Имантаразы

ҰЛЫ ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ МҰХАММЕД (с.ғ.с.) ХАДИСТЕРІНЕН 100 НӘЗИРА

Ауыр күнә: Ұлы Аллаға басқаларды теңеген,
Ата-ананы сыйламастан оларды адам демеген.
Жазықсыздан кісі өлтіру жауыздықпен қан төгіп,
Жалған айту куәлікте сотта адалдық анты өліп.
* * *
Әр пендеге қарайласу кезінде ол қысылған –
Мұны үлкен бір міндетім деп санасын мұсылман.
Өз шамасы жетпесе оған көңлін бұрсын басқаның,
Ол жоқ болса жаман сөзбен орнатпасын басқа мұң.
* * *
Қолын жайып көше кезіп, естісе де сындарды,
Қоймайтұғын тіленуді – емес олар шын жарлы.
Күнкөрісі болмаса да жүретұғын үндемей,
Мұқтаждығын көзге тоспай – әне, солар шын кедей.
* * *
Әрбір адам фәнидегі әрбір күнін бастарда,
Тірлігі үшін жалғыз жанын кепілдікке тастар да.
Ізгілікпен өтсе күні жанды өзіне келтірер,
Зұлымдықпен өтсе-жанын шырылдатып өлтірер.
* * *
Бақ асырып бақастықпен түсем деп ел алдына,
Бір-біріңді қызыл көзді қызғанышпен аңдыма.
Аллаға құл, өзді-өзің дос боп ұмытқын өкпені,
Ғайбаттама ешкімді де. Бұл да иманның өткелі.
* * *
Ізгілікті іс – бәріңнің де жандарыңның қорғаны.
Ал күнәһар болсаң – оған ой-санаңның толғаны.
Күнәларым паш болар деп тұрар ылғи толқып іш,
Оның түбі күндіз-түні үрей менен қорқыныш.
* * *
Сөзімен де, ісімен де ізгілікті ұсынған,
Кім десеңіз – сол болады, әне, нағыз мұсылман.
Ал мұхаджир – ол да Аллаға шын берілген,
сыйынған,
Әрі Алла тыйым салған нәрселерден тыйылған.
* * *
Нені артық десең зекет, ораза мен намаздан,
Артық дер ем – бас тартуы мұсылмандар араздан.
Араздықтың ашық болмас аспаны да, күні де,
Өрши берсе, сол жетеді мұсылмандық түбіне.
* * *
Алданбаңдар, қолға алмаңдар ешнәрсені күдікті,
Еш күмәнсіз, толық сенген іске арнаңдар үмітті.
Ақиқаттан ғана көңіл орнығумен жай табар,
Ал жалғаннан алаң болар және онысы қайталар.
* * *
Сеніп айтқан сырды, яки, еткен затты аманат,
Пайдаланса сөзде тұрмай, жалғандықты қалап ап,
Ерегісте жексұрындық жасаса елде болмаған –
Төрт белгісі осылар ғой мінездің ең оңбаған!
* * *
Еркек – үйде орнатушы тәртіп пенен береке,
Әйел – үйге әкелуші ынтымақ пен мереке.
Бір сөзбенен айтсақ, бәрі бір нәрсеге жауапты,
Білген дұрыс балалар да обал менен сауапты.
* * *
Туады күн әркімдер-ақ ұмтылатын билікке,
Бірақ абай болыңдаршы, көзсіздікпен килікпе.
Өйтсең, өзің қор боласың, құмығады үнің де,
Алла алдында тұрғаныңда қияметтің күнінде.
* * *
Қазылардың үш түрі бар: баратыны жұмаққа –
Шынға жетіп әділ үкім шығарады. Бірақ та
екіншісі шындықты ашып, бір жағына бұрады,
Үшінші – үстірт. Тозақ болмақ соңғы екеудің тұрағы.
* * *
Ақырзаман боларында: жайлар жаппай надандық,
Зинақорлық, маскүнемдік, үстем болар арамдық,
Әйелдердің саны еркектен елу есе асады,
Дүниені бірте-бірте қараңғылық басады.
* * *
Бір Аллаға, қияметке сенген пенде үнемі
айтады тек жақсы сөзін не үндемей жүреді.
Оның әппақ пейіліне риза болар қонағы,
Көршісі де көңіліне әбден тәнті болады.
* * *
Қайнап кетіп, сыртқа теуіп шыққан кезде ішкі егес,
Біреуді ұрып құлатқан жан шынтуайтта күшті емес,
Ұмтылмастан ұзыннан өш, алуға кек қысқадан,
Нағыз күшті қысса да ашу өзін-өзі ұстаған.

– Ей, Ашаджу Абд әл-Куэйс, Алланың шын құлысың,
Жаның жұмсақ, төзімдісің. Аллаға ұнар бұл ісің.
Қарсы келсін қандай пенде – сен ортақ тіл табасың,
Жұмсақтықпен қатал жанның алғысын да аласың.
* * *
Барыңды сал арылуға сезімінен қызғаныш,
Сезімдердің ең жаманы сол болады былғаныш.
Игі ісіңді өмір бойға өртеп бітер күншілдік,
Қу ағашты жалмағандай жалын тілі. Бұл – шындық.
* * *
Екі аразды жарастырсаң – бұл да сенің садақаң,
Жанға жәрдем қарастырсаң – бұл да сенің садақаң,
Мешіт жаққа қадам бассаң – бұл да сенің садақаң,
Мұсылманмен амандассаң – бұл да сенің садақаң.
* * *
– Ей, мұсылман, бағын оған патшаң болса мұсылман,
Екі етпегін бар әмірін, жолмен жүр ол ұсынған.
Егер жарлық қайшы келсе ақ жолына Алланың,
Бағынбағын, тыңдамағын, тілін патша алмағын.
* * *
Көппен бірге болып көрсе неше түрлі жағдайды,
Ондай құлын Алла өзі жарылқайды, алғайды.
Ал өзінше елден бөлек жүре берсе ақырын,
Алғысынан ұлы Алланың қала бермек мақұрым.
* * *
Пешенеге жазып Алла басқарсын деп халықты,
Билік берсе, ар-ожданмен басқарсын бірқалыпты.
Заңнан, ардан аттаса ол – кеткені де құлап тым,
Өзін түгіл есігін де көре алмайды жұмақтың.
* * *
Дұшпаныңмен жолығуды ешқашан да тілеме,
Ал кездессең ерегісіп, азуды Айға білеме.
Арандама айласына, сабырлы бол, бол салқын,
Дәлелмен айт әр сөзіңді. Болғаны жөн сол салтың.
* * *
Адал болам, бағынам деп маған антын бергендер,
Қызыл сөзге, қызбалыққа сендер онша ермеңдер.
Деген дұрыс ойланып ап:
«Келгенінше шамамның».
Оның мәні – шексіз емес мүмкіндігі адамның.
* * *
Бір мұсылман мұсылманды ғайбат айтып тілдесе,
Бұл – күнәһар дер ем біреу мынау өзі кім десе.
Өмір сүріп ынтымақты, тату-тәтті күн, айсыз,
Соқтығысса – онда оның екеуі де құдайсыз.
* * *
Алла сенің қарамайды пішініңе, түріңе,
Қарамайды дәулетіңе: шағын ба ол, ірі ме.
Қарайды ол жүрегіңе, жүрегіңнің күшіне,
Өйткені, сол бағыт берер сезімімен ісіңе.
* * *
Қос мұсылман қолында боп қылышы мен садағы,
Біреуі өлсе, екеуі де тозақ жаққа барады.
Өлтіргеннің тозақылық болуын ел біледі,
Өлгеннің де еді өлтіру көздегені, тілегі.
* * *
Төгілсін тер, қайыссын бел, жүрген дұрыс шыдап та,
Сүйген құлын салады Алла өмір бойы сынаққа.
Одан өткен абыроймен рахатқа батады.,
Тайсақтаса, оны соғар Жаратушы қаһары.
* * *
Ешбір пенде тілемесін өз басына ерте өлім,
Жақсы адамның ұзақ ғұмыр өсіреді өркенін.
Жаман үшін ұзарғаны болсын, мейлі, бір күндік,
Тазаруға, түзелуге ол берілген мүмкіндік.
* * *
Келгенменен өз өмірін шын бақытты еткісі,
Екі түрлі мүмкіндікті ескермейді көп кісі:
денсаулығын зақымдайды салғырттыққа түсіп ап,
Құдай берген уақытты етер босқа ысырап.
* * *
Дәйім есте жүрсе Алла – оны танып білесің,
Сонда ғана болмақ сенің жақсылықтан үлесің.
Жақсы күнде ұмытпасаң Жаратушы Алланы,
Қиналғанда анық Оның сені еске алмағы.
Біл: болмайтын нәрсе жатар саған
соқпай жәй қалып,
Болған нәрсе өтпеу керек еді сені айналып.
Біл: пендеге жеңіс келер төзімділік ісімен,
Және, әрине, рухының тегеурінді күшімен.
Сөйтіп қайғы орынына зор қуаныш орнайды,
Жеңілдік кеп, ауыртпалық дейтіндерің болмайды.
* * *
Бір пірәдар Пайғамбарға айтып жайды қайдағы,
Депті: «Кеңес беріңізші өте-мөте пайдалы?»
Алла Өкілі депті сонда: «Ашуға еш берілме».
Анау көңлі көншіместен, білместен не дерін де,
Қайталапты сәлден кейін әлгі берген сауалын.
Пайғамбар да қайталапты толықтырып жауабын:
«Берілмегін ашуға еш. Сабыр қылсаң басылар,
Ал ашумен көп күнәға кеңінен жол ашылар».
* * *
Тұрған кезде қинайды-ау деп Қияметтің азабы,
Жеті түрлі жанға пана болар Алла назары.
Олар, міне:әділ патша қиянатқа бармаған;
Жасөспірім жастық шағын Алла атына арнаған;
Шын иманды жүрмес мешіт есіктерін босқа ашып;
Алла үшін табыстырған жүректерін қос ғашық;
Ер-азамат шақырса да сұлу әрі бай қатын,
Жоламаған, жуытпаған фітнә болар жайға атын;
Жасайтын жан жария етпей,
білдірместен қайырды;
Және Алла десе оңаша жас төгетін пайымды.
* * *
Сотта өзгенің мүлкін алсам деуменен
жан ұшырған-
Біздің үммет бола алмайды, емес мүлде мұсылман.
Қиянатқа барса жауып жазықсызға жаланы,
Ондай пенде мәңгі жайын тек тозақтан табады.
* * *
Кем-кетігін біле тұрып сатып жатқан затының,
Жасырса оны – ойламаған боп шығады ақырын:
ұшырайды міскіндікпен қаһарына Алланың,
Өмір-бақи өтер соның көтерумен салмағын.
* * *
Мерзім берсе жеткілікті борышкер шын жарлыға,
Немесе ол өз қарызын санай салса алдыға,
Онда оған періштелер үлкен сауап жазады,
Қияметте түсер және Жаратушы назары.
* * *
Алла Өкілі мәжіліс қып жиынымен тұрақты
отырғанда біреу келіп, бірден былай сұрапты:
«Ақырзаман қашан болмақ, енді қанша тосамыз?
Соның өзі емес пе екен жәй әншейін бос аңыз?»
«Жоғалғанда адамзатта ұят дейтін оңды ұғым,
Сонда болар, – деді Нәби,- Ақырзаман,
Соңғы Күн».
«Ал ар-ұят, – деді әлгі, – қалайынша жоғалмақ?
Және қайтіп? Айтыңызшы. Жауап күтем
соған нақ».
«Ел билесе оңбағандар ұят деген болмайды,
Әне, сонда сен сұраған Ақырзаман орнайды».
* * *
Елге айтқан өсиетте пайғамбарлар бұрынғы
былай деген: «Ұмытсаңдар ар-ұяттай ұғымды –
не істесең оны істеңдер. Одан нені тапсаң да,
Әр ісіңе кепіл жаның не болады мақшарда?»
* * *
Туысқандар ажыраса бой алдырып кейіске,
Кінәлі жан ешқашан да бола алмайды пейіште.
* * *
Бір-біріңе ешуақытта қызғанышпен қарама,
Жаулық емес, достық болсын өздеріңмен арада.
Бір-біріңмен кездескенде кетпе теріс бұрылып,
Бақталассаң – ол кесапат, алғын тегіс мұны ұғып.
Болғын бауыр бір-біріңмен, ей, Алланың құлдары,
Мұсылмандар туыстығы дұрыс биік тұрмағы.
Шын мұсылман бірін-бірі ешқашанда қорламас,
Пірәдарды жалғандықпен итермейді жолға лас.
Үш қайтара айтам: иман орнығады жүрекке,
Сол жүректен шықпақ керек парасатты тілек те.
* * *
Қияметте алынған соң кінәлі істер сәл аңдап,
Қантөгіске байланысты істер жедел қаралмақ.
* * *
Ей, жас жігіт, саған айтар өсиетім бұл менің:
ешқашанда Ұлы Алланы есте ұстамай жүрмегін.
Ұмытпасаң, Ол да сені ұмытпастан қорғайды,
Қорғаса Алла өз басыңда жаманшылық болмайды.
Сұра Алладан десең жөнін бар нәрсенің білемін,
Не тілесең бәрін-бәрін бір Алладан тілегін.
Күллі ғалам саған жәрдем бермек болып жиылған
дейік, бірақ береді олар нәрсені Алла бұйырған.
Бар дүние саған қас боп, ор болса оның қазғаны,
Болады тек әуел баста Ұлы Алланың жазғаны.
* * *
«Пәктік не?» деп сұрадың сен,
мен мынаны айтамын:
сен әуелі жүрегіңнің жағдаятын байқағын.
Егер жүрек, жаның тыныш, өкінішсіз болса егер,
Ол – пәктіктің нәтижесі. Шындығың да сол сенер.
Ал күнәһар болсаң – деме жан жай тауып тыншиды,
Жүрек симай көкірекке аласұрып ыршиды.
(Жалғасы бар)
* * *
Ұлы Алланың пендесіне жәрдемінің мөлшері –
оның пейіл-ниетіне сай келетін өлшемі.
* * *
Өсиетім: Ұлы Алланың қаһарынан қорқыңдар!
Тіпті, мейлі, құлды басқа шығарса да толқындар,
Шыдамды боп, адалдықпен, арандамай төзіңдер,
Арамзалар айналып кеп өзгені емес, өзін жер.
Кейбіреулер бұл дүниеде қалса ұзақ жүріп тым,
Болар куә көп кесірлі, берекесіз бүліктің.
Жүргін бәрің біздің жолмен, рухтарың сынбасын,
Орындаңдар халифтардың мен үйреткен
суннасын.
Ешкім мүлде тиіспесін қасиетті Құранға,
Біреу сөзін қоспақ болса, оны Алла ұрар да.
Себебі, оның адам сөзі – адастыру, бұрмалау,
Бұрмаламақ жанға дайын Тозақ атты тұр қамау.
* * *
Абдур-Рахман бин Самура, билікке өзің ұмтылма!
Сен әуелі мына сөзді зейін қойып бір тыңда:
өзің тілеп алсаң оны, аласың ба атқара?
Атқармасаң-боп жүрмей ме екі бетің қап-қара.
Егер билік тисе саған өктемдердің еркімен,
Көмектесу керек олар таймаса егер сертінен.
* * *
Жамандықтың үш белгісі байқағанға мыналар:
жарамсыз ат, мініп шықсаң орта жолда тұралар;
нашар әйел мінезі мен қылығы бар құбылған;
қолайсыз үй аңғал-саңғал, әр жерлері бұзылған.
* * *
Өмір сүрсең өте шығар мына жалған фәниде,
Өзіңді ұста жолаушыдай жете алмаған әлі үйге.
* * *
Саудагер өз тауарларын мақтаса бар жанын сап,
Алуға оны мәжбүр болар антқа сенген алымсақ.
Мейлі, тапсын мол ақшаны санайтындай жата қап,
Саудагерге бұйырмайды Ұлы Алладан шапағат.
* * *
Ит сатқанның, жезөкшенің,
балшы-балгер теңгесін,
Алмақ түгіл қолға ұстау да ойларыңа келмесін.
* * *
Табыстырса араздарды өтірікпен алдамшы,
Ондай адам қосылмайды суайттарға жалғаншы.
* * *
Басшы болмай тұрып байқа пайымыңды өзіңнің:
міндетіңді қалай ұғып, қаншалықты сезіндің?
* * *
Адамдарға бере берсең сұрағанын таратып,
Онда алғаның ел өмірін, бүкіл мүлкін талатып.
* * *
Егер сендер мен білгенді біле алсаңдар-еріндер
көп күлкіден көп тиылып, көп жылайтын едіңдер.
***
Абу Мұса Иеменге жұмсауымен Пайғамбар
аттанарда, алмақ болып бағыт-бағдар жайдан бар
депті: «Ол ел ұнататын көрінеді шарапты,
Әсіресе, әл – Бит пенен әл – Мизрді қалапты.
Бірі балдан, екіншісі жасалған соң арпадан,
Ішпей оны болмайды екен ешбір жиын тарқаған.
Біз де ішсек?..» Деді Нәби: «Ойдан шығар ондайды,
Ішкіліктің ешбір түрін ішуіңе болмайды».
* * *
Үмметімнің қателігін, ұмытқанын, бұларға
мәжбүр еткен істі кешер мен үшін де Ұлы Алла.
* * *
Бақ-дәулеті, түр-түсі де өз басыңнан көп артық,
Көзің шалса бір пендені алма есіңді жоғалтып.
Көп ойланбай қара тездеп оны көрген көзіңмен,
Кем адамға бар жағынан мына сенің өзіңмен.
* * *
Қай-қайсың да жазатайым қайғы орнаса басыңа,
Өз-өзіңе өлім тілеп, күйректікпен жасыма.
Ал өйтуге шамаң жоқта, атын атап Алланың,
Оған былай мінәжат қып шын көңілден жалбарын:
«Маған өмір жақсы болса, жасауыма өмір бер,
Маған өлім жақсы болса, өмірді ал да өлім бер».
* * *
Жәмиғатты зират жаққа алып өткен өлікті,
Алла Өкілі жолаушылап келе жатып көріпті.
«Кім болды екен? Босаған ба, босатқан ба бұл марқұм?» –
деп, байқаса жұрт көп екен өзін ұқпай тұрған тым.
«Шын иманды болса, – деді түсіндіріп, – осы адам,
Алла алдына барарында бар михнаттан босаған.
Залым болса, өле-өлгенше арылмаса осы аттан,
Онда күллі дүниені бір өзінен босатқан».
* * *
«Шын иманды кім?» десеңдер, былай дер ем бұған мен:
– Өмір кешкен ой-санасы толық сәйкес Құранмен.
* * *
Құдайшыл боп, бұзылмаса өмір бойы әдебі,
Ондай жанның көбісіне ашық жұмақ әлемі.
* * *
Жасамаған үлкенге ізет, қамқоршылық кішіге,
Бізбен бірге бола алмайды. Ол әуелі кісі ме?
* * *
Абу Мұса: «Пайғамбармен қажылыққа сапарда,–
дейді, – аялдап жүрдік жота кез болғанда жапанда.
Оған шығып «Ля ил-ляха ил лялла!» деп бәріміз,
Қосылып ап дауыстадық жеткенінше әліміз.
Сөйтіп тыныш жатқан жерді, аспанды да жаңғырттық.
Алла Өкілі деді сонда: «Бұларыңыз – албырттық.
Бүйтіп салмақ салмау керек тамақ пенен өңешке,
Жалпы, айқайлау керек пе екен зәді керең емеске.
Зікірлерің Жаратушы Ұлы Аллаға арналған,
Жәй айтсаң да Оған жақсы естіледі бар маңнан.
Өйткені, Ол еш күмәнсіз бірге мына бізбенен,
Және Оны таппақ дәйім құлшылық қып іздеген».

Ескерту: Нәзира жырлар негізіне Ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадис­терінің Иман Валерия Порохова аударған орысша нұсқасы алынды.
(Хадисы Пророка. Москва. 2008)

Арғынбай БЕКБОСЫН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button