Басты ақпарат

Ұлы ту

(«Семсер жүзіндегі серт» роман трилогиясынан үзінді)

Ондаған поэзиялық және прозалық кітаптардың, бірнеше романның авторы, қарымды қаламгер Әділбек Ыбырайымұлы тынымсыз шығармашылық еңбектің үстінде келеді. Ол соңғы бес жыл уақытын жұмсаған Кенесары хан, Сыздық сұлтан жайындағы «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясының таяуда нүктесін қойды. Қазақ елінің Тәуелсіздік жолындағы арпалысын суреттейтін шығарма, бұйырса, кітап болып қалың оқырманның қолына тие жатар. Әзірше жаңа туындының биыл туғанына 220 жыл, ал мерт болғанына 175 жыл толатын азаттық аңсаған Кенесары ханның Ақмола бекінісіне қатысты тарихын қозғайтын шағын үзіндісін жұртшылық назарына ұсынғанды жөн санадық.

[smartslider3 slider=2635]

Ақ патшаның жендеттерімен шайқасып, бойлары үйрене бастаған қолды сұлтан енді, Ақмола дуанына бұруды ойлады. Бұлай бекінгені – бұл аймақ хан-төрелердің құтты қонысы болғандығы емес, дүниені дүр сілкіндірген дешті қыпшақ елінің қара шаңырағы еді. Әуелгісін қозғамай берісін айтқанда, қазақ хандығының қасиетті мекені. Сондықтан оны дұшпан аяғына таптатып, жаттың ырқында қалдыруды жөн көрмеді. Ойын кеңес шақырып, келеге салды.

– Ақмола дуанының кірепісі болып тұрған Қараөткелге өрт саламын, патша бекінісін ойрандап, елді азат етемін. Бұған не ақыл бересіздер? – деді Кенесары сұлтан төңірегіне бажайлай назар жүгіртіп, қызыл-жасыл көздері тұтана. Үстіндегі полковниктік эполеті бар қоңыр барқыт бешпеттің белі кемермен қынай буылған. Тақыр басы, өткір жанары, шоқша сақалы өңін сұстандырып, айбынын сыртқа тасытады.

Сұлтанның артында ту ұстау­шысы Аңғал батыр жасыл байрақты әуелете, қалшия қатып қалған. Кенесарының қалыптасқан қағидасы – байрақ көтерген батырын қасынан тастамайды, ерге қонса да өзі алда жүріп, ол соңынан ілесіп отырады. Бүгінгі жиында да дәл жанында тұр.

– «Орыс та болмаймыз, болыс та болмаймыз» деп, өзіңе қосылып отырмыз. Есіл мен Нұраның арасындағы Тайтөбе қада қаққан жерім еді, патшаны арқа тұтқан Қоңырқұлжаның ызасы өтіп барады. Бекінісінің тұқылын қалдырмай өртеп жіберуге бармын. – Суыр бөрікті Азынабай байсалды қалпын жоғалтпай, нығарлай сөйледі.

– Бәріміздің көксегеніміз – сол! Жиналып ап үйіріліп отырғаннан не шығады? Баста бұқараңды, Қараөткелді өртке орасақ, орайық! – Қуандықтың Басықара батыры құлшына қолдады.

Қыжылы тасқан жұрт өре түрегеліп, бірден қуаттай ширыға жөнелді.

… Қазақ арасында «Жаңа низамның» пәрменін асырып, патшалық империяның ықпалын күшейту үшін 1832 жылы 22 тамызда Ақмола дуаны ашылды. Ол орыс ұлығының қатысуымен Қосшының батысындағы Тайтөбеде салтанатты рәсіммен жарияланды. Қоңыр дөңнің қапталына тізіле киіз үйлер тігіліп, той түтіні будақтады. Жота үстінде Абылай ордасының бас биі болған қыпшақ Нияздың кесенесі тұрды. Оның іргесі биік, сырты ақ таспен қапталған. Ел аузында «Ақмола» атанатын. Бұрынғы игі-жақсыны қадірлейтін қазақтың мінезін меңгерген орыстар дуанның ашылуын кесененің іргесінде өткізіп, атын «Ақмола» деп жариялады. Сөйтсе, кең қолтық жұрт ыңғайларына көне беретіндей көрінген.

Дуанның аға сұлтаны болып, тоқішектей домбиған Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы сайланды. Оның шашпауын көтеріп тоқа, тінәлі, қаракесек, төртуыл, ораз темеш, бөрші, айтқожа, тама, алшын-жағалбайлы, алтай, тарақты, қарпық рулары мекендейтін өңірлердің болыс­тары жамырай жеткен. Мұрты едірейіп, қылышы қайқайған ақ патшаның сұқсырлары қатысқан тойдан сый-сияпаттарын алып, атшабысын қызықтап, сән-салтанаттарымен елдеріне қайтты.

Әуелгіде Тайтөбеде ашылған Ақмола приказы көп ұзамай елдің көңіліне қонбады. Жерді жайлап, елді иектеген шабармандар мен поштабайлар еркімен жайылған малды үркітіп, маң даланың құтын қашырды. Бұл – босағасына он бес мың жылқы біткен әрі жердің негізгі бөлігін иеленетін Азынабай байдың қос ұлы Сейтен мен Тайжанның қолайына жақпады. «Бірер жылда патша мұнда солдат тұратын кірепіс салады екен» деген хабарды естігеннен кейін-ақ олар аға сұлтан Қоңырқұлжамен ұстасты. Нұра жағасынан ақ патшаның өктемдігін жүргізетін бекініс тұрғызуға қарсылық жасады. Осы теке-тірестің түбі қайыры болмасын ұғып, Қоңырқұлжа дуан орталығын Қараөткелге қарай көшіруге Қызылжардан келісім алды.

Ақырында дуан Тайтөбеден Қараөткелге қоныс аударатын болып, Есілдің оң жағасынан патша приказына жайлы орын іздестірілді. Бұл мәселені тиянақты шешу атаман подполковник Шубинге табысталған еді. Ол Қоңырқұлжаның көрсетуімен қала салатын жермен толық танысқан соң, Омбы облысының бастығы генерал-лейтенант де Сент-Лоранға баянатын жолдады. «Таңдап алынған орын Есіл өзенінің жиегінде, қоныс – көктем уақытындағы су тасқынынан қауіпсіз. Ол жерге қазыналық ғимараттарды кеңінен орналас­тыруға қолайлы әрі қатынасқа да тиімді  – іргесінен күрежол өтеді. Онымен Бұхара, Ташкент, Қоқан, Жетісу және Азияның өзге де иелігінен саудагерлер Петропавлға керуен тартып, ағылып жатады. Керуендер біз таңдаған тұстан, шамамен, төрт верст аулақтағы Қараөткел иініне тоқтайды. Олар бұл жерде бірер жұма, кейде айға жуық бөгеліп, бірімен-бірі тауар алмасады. Бірқатары әкелген бұйымдарын сатып, елдеріне қайтады» деп жазды.

Қараөткел – Есілдің жайыла ағып, қайраңдаған тұсы. Өткел мен орыстар салған бекіністің батыс қапталында Шұбардың жары жатыр. Дуан орталығын көтеруге келген инженер-подпоручик Попов құрылыс бастамай тұрып, бірнеше ерекшеліктерге мән берді. Әуелі, өзен тасығанда үйлерге су жайылмауы тиіс, сондықтан бекіністі жобалағанда Есілдің дәл ернеуіне іргетасын қаламады. Әрі, Шұбардың жар қабағын сырттан қатер төнсе, жаудан қорғануға ыңғайлы табиғи қалқан болуын қарастырды. Сондай-ақ қала – өткелден әрі-бері ағылатын жүргіншілердің аяғының астында қалмайтындай, үйлерді жағалаудан сәл алшақ салуды межеледі. Алайда өткелдегі сауданы бақылауда ұстау жайын да қаперден шығармады. Құрылысшылар оңтүстік-батыс жағынан көлбей қоршаған Ащыөзектің де тигізер пайдасын, мүмкіндігі келгенше кәдеге жаратуға тырысты.

Бүгінде іргесі дуалмен қоршалған, сырттан жау маңына таянбасын деп, айналдыра терең де енді ор қазылған Ақмола патша басқыншыларының үлкен бекінісіне, іргелі қаласына айналған…

Қараөткелге қатысты осы бір дүрбелең оқиға лезде сұлтанның санасында жүгіріп өтті. Сосын мысасына мініп, айбынын сыртына салған ер-азаматтардың есені ешкімге жібермеу керектігін тепсіне айтқанын көкейіне түйді. Бұған дейін Кенесары былтыр жасауыл Чириковтың жазалаушы жендеттерден құралған жасағын жәукемдеді. Ізіне түскен жүзбасы Симоновтың «сайыпқырандарын» соңынан көз көрімнен ілестіріп, бетпаққа апарып, шөлге қамады. Таяуда ғана Рытовтың отрядын талқандады. Қазіргі уақытта Ақмола, Қарқаралы және Баянауыл өкірігінің аумағы қоластына қарады. Бұдан кейін-ақ бытырап жүрген қазақ жасақтары Кенесарының жасыл байрағының түбінен табылды.

Халықтың қолдауымен әжептәуір әлеуетке ие болған дала сардары ойлана келе көктемде Батыс Сібір губернаторы княз Горчаковқа елші аттандырған. Олардың қолында ақ патшаның тірлігіне наразылық білдірілген арнайы хаты бар еді. Сұлтан орыстық ақ патша басқыншыларынан қазақ даласындағы Ақмола сияқты бекініс­терді жоюды, күшпен алынған жайылымдарды қайтаруды талап етті. Бірақ отаршылықты көксеген өктем казак-орыстың жендеттері елшілерді орта жолда ұстап алып, айуандықпен өлтірді. Осыдан кейін қаһарына мінген Кенесары патшаға қарсы тіпті қатулана шүйлікті.

Әскерінің басын құрап, дайындықтан өткізіп ап, 1838-інші жылғы мамырдың аяғында Ақмола бекінісіне бет түзеді. Кенесары қолы қаржас ауылдары арқылы, Шорманның Қаракөлін жағалай аяңдады. Жолай Абылай хан ордасында төбе би болған Нияз тауларының баурайын жағалады. Есіл өзені бастауын осы таулардан алады. Кенесары көтерілісін қолдаған қаржас Азынабайдың Сейтен, Тайжан деген балаларының жері – Есілдің бойындағы «Жалғызағаш». Ол жаттың иелігіне өтіп кетіп отыр.

Кенесары қолына қаржас жұртының жігіттері көптеп ілесті. Ел дүрлігіп, дүние азан-қазан. Түз даланы кезіп, ұрын жүрген казактардың көзіне түсіп қалмас үшін түн жамылып жылжуды ұйғарған. Таң қылаң берген уақытта қолды ыңғайлы тұсқа тоқтатып, кірпік айқастырып алуды жөн көрді. Кенесары сыпайлардың арасынан рубасылары мен бас көтерерлерін жинап ап, жорық кеңесін өткізді.

– Ақмола қаласына жақындадық, менің ойым қаланы шауып, аға сұлтан Қоңырқұлжаның басын алу. Сендер өз ойларыңды айтыңдар, – деді сұлтан. Оның қатқыл үні маңайындағылардың жігерін жаныды.

– Патшаның жәреукесіне айналып, қазаққа қастық ойлаған жауыздың көзін жойып құтылмасақ, құтылмаймыз. – Сұңғақ бойлы, беті жалпақтау біткен, селдір мұрты бар Таманың Танаш батыры көкейіндегісін бүкпеді.

– Олай болса, әскерді үшке бөлеміз. Бірінші қол бекініске Қызылжар жақтан қатынайтын жолмен келіп тиюі тиіс. Ол жасаққа Ағыбай батыр қолбасылық етеді.

Сұлтан мойнын созып, иегі жып-жылтыр көсе досына қарады.

Ағыбай басын иіп, оң қолын кеудесіне қойды.

– Екінші қолды Басықара батыр бастап барады. Жанындағы ақылманы боп, өзінің үзеңгілес досы таманың Танаш батыры ереді. Бұл жігіттер Қараөткелге шығыс бетінен соққы беруі керек.

– Жөн, алдияр!

– Ал негізгі әскер – менің жанымда болады. Оны «Ұлы ту» деп атағанды құп көріп отырмын. Біз Есіл өзенін бойлай кеп, кірепістің түстік-шығыс жағынан атой саламыз.

Осы бәтуамен батырлар бел шешіп, аяқ суытуға бет алды. Құс ұйқылы қырандар бірер сағат көз шырымын алғанға сергек оянды. Кенесары түнгі сабылған жүрістен тыныққан адам мен малды ілгерлетіп жіберді де, сарбаздарды сапқа тұрғызды. Қолды үшке бөліп, бекіткен адамдарына тапсырып, атой салар бағытына аттандырды. Өзі көшкен лектің артынан жөнелді. Сұлтанның соңынан ерген елдің көпшілігі осында, түп көтеріле жылжыған қаржас руы да осы «Ұлы туға» ұйысты. Өйткені әуелгі алған беттері Есіл мен Нұраның арасындағы – Тайтөбе.

Саусылдай жүрген көш Есілге Ақмоланың оңтүстік батысында жатқан «Қуандықтың өткелінен» келіп түсті. Қуандық Басықара батырдың аталары еді. Қала мен екі ара, шамамен, он-он бес шақырым. Қанатының астын паналаған бейбіт елді сұлтан осы өткелден өткізіп, Қосшыға қарай алып кетпек ниетте. Ар жағында Тайтөбе тиіп тұр. Өздері казак-орыс жасағымен ұрысқа кіргенде, халықты майдан даласынан неғұрлым алыс ұстағысы келді.

Шеру тартқан ұбақ-шұбақ лек өткелдің иінді өзегіне ойыс­ты. Айдаған ірілі-ұсақты мал, тең артқан жылқы мен түйе, қойшы-жалшы, кәрі-құртаң, бала-шаға өтіп болғанша бірқыдыру уақыт кетті. «Тайтөбе бұрынғы бекініс болған соң, бір қатердің жатуы ықтимал-ау» деп қорытқан сұлтан, әуелі сол жақты шолып қайтпаққа шағын төлеңгіттерімен ілгері оза берді. Жол-жөнекей сөдегей-солпы жүрген ешкім кезіге қоймады, Кене Тайтөбенің жотасына көтерілгенде төменнен бір сарқылшықты аңдап қалды. Дереу сұлтан әкесі Қасым төренің табыстаған атасы Абылай ханның құлдыр мамай түрке мылтығын тақымынан суырып ап, қарауылшыны атып өлтірді.

Ел-жұртты жайғастырған соң, «Қуандық өткеліне» қайтып оралды. Жауға шабар негізгі жасақ осында бөгелген. Жар жағалата салынған үйлер, шұбырған барақтар иесіз қалыпты. «Кірепістегілердің көңілі осылай аусын, ту сыртындағы екі бөлек қолды мейлінше аңдай қоймасын» деп, әлгілерге әдейі от қойды. Есілді жағалай біткен ағаштарға да шалық тиіп, қалың бұтақ қаулай тұтанды. Сырт қарағанда өзен жанып жатқандай көрінді.

Иінтіресе өскен ағашы өртеніп біткен жағалаудың жары күлге көміліп, жалаңаш қалды. Содан кейін ел «Қуандық өткелін» қойып, «Күйген жар» атап кетті.

Құр атқа мінген «Ұлы тудағы» сарбаздар, өзенді бойлай бекініске қарай бет бұрды. Қараөткелге қозы көш жер қалғанда алдыларынан атылған мылтық найзағайдай шартылдап, күндей күркіреді. Бұқпантайлап шеп құрған патша әскерінің қаралдысы байқалды. Бекіністі қорғаушылар көтерілісшілерді қалаға жақындатпаудың амалын қарастырған екен. Алыстан тарсылдаған отты қарудың үнінен қаймықпай Наурызбай бастаған жауынгерлер оң кемерге өтіп, олар да шеп құрап бөгелді.

Тосыннан түтін көрінгенде-ақ бір бәленің таянғанын біліп, бекіністің ішіндегі казак-орыстар үріккен қойдай ұйлыққан. Сол сәтте аттарын қан сорпа етіп екі шабарман, бір казактың жау қолынан қарауылға ілінгенін жеткізді. Мұны естіген жасауыл Чириков екі көзі атыздай болып, абдырай айқайлады.

– Эскадрилья! Атты эскадрильяны қамдаңдар! Жаудың алдына тосқауыл қойсын! – Былтырғы сазайын тартқаны жадында, тамағы қарлыға байбаламдады.

Сапырылыс, айқай-ұйқай, қайшалыс басталды да жөнелді. Қылыштары тобығын қаққан жасақ атқораларға жүгіріп, жалма-жан ерге қонды.

Тоқішектей күржиген Қоңыр­құлжа да Чириковтың жанында еді, осы күнге дейін жәреукеленіп шауып жүрсе де оған сенбей:

– Кудаймендина в камеру, живо, закройте! – деді сұқ саусағымен нұсқай көрсетіп. Заматында аға сұлтанды екі жендет екі жағынан алып, казармаға қарай дедектете жөнелді.

– Ұлық мырза, мынауыңыз не? – Ештеңені ұқпай семіз ісектей барқырады.

– Сізге қатер төнбесін деп… – Жетелеген жендеттің біреуі жуып-шайды.

– Менің боз арғымағыма мініп, біреуің шұғыл Қызылжарға әскербасына шабыңдар! – деді Қоңырқұлжа.

Кенесары қолы таянғанда қамалдың ішіндегілер топалаң тигендей болып жатты. Дереу бір казак Қоңырқұлжаның боз арғымағына мініп, солтүстікке қарай ұры жымдармен жөнелді. Әлгі атжалман таң ата Қызылжарға барыпты. Екі ара бес жүз шақырымға жуық жер еді.

Бекініске күншығыстан тиген Басығара батыр жасағының алдынан да салт атты солдаттар қарсы шығып, биік жотаның үстінен оқ жаудырды. Ұңғысынан заһар шашқан мылтық ілгері аттап бастырмай қойған соң, Басықара жігіттеріне жау­ға қарсы дүрк көтеріліп, лап беріп шабуды тапсырды. Өзі алдыға түсіп, адырға қарай тізгінін жіберді. Ажалға тура ат қойған батыр дөңеске барғанда қарауылға ілінді. Соңынан ілескен қол бытырап, қырдан қайта төмен ойысты. Діңкені құртқанда қазақ жігіттерінің қолындағы мылтықтың оғы нысанаға жетпей, орыстардыкі алыстан дөп тиіп жатты.

Бұл адыр – Бидайықты деген қоңыр бел. Басықара әлгі төбеде жантәсілім етті. Қимас досының жау оғынан опат боп, қан майданда қалып бара жатқанын көріп Танаш батыр:

– Өлсем өлейін, Басығарамен сүйегім бір жерде қалсын! – деп, қалың жауға қарай аттың басын тура жіберді. Мына көзсіз ерлікке шошынып қалған аузы түкті кәпірлер жанталаса гүрсілдете оқ атты. Соған қарамай жотаға шығып, досының сүйегін жерден іліп ап, алдына өңгеріп әкелді. Дүлей батырлықты естігенде Кенесары сұлтан: «Дос болсаң тама Танаш батырмен дос бол!» деді сүйініп. Бұл сөз ұзақ уақыт жұрт аузында мәтелге айналып жүрді.

Басығара батырдың өлгенін естіген Кенесары сұлтан шығыс тараптағы жасаққа шұғыл Наурызбайды жөнелтті. Оның орнына енді «Ұлы туға» Тайжан батыр қолбасылық етті.

Ақмола бекінісіне ту сыртынан тиген Ағыбай жасағының жолы біршама оңғарылды. Қатердің теріскейден төнетінін қаперлемесе керек, алдарынан мылтықтарын тарсылдатып жау әскері шықпады. Қамшылар жақ қапталдан оншақты салт аттының қаралдысы байқалды. Жүрістері ширақ, жағалары жайлауда, ауыл аралаған серілер іспетті. Бұл – Қызылжарға поштаны жеткізіп, жайбарақат қайтып келе жатқан урядник Пириденов еді. Қасында қаумалаған сегіз нөкері бар. Темекінің түтініне елти, трубкасын бұрқ еткізіп қойып, ер үстінде шайқалады. Кенет, тұтқиылдан түз тағылары тарпа бас салды. Қиқудан әп-сәтте ес жиып, тізгінді жіберді. Оларды түре қуған қазақ сыпайлары Ақмола бекінісінің іргесіне таянғанша семсер сілтеп, бәрін жамсатып бітті. Қызыл жағал қалпақ киген жасағын дуалдың ішіндегі казактардың көз алдында жусатып салды. Әсіресе урядниктің жаны тәтті ме, елден ерекше сасай текедей бақырды. Бекіністің қорғаушыларына арқан бойы жер қалғанда Ақлақпен ағыза қуып жеткен Ағыбайдың алмас қылышы жарқ етті де, казактың қолқасынан қара қан атқалақтады. Оның жанұшыра айқайлаған үні қамалдағылардың төбе құйқаларын шымырлатып, бойларына үрей үйірді. Онысыз да қыпылдап, жаны мұрнының ұшында тұрған Ақмола отрядының басшысы жасауыл Чириковтің тіпті дегбірі қалмады. Қорғанның ішіндегі әйелдерді «жаудан қорғай көр» дегізіп, құдай тағалаға жалбарындырып, дұға оқытқызып қойды. Өзі қалтырап, бөлмесінде үрейі ұшып отырды.

Сыртқа екі эскадрилья атты солдат шығарылғанымен кірепстің ішінде жүзден астам қарулы казак-әскері және олардан бөлек қарулы қызметкерлер бар еді. Бәрі шыбын жандарын шүберекке түйіп, бір сәт дүниеден безе баз кешті.

Қоқиланып сыртқа ұм­тылған салт аттылар ымырт үйіріле ығысып кеп, қақпаларына тығылды. Өйткені жан-жақтан қоршауға алынғандарын білді. Қаруы болса да ашық алаңқайда қалуға қорықты. Оларды қайта ұясына кіргізбей қақпалап қалуға мүмкіндік болмады. Дүбінген қазақтың жігіттері бекініске таянып кеп тоқтады.

Бұл кезде қас та қарайған. Түнде сұлтан күзетті күшейтіп, аттарын сарбаздардың жанында ұстатты. Орыстардың құты қашып ала таңға тыным таппады. Түз түлейлері де айла, амал іздеп аласұрды. Барлаушылар дуалды айнала қазылған ордың қақпаның тұсында ғана өткелдері бар екенін анықтады, қоршаудың өзге маңынан өте алмайды – терең әрі енді. Мұны білген Кене қараңғылықты пайдаланып, мылтықпен қаруланған әскерін ордың арғы бетіне біртіндеп жаяу өтіп, дуалды іргесінен айнала қоршауға бұйырды. Өзге қол жарық түсісімен атой салып қамалға шабуылдады. Алдыңғы лек шапқан қалпы таяу қалғанда оқ атып, кері бұрылып кетті. Екінші лек те тура осыны қайталады. Жебенің ұшы майға суарылып, от қойылған еді. Үздіксіз шабуылдаған үшінші лек те жалыны бар жебе жаудырды. Дуалдың кейбір тұстары түтіндей бастады. Бір кезде қоршау­дың іргесінде жүрген жаяу әскер қақпаны шалқасынан ашып, дарбазаның аузында атыс салды. Осы тұста сырттан оқ жаудыра атойлаған салт аттылар легі шұбырған қалпы бекініске бір-ақ кірді. Соңдарынан «Абылайлап» жер қайыстырған қол да лап қойды. Шығыс жақтан Наурызбай, солтүстіктен Ағыбай батырдың сайып­қырандары тасқан судай жөңкіді. Олардың анталаған арындарынан-ақ казактардың жүрегі тарсылдап, тізесі қалтырады.

Қаланың ішінде тағы да қоршау бар екен. Жаны тәтті әбілеттер әлгі тосқауылдың ар жағына бой жасырып үлгеріп, мылтықтарын тарс-гүрс еткізеді. Тама Танаш батыр шапанын майға бұлғап-бұлғап алып, бір шетін отқа шалдырып, найзасының ұшымен көтеріп барып қақпаның арғы бетіне атып жіберді. Борап тұрған оқты керек қылмады. Ізінше соңындағы сарбаздары да отқа тез жанатын бұйымдарға шала тигізіп, апарып тастай берді. Бекіністің іргесі от шалған қаудай лап етіп, дүркірей жөнелді. Бақырған-шақырған әлдекімдердің үні тұншыға шығып жатты. Сол жолы тілмаш А.Чанышев, урядник А.Морожников, казактар ­­­­       П.Таңатаров пен И.Алексиев­с­кий өртеніп өлді. Ал ағаш үйлер демде оттың қызыл тіліне оранды.

Шабуылшылар бие сауым уақытта қаланы алды, ішкі қамал да қақпасы ашылып қолдарына өтті. Тек казак-­орыс әскерлерінің бас панасы – казарма ырықтарына көнбеді. Жасауылдан тартып, аузы түкті орыстар казармаға тығылып, айнала оқ боратып жатыр. Әлгіндегідей шапанды тұтатып лақтыратын жер емес, ашық алаңқайға оқшау орналасқан үлкен үй – адам жуытпайды. Қылтиған бас­ты қағып түсіреді. Араның ұясындай бәлені алыстан бағып, қазақ сыпайлары бекініс­тегі қалқайған нәрселерді қиратты, үйлерге от қойды. Қала тұрғындары әскер мен әскерилерге қызмет ететін арнайы адамдар тәрізді көрінді. Тұяққа қыр­ды, тек екі орысты ғана тірідей тұтқындап, Қараөткелден әрі өткізіп әкетті. Қолдарына түскен кәдеге жарар нәрселерді тастамады. Ат қорадағы жылқыларды ер-тұрманымен біреуін де қалдырмай айдап шықты. Сосын қол Кенесарының пәрменімен от-жалын шарпып, қолқаны қауып түтіндеген ысты бекіністен Есілге қарай кейін серпілді.

Кешегідей қоқыраңдап соңдарынан әскер түсе алмады. Қандыбалақ құзғындар қаруларымен казармада қалды. Әйткенмен қырағы көздері көтерілісшілердің түтіні будақтаған бекіністен аулағырақ кеткенін аңдады. Дереу жасауыл Чириков өзі тұтқындатқан Қоңырқұлжаны босатуға пәрмен етті.

Түні бойы зәре-құты қалмаған аға сұлтан табалдырықтан тысқа аттап басқанда көзі апалақтап, қиямет-қайым­ға ұшыраған қаланың орнына қарай берді. Тұс-тұста будақтаған қою түтін, қап-қара күл, өкпені қапқан ыс… әр-әр жерде сұлап жатқан өлген адамдар, тірі пенде жоқ. Мынаны көріп, бір сәт тілінен айрылды. Сосын көзі атыздай боп жасауыл екеуі ши-қияқты паналап, еліне қарай жаяу­-жалпылай тайып отырды.

Кең далаға шығып, Кенесары нөкерлерімен ат үстінде сөйлесті.

– Бүгінше қаланы қоршау­да ұстаңдар, өртеніп бітсін. Жауыздарды ұясында тұншықтырайық, ешкімді шығармаңдар. Казармадан атылып жатқан оққа қарсы жылқыны саламыз, Қоңырқұлжаның табынын айдап әкеліңдер, – деді Наурызбайға.

Ертеңінде он екі мың жылқыны үш жүз сарбаз қуып әкеп, өртеңге айналған шәріні жермен-жексен етіп, жайпап өтті. Түз даладан басқа ештеңе көрмеген жабайы жануарлар көздері шатынап, алдындағыларын жапыра жөңкілді. Орыстардың атқан оқтары нысанаға тимей абдырады. Кісінеген, шыңғырған, омақаса жығылған жануарлар. Табынның қалқасымен барып, жырынды жасақ казармаға жан-жағынан от қойды. Ініне түтін салған түлкідей жауыздардың өздері сыртқа атып шығып, тағы жылқының тұяғына тапталды. Кейбіреуі заматында оққа ұшты. Қайсыбірі сол жанған үймен қоса өртенді. Сөйтіп, ет асым уақыттың шамасында патша сарбаздарының бәрінің көзін жойды.

– Қоңырқұлжа қайда?

– Жасауыл қайда?

Үшті күйлі.

– Ал, жігіттер! – деді Кенесары саңқылдаған үнімен көзі ұшқындап, – дешті қыпшақ даласының орталығы, кешегі Абылай ханның айбыны болған Ақмоланы жаудан азат еттік. Дәл осы жерге атамның туын қайта тіксем деп едім, Алла дегеніме жеткізді, шүкір! Содан кейін негізгі қолды «Ұлы ту» деп атағам. Ұлы туды ұлы мұратқа жету үшін осында қадаймын!

Аңғал батыр буырыл атын тебініп кеп, байрақты Кенесарыға ұстатты. Абылайдың ақ туы ақбоз арғымаққа мінген сұлтанның қолында желбіреді. Қап-қара өртенген үйлердің ортасында әппақ ту әуелей көтерілді.

– Аруақ, аруақ!

– Алла жар! Алла жар!

– Абылай! Абылай!

– Ақсарбас! Ақсарбас!

Көңілдеріне жел бітіп, ұран шақырған қол жазық далаға қарай бет алды. Әуелі шейіт болған үш жүзге жуық үзеңгілестерін Қараөткел қабірстанында жер қойнына берді. Сосын со беті олар қотарыла күзге дейін орыс­тардың ыңғайына жығылған сұлтандардың ауылын шауып, өздерін жазалап, малдарын айдап әкетіп отырды. Бекеттер мен приказдарға шабуылдап, орыстың ұясын талқандады. Қоңыр күз түсе Кенесары ауылдары Торғай мен Ырғыз бойына қарай ығыса көшті.

Таяу маңдағы орыс тып-типыл қырылған соң олар қайта айналып оралмайтындай көрінгендіктен Тайжан мен Сейтен Нұра өзеніндегі қонысында қалған. Казактардың бес жүз жендеті бір түнде ұйлығысып кеп үстілерінен басты. Кенесарыға ергендері үшін ауылын шауып, екеуін байлап-матап Ақмолаға алып келді. Тайжанды өртенген қара ағаштың тұқылына таңып, сап түзеген он екі солдатқа атқызып өлтіртті. Сейтенді он сегіз жыл каторгіге кесіп, Сібірге айдатты.

 Қазақ даласына жер аударылып келген поляк ақыны Адольф Янушкевич әлгі оқиғадан соң араға бес-алты жыл салып, «Ақмола – ұлы даланың болашақ астанасы» деген сөзін қағазға түсірді.

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,

«Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button