Жаңалықтар

ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫ ОТАНДАСТАР ҰЙЫМШЫЛ

IMG-20150427-WA0007

Қазақстан Әнұранымен және Гринвич бойынша таңғы сағат жетіні соққан БигБен қоңырауымен бірге Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы және Солтүстік Ирландия корольдігіндегі елшілігі жанындағы №194 учаскелік сайлау комиссиясы өз жұмысын бастады.

Ұлыбритания астанасының қақ ортасындағы әйгілі Палмел көшесінде орналасқан Қазақстан елшілігінің қызметкерлері сайлауға қатысуға ықылас таныта келгендерді есік алдынан емен-жарқын қарсы алды.
Сайлаушылардың басым көп­шілігі Ұлыбританияда тұрып жатқан қазақ жастары, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша Тұманды Альбионның маңдайалды университеттерінде мамандық игеріп жатқан студенттер сайлауға белсене қатысуда.
Аталмыш учаскелік сайлау ко­миссиясының төрағасы, Ұлы­бри­таниядағы Қазақстан елші­лігі­нің кеңесшісі Ғани Бекенов: «Ұлы­британия аумағында тұратын елі­міздің азаматтары сайлауға учаске­нің ашылу сәтінен ағылып келді.
Әсіресе, британдық университеттерде оқып жатқан қазақ студенттері белсенділік танытуда. Жалпы алғанда, учаскеміздегі сайлау үрдісі тыныш, өте жақсы жағдайда және Қазақстан Респуб­ликасының заңдарына сәйкес өтіп жатыр деуге болады.
Бұл сайлау Отанынан жырақта, Ұлыбританияда жүрген барлық Қазақстан азаматтары үшін тек өздерінің сайлау құқыларын жү­зеге асыру мүмкіндігі болып қана қоймай, сонымен бірге өздерінің
әрі еліміздің болашағын айқын­дауға қосқан үлесі деген үміттемін» дейді.
Ғани Шайқы-Исламұлының сөзінің растығына бірінен соң бірі сайлау учаскесіне келіп, өздерінің сайлау құқыларын орындап жатқан отандастарымыздың көптігіне біз де куә болдық.
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанып, Саутгемптон университетінде оқып жатқан осы жол­дардың авторы да бір топ студенттермен бірге Лондонға таң бозында келіп, алғашқылардың бірі болып дауыс бергенімізді айта кеткім келеді.
Біз тақылеттес қазақ жас­тары басқа университеттерден келіп, құрбы-құрдастарымен осынау мерекеге толы, тарихи күнде жүздесіп қалып жатқанына бек қуанышты.
Ұлыбританияның жоғары оқу орындарындағы қазақ сту­дент­те­рінің 70-ке жуық қауымдастығын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыруға кіріскен «Казальянс» қоғамдық ұйымының президенті, «Болашақ» стипендиаты Рашид Аюпов өз сө­зінде жалпы қазақ студенттері тек сайлауда ғана азаматтық танытып қоймай, сайлауалды науқанға да ұйымдаса атсалысқандарын айтты. Сонымен қатар, олар шетелдерде «Қазақстан-2050» стратегиясын насихаттауды да өз міндеті санайды.
Сайлау учаскесінің ерекше мейманы ретінде Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театры­ның труппасын да айта кетуге бо­ла­ды. «Royal colleedge of Music» оқу ор­нының театр сахнасында жазу­шы-драматург Дулат Исабе­ков­тің «Tranzit Passenger» («Өк­пек жо­лаушы»), «Ескі үйдегі екі кездесу» пьесаларын сахналаған жер­лес­тері­міз елшілікке қазақтың көк туын желбірете еніп, алыстағы ағайын­мен төс қағыстыра амандасты.
Театрдың бас режиссері Хүсейін Әмір-Темір: «Біз бүгін екі тарихи оқиғаның куәгері әрі қатысушысы болдық. Оның бірі – алғаш рет Англияда қазақ пьесасын кәсіби әртістеріміздің сахналауы, екіншісі – елдің ертеңі үшін айрықша ма­ңызды кезең – Қазақстан Респуб­ликасының президентін сайлауға қатысты» деді.
Сондай-ақ, елден шалғай Еуро­падағы Қазақстан Республикасының Президентін сайлауға елімізден және жергілікті БАҚ-тан бірнеше журналист қатысты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button