Ұлы жазушыға ескерткіш ашылды
28 қыркүйекте Астанада ұлы жазушы, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің еңселі ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. Ескерткішті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен жазушының туысы Диар Қонаев ашты.
Салтанатты рәсімге Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары қатысты. Мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхамбетов жасаған сәулет өнерінің ғажайып туындысы елордамыздағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының алдында орнатылды. Монументтің биіктігі 9 метр, 30 сантиметрді құрайды, мүсін қола мен граниттен жасалған, оның биіктігі 4 метрге жетеді.
Ерлан Қарин жиналған жұртқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Мұхтар Әуезов – ұлт руханиятында айрықша орны бар ұлы жазушы. Ол шығармаларында халқымыздың бітім-болмысы мен тыныс-тіршілігін шебер суреттеді. Қаламгердің теңдессіз туындыларынан ана тіліміздің байлығы мен төл өркениетіміздің тереңдігі айқын көрінеді. Шын мәнінде, жұртымыздың жан дүниесін білгісі келген адам ең алдымен Әуезовті оқуы керек» делінген құттықтау хаттың мәтінінде.
Сәл шегініс жасасақ, Астанада заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов ескерткішінің жоғын айтып, бастама көтерген – «Астана ақшамы» газеті. Былтыр басылымның бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Қыдырдың «Ұлы тұлға ел төрінде тұрса…» (№132 (4565), 7 қараша, 2023 жыл) атты мақаласы газетке шықты. Мақала жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – баспасөз қызметінің басшысы Берік Уәли газет көтерген мәселені Мемлекет басшысының назарына жеткізіп, іске асуына себепкер болғанын айтуымыз керек. Басылымда көтерілген өзекті мәселеге Мемлекет басшысы бірден үн қосып, бас қалада ұлы жазушыны тұғырына қондыруға тапсырма берді. Осылайша ұлттық әдебиетіміз бен руханиятымызға өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның еңселі бейнесі елорданың ең көрікті жерлерінің бірінен бой көтерді.