандағы осындай биіктерге жетелейді» деді.
Абайдың философиялық толғаулары – өмірге өзінше қарау, адамның тіршіліктегі позициясын айқындау. Абайдың ойлы поэзиясы – этикалық бағдар мен тағлым биігін көрсетеді. Ақын санасы, бір ортаға адамгершілік бірлігін іздеуге ұмтылған, сол арқылы ақын өмір сырын ұғынуға шақырады. Абайға керегі – адам, адамның рухани болмысы мен адамгершілік қасиеті. Кемеңгер Абайдың поэтикасы – адамның ішкі дүниесімен қауышу, адам мен адамның жүрек жалғастырған, өзара татулығын арттыру. Абай халқын оянуға, жан тірлігіне, ұлттық намысқа, үздіксіз рухани еңбекке шақырады. Ақынның сөзі мен ісі бір жерден шығады. Айтылған сөз, атқарылған іс болып қабылдану керек. Тек осылай ғана, адам жанын тазалық пен бірлікке тәрбиелеуге болатынын айтты. Ақын жырының өткірлігі, қазақ даласында алмас қылыштан да асып кеткен және бүгінгі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Шығыстың ақылы мен Батыстың озық ойлы идеясын, Абайдай зерделеп, өзінің ақындық өнеріне мұрат еткен қазақ ақыны болған емес. Даланың дана ақыны Абай, Шығыс пен Батыс поэзиясының суреткерлік ерекшеліктерінің басын құрап, аса терең мағыналы гуманистік Шығыс-Батыс синтезін ашты.
Осыдан 120 жыл бұрын 1904 жылы маусымның 23-жұлдызында Семей уезінің болысында (Шыңғыстауда) даланың сүйікті ақыны Абай Құнанбаев дүние салды. Негізгі хатқа түскен аты Ибраһим (Авраам) болса да, қазақ даласы шешесінің еркелетіп қойған нәзік те үнді есімімен Абай деп атап кеткендіктен, біз де солай қолданамыз. Абай әке жағынан алғанда Тобықты руының белгілі шонжары мен биінен тарайды. Ақынның бабасы, Тобықтының батыр биі Ырғызбай Торғай облысындағы Ырғыз өзенінің бойында XVII ғасырдың елуінші жылдарында дүниеге келген. Ат төбеліндей көсемнің бірі ретінде ол Тобықты руын аса құнарлы жайылымы мол Шыңғыс тауына көшіріп әкеледі. Абайдың атасы Өскенбай дала халқына әділ би ретінде танылды. Оған басқа рулардың қазақтары да жүгініп, дауларын шешкізді. Абайдың әкесі Құнанбай да басқа рудың қазақтарына өктемдік жүргізген, оны тек қана төре тұқымдарының сұлтандарына ғана тән лауазым – Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып сайлануы дәлелдейді. Құнанбай өмірінің соңында Меккеге барып, одан қайтып оралған соң ел билігінен бойын аулақ салады. Мұның өзі де Құнанбайдың беделін өсіре түседі.
Құнанбай отбасындағы діни пікірлер мен ғұрыптар, әке үстемдігінің күші Абайдың ислам әдет-ғұрыптарының бүркеншік қасиеттерін сезінуге жол ашты. Абай отыз жасында барымтаны жойып, өзге рудың байлары мен туысқандық пен достыққа ұмтылған, жауларын сескентетін беделді қазақ атанады. Абай өзінің барлық қабілеті мен білімінің арқасында қазақтардың билік тартысы арасында басты тізгін ұстаушы болды. Абай өз отанының сом алтыны еді. Дауға да, партия таласында да әділ төрелік айтты. Абай он төрт жасынан бастап сықақ өлеңдер шығарды. Ол жастар арасында кең таралғанымен, оған онша мән бермеді. Негізінде дала атқамінерлерінің «ақын» деген атты иемденуден қашқаны әсер етсе керек. Қазақ сұлтандары өздерінің арасынан бақсы мен ақын шықпағанын мақтанышпен айтатын. Кейін ақындық жолға түскен Абай қазақ ақындарын өнерді байдан мал қалап алуға жұмсағанын сынап, өлеңшісымақтардан өзін аулақ ұстады.
Сол 1875-1880 жылдары Абай өзінің руластарының «домалақ арызынан» кейін, тергеу бірнеше жылға созылып, көп жыл бойы Семей қаласында тұруға мәжбүр болады. Сол кезде Абай уақытын босқа өткізбей, қаланың алдыңғы қатарлы, білімді де прогрессивті ортасында болып, көп уақытын Семей қаласының кітапханасында өткізген. Осыдан барып, білім-ғылымға деген құштарлығы артады. Адам өмірін басқа көзқараспен қарай бастайды.
Егер 1880-жылдары өмір, өлең туралы көзқарасын мүлдем өзгертпегенде, өзінің ұлы дарынын көрсете алмай дүние салған болар еді. Сол жылдары «Қазақтардың заңдық әдет-ғұрпы» туралы қырдан дерек жинап, кейін Маковецкий және Михаэлис мырзаның редакциясымен жарық көрген кітапшаға материал іздестіріп жүрген саяси жер аударылушы Гросс мырзамен танысты. Гросс пен Михаэлис екеуі де Абай ауылында қонақта болып, оны орыс әдебиетімен таныстырды.
1913 жылы «Қазақ» газетінің № 39-41 сандарына сол газеттің редакторы болған Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» атты көлемді мақала жариялаған болатын. Тіпті, бұл мақаланың өзі қазақтың бас ақыны туралы жазылған алғашқы кең көлемді мақала еді. Жалпы, Абайды елге кеңінен танытудың, зерттеудің, абайтанудың басында осы алаштықтар тұрды.
Мұрағат құжаттары ұлы Абайға байланысты бірнеше тың деректерді жарыққа шығарды.
Атап айтқанда, Абайдың үш әйелінен жиырма баласы болған. Балаларының бәріне өзі білім берген. Тек ұлдары емес, қыздары да орысша оқып, жаза білген. Өзі де білім-ғылыммен терең түрде айналысқан. Кітап, газет-журналдар жаздыртып алып отырған. Ауқатты тұрмыс құрып, бір мың жылқысы мен екі мың қойы болған.
Ұлы Абайды Патша шенеуліктері халық арасында көп жыл бойы патша өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізеді деп сезіктеніп, оның жүріс-тұрысын аңдып, құпия тексеріс жүргізіп отырған.
Абайға байланысты мұрағат құжаттары, бұрынғы абайтанушылардың Абай ешқандай да билік қызметтер атқармаған, тек қана шығармашылықпен айналысқан деген жаңсақ пікірлері әдебиет пен бұқара ақпараттарда кең таралған болатын. Бұл пікір Кеңес өкіметінің саясаты бойынша таралып, Абайды тек бұқара халықтан шыққан ақын қылып көрсету үшін қолдан жасалған пікірлер деп тұжырым жасауға болады. Ал шындығында, Абай 16 жасынан бастап билікке араласқан. Атап айтқанда, 9 жыл бойы Шыңғыс болысын және 3 жыл бойы Мұқыр болысын басқарған. Одан басқа 6 жыл бойы би болып сайланған. 1885 жылы Семей қаласынан 70 шақырым, Шар өзенінің жағасында, Қарамола деген жерде Павлодар, Қарқаралы, Семей және Өскемен уездерінің билерінің съезінде, Семей уезінің Шыңғыс болысының биі ретінде қатысқан Абай төбе би және съездің төрағасы болып сайланады. Осы съезде Абайдың жетекшілігімен, 96 баптан тұратын «Қарамола заңдары» деген атпен елімізге белгілі, сол заманға сәйкес әдет-ғұрып заңдары қабылданады. Заңды қабылдауға 40 болыстың беделді билері қатысқан. «Қарамола заңдары» Қазан қаласында қазақ және өзбек тілдерінде жарық көрген және Кеңес заманына дейін қазақ даласында кең көлемде қолданылған.
Ал Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет мен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы ой-тұжырымдары, ғасырлар өтсе де өз маңызын жоғалтпақ емес. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл қазақ халқының рухани азығы.
Сондықтан біз Абайды ұлтымыздың мақтанышы ретінде насихаттаудың бір амалы, ойшылдың ақылын алып, айтқанын істесек, Алаштың темірқазығы – ұлы ақынды дүние жүзіне паш ете аламыз!
Жұмағұл ШӨЖЕНОВ,
өлкетанушы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі