Ұлы шеберлер мұрасы әуеледі
Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұжымдарының Республика күніне арналған «Ұлы шеберлер мұрасы» атты салтанатты концерті және «Шырқа, дауысым» атауымен дәстүрлі ән мен күй кеші өтті.
Алғашқы концертте Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев, Сейдолла Бәйтереков сынды көрнекті қазақ композиторларының танымал шығармалары әуелеп, әйгілі баритон Муслим Магомаевтың репертуарындағы әндер шырқалды. Қ.Жұмакенов атындағы үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен (көркемдік жетекшісі – Никита Почиталин, бас дирижері – Дархан Рахымғалиев) белгілі өнерпаздар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Бибігүл Жанұзақ, Арайлым Рахым, Азамат Жылтыркөзов, Естай Мұқашев, Мәдениет саласының үздіктері Ғайни Жұмашева, Дәурен Төлебаев, Глеб Паныч, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Құралай Мейрамбек, Мұратбек Хайролда, Нематилло Зкруллаев, Парасат Отан, Қадырәлі Құлов, Деспина Мавиди, Асылхан Шалхаров, Хансұлу Әлиманова өнер көрсетті. «Шалқыма» халық би ансамблі (көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абдрасул Есекеев) мың бұралған билерді ұсынды.
Ал «Халық әні» бөлімінің «Шырқа, дауысым» кешінде танымал туындылармен қатар, сирек орындалатын шығармалар орындалды. Атап айтқанда, атақты күйшілер мен композиторлардың шығармалары, Біржан сал, Ақан сері, Нұртуған Кенжеғұлұлы, Манарбек Ержанов, Нұрғиса Тілендиев, Кенен Әзірбаев секілді музыка майталмандарының ән-термелері орындалды. Сахна төрінде Жандос Иманбай, Айнұр Қонысбаева, Өзгеріс Шерікбай, Алуа Қалымбекова, Нұрайым Ерталапқызы, Айдос Оңғарбай және «Сарыарқа» халық музыка ансамблі өнер көрсетті.
Аманғали Қалжанов