Жаңалықтар

Ұлы қазақ ұрпағымыз

Тарих тақырыбы қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желілердің бірінде Құралай Шубаева есімді қарапайым қазақ қызы жазып өткендей, тарихи ақиқатқа сусаған қоғам өз өткенін ашып, есіне түсіре алмай, буырқанып жатқанға ұқсайды. Әрине, бодандықтан босаған елдің осындай күйге түсері анық. Қай кезде де өктемдік орнатқан отарлаушы ел қол астындағы бағынышты халықты тамырынан ажыратып, жан-тәнімен өзіне берілгенін, сіңісіп, жоқ болып кеткенін көздейді. Ерте замандардағы құл иеленушілердің малайларын мәңгүртке айналдырып, бұйрықты ғана орындайтын санасыз күйге түсіргені секілді.

Сондықтан да, біз «ата-бабаларымыз батыр болған, мықты болған» дедік, бірақ, соған өзіміз сенбедік. Өткенімізде небір алтын ғасырларды бастан кешкенімізді, әлемге ауыз аштырып, айдай танымал болғанымызды сездік, бірақ, оның тарихын, нақты дәлелдерін білмедік. Сол себепті де, өзімізге пір санап, үлгі-өнеге тұтатын тұлға таппадық. Тарихымызда аты қалған ата-апаларымыз санаулы ғана еді…

Бертінде бәрі біртіндеп ашыла бастады. Біз бәзбіреулер өзімізге жаттатып, санамызға таңып келгендей, жабайы көшпелі халық болмағанымызды біле бастадық. Археолог Зейнолла Самашев айтқандай, тарихта бірен-саран ел болмаса, бірыңғай көшпелі тірлік кешкен халық аз екен. Әр дәуірде климаттың өзгерістеріне байланысты, отырықшылық пен көшпелі салт қатар ұсталып келіпті. Отырықшылық болған соң, әрине, елдімекен, қоныстар, қалалар да болады. Демек, қазақ қала көрмеген халық емес екен. Атам заманнан бұл елдің өз заманына сай өркениеті бар қоныстары болған.

Ең қызығы, антрополог Оразақ Смағұл айтып жүргендей, біздің төрт мың жылдық тарихымыз бар. Осынау кең байтақ қазақ даласын осыдан төрт мың жыл бұрын мекендеген адамдардың сүйектері, антропологиялық зерттеулер нәтижесі бойынша, қазіргі қазақтың болмысымен сәйкестігі дәлелденген. Яғни, қазақтың төрт мың жылдан бері осы өлкені мекендеп келе жатқан, тарихы тереңнен тартылған халық екені белгілі болып отыр. Оны әлем ғалымдары мойындауда.

Ендеше, тарихқа қатысты бір жаңа дерек жариялана қалса, қоғамның қызу талқылап, іліп ала жөнелетіні – заңдылық. Біз – тарихи жады бұрмаланған халықпыз. Өзіміздің өткенімізден адасып, бар дүниелерімізден, тарихи құндылықтарымыздан көз жазып қалған ұрпақпыз.

Қуантатыны, жуырда Мемлекеттік хатшы өткізген үлкен жиында осы мәселені оңғарту алға міндет етіп қойылды. Тарихшыларға әзірге этнос көкжиегін біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығына дейін кеңейту тапсырылды. Кеңестік кезеңде қысымға ұшырап, бүкіл әлеммен байланысы үзілген қазақ халқының бүкіл планетаның осы өңіріндегі алатын орны туралы нақты түсінікті өзгертуге ықпал ету мақсаты қойылды.

Иә, қазақ халқы аяқ астынан ХV ғасырда қалыптаса салмаған екен. Адам баласының сөйлеу тіліне «қазақ» деген ат қосылмай тұрып-ақ, қазіргі қазақ ұлтының қызу тіршілігі, тарихи өмірі жүріп жатқан.

Демек, маңдайына өктем елдерге мәңгілік жалтақтап өту жазбаған, өз жеріне өзі қожа, тарихы бай және Президентіміз айтқандай, «тарихында ұялатын ештеңесі жоқ» ұлы қазақ өкіліміз. Ендеше, өз-өзін іздеп, аласұрған қоғамдағы тарихшыларға артылған жауапкершілік жеңіл емес. Ал, «мен қазақпын» дегенді кеудемізді керіп айтпау – біз үшін күнә.

Нәзира БАЙЫРБЕК,
n.bairbek@astana-akshamy.kz

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button