Қоғам

«Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі»

Жеңістің 80 жылдығына орай Астанадағы ҚР Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейінде «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты халықаралық сурет көрмесі ашылды. Көрмеге Қазақстан, Қырғызстан, Ресейдің майталман суретшілерінің 100-ге жуық туындылары қойылған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныбының оқушылары және ЖОО студенттері, еліміздің кәсіпқой суретшілері, Мәжіліс депутаттары және басқа да қоғам өкілдері қатысты. ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейі, Қазақстан Суретшілер одағы мен Қазақстан Сурет академиясы, «Отанға сыйлық» жобасы және «Соғыс балалары» одағы бірлесе ұйымдастырған көрме келешекте Қазақстанның көптеген қалаларында жалғасын табатын үлкен жобаның тұсаукесері болды.

-Көрмеге қойылған картиналарды Қазақстан Суретшілер одағы мен Қазақстан Сурет академиясы жинақтаған. Біз музей тарапынан 15 картина қойдық. Негізгі мақсат – соғыстағы батырлар есімдерін ұлықтау, өнер арқылы жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, музей ісін дамыту. Бұл көрме бір айға жуық уақыт тұрады, келем деушілерге есігіміз ашық, кіру тегін, – дейді аталған музей директоры, ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы директорының орынбасары, майор Дәулет Қадыров.

Көрмеге қатысқаны үшін суретшілер мен бірқатар ұйымдастырушылар арнайы сертификаттармен марапатталды.

-Туындыларға тек соғыс, ұрыс даласындағы шайқас ғана емес, оған дейінгі және одан кейінгі ауыр жылдар, майданнан баласын күткен ана, ауылдағы жағдай, тылдағы еңбек, жандану сияқты абстрактылы тақырыптар арқау болған. Картиналарды кәсіпқой суретшілер салғандықтан олар көбіне кенеп, майлы бояуды қолданған. Бұл соғыстың бүгінгі әрбір қазақстандыққа қатысы бар, көбіміздің аталарымыз, туыстарымыз осы соғыстан оралмай қалды, жаралы, мүгедек болып келді. Сондықтан Жеңістің бүгінгі мерейтойы қарсаңында өткізіліп жатқан халықаралық деңгейдегі көрменің мән-мағынасы зор, – дейді Астана қаласы «Суретшілер одағы» ҚБ Басқарма төрағасы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Көркем Академия академигі, суретші-кескіндемеші Өмірәлі Исмаилов.

Жиын барысында келген қонақтарға елорданың мәдениет саласы қызметкерлерінің әскери-патриоттық тақырыптағы әндері де тарту етілді. Көрме бұдан әрі Алматы, Жамбыл, Қызылорда және басқа да облыстарда жалғасын табады.

Райхан Рахметова

Фото: Оңалхан Өнерхан

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button