Руханият

Ұлылар елінің ұлағаты

Қарағанды мен Шығыс Қазақстан – ежелден ауылы аралас, қойы қоралас өңірлер. Ақ патша заманында бұл аймақтар әкімшілік-аумақтық жағынан да біртұтас болып саналған. Сол өңірдегі қазақтар ата-баба салтымен қыз алысып, қыз берісіп өмір сүрген. Мәселен, ұлы Абайдың анасы Ұлжан мен данышпанымыздың бәйбішесі Ділдә да Семеймен іргелес Қарқаралының қыздары.

0u3a2090

ЖОЛДАРЫ АСТАНАДА ТҮЙІСТІ

Ақынның әкесі Құнанбайдың Қарқаралы дуанының аға сұл­таны болғаны да тарихтан белгілі. Қарқаралыда әлі күнге дейін Құнанбай салдырған мешіт пен қажы Абаймен бірге түскен татар саудагерінің үйі тұр. Қарқаралының тумасы, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов үш жыл Семейдегі интернатта тәрбиеленгені мәлім.

Семей ядролық полиго­ны­ның зардабын тек сол өңір халқы ғана емес, онымен шекарадағы Қарағанды облысының тұр­ғындары да тартқаны шындық. Қос өңірдің байланысы туралы әлі де бірталай сөз айтуға болады. Бірақ осымен кешегіні тоқтатып, ертеңгі тарихқа айналатын бүгінгі күнгі оқи­ғаларға келейік.

Өткен аптада Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыс­тарының жолдары Астанада түйісті. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қуатты өңір – қуатты Қазақ­стан» бағдарламасының аясында елордада бұл өңірлер бірнеше тағылымды шараны өткізді. Сол күндері аста­налықтар мен қала қонақ­тарының аталмыш аймақ­тардың тарихымен, әдебие­тімен, өнерімен танысуға мүмкіндігі туды.

АЛТАЙ АДАМЗАТТЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ

Адамзаттың алтын бесігі саналатын Алтайдың топыра­ғында қалың тарихтың жасырынып жатқаны айқын. Елордадағы «Көрме» орта­лығында ұйымдастырылған «Ата-бабалар мұрасы» көр­месіне археологиялық арте­фактілер молынан қойылды. Бұл жәдігерлер сол өңірдің кеніштері, бекіністері мен ежелгі қоныстардан сыр шертеді. Археолог Зейнолла Самашев аймақ тарихын індете зерттеп, бұл жерде қазба жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Ғалым олжасыз да емес. Мысалы, Берел қорымынан ежелгі көш­пенділер мәдениетіне тән көне заттарды тапты.

Қазақ жерінен осы күндерге дейін бірнеше «Алтын адам­ның» табылғаны белгілі. Со­ның бірі Шығыс Қазақстан өңіріндегі Шілікті жазығынан қазып алынды. Айтпақшы, Қарағандының Қарқаралы ауданында да осыдан 5-6 жыл бұрын «Алтын адам» шыққан. Міне, көрмеге келгендер осындай жәдігерлерді тамашалап, тарихқа сапар шекті.

ҚР Ұлттық музейінде «Үл­кен жолдың кезеңі» мен «Уақыт портреттерінің ерек­шеліктері» атты қос көрме өтті. Онда келгендер Өскемен қаласының Шығыс Қазақстан облыстық өнер музейі және Семей қа­ласындағы Невзоровтар отбасы атындағы Шығыс Қазақстан облыстық өнер музейінің 60 туындысын тамашалады. Сондай-ақ, көрмеде ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы, сонымен қатар Ресей жидашысы Ю.В.Невзоров отба­сының музейге сыйлаған ХVІІІ-ХХ ғ.ғ. орыс өнері қылқалам шеберлерінің туын­дылары орын алды. Ұлттық музейге өскемендік Ержан Тұрғанбаевтың суреті сыйға тартылды.

5

КЛАССИКТІҢ ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН ШЫҒАРМАСЫ

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында шығыстықтар «Тәуелсіздіктің жарқын же­тіс­тіктері» атауымен Семей қаласындағы Абай атын­дағы кітапхана мен Өскемен қа­ласындағы Пушкин атындағы кітапхана көрмелері ұйым­дастырылды. Оның барысында «Біздің Абай» электронды толық мәтінді кітапханасы мен «Қайым Мұхамедханов» электронды библиографиялық көрсеткішінің тұсауы кесілді. Оған Несіпбек Айтұлы, Тұрсын Жұртбай, Роза Мұқанова, Думан Рамазан, Құралай Омар, т.б. қазір Астанада тұрып жатқан еліміздің шығыс айма­ғының тумалары жиналып, есті әңгімелерді қозғады.

Ал Өскемен қаласындағы облыстық драма театры К.Людвигтің «Жұлдызды сәт» және Семейдегі Абай атындағы театр Ф.Достоевскийдің «Дядюшкин сон» спектакльдерін көрерменге ұсынды. Кейінгі аталған туындыны классик жазушы Семей қаласына жер аударылғанда жазып аяқтаған. Міне, қазақ жерінде дүниеге келген шығарма 157 жылдан соң Қазақстанның астанасында қойылды.

«САРЫАРҚА КІТАПХАНАСЫ» СЫЙҒА ТАРТЫЛДЫ

Қарағанды облысының әкімдігінің қолдауымен бір жылдай бұрын «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен 100 томдық жарық көрді. Оған кешегі Бұқар жырау, Қаз­дауысты Қазыбек би бабаларымыздан жеткен асыл сөз жинақталып, Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов, Ғабиден Мұстафин сынды сөз зергерлері мен Қасымның жырынан қуат алған Дәуітәлі Стамбеков, Серік Ақсұңқарұлы сияқты көрнекті ақындардың, өзге де көптеген қаламгерлердің, жиыны 352 автордың шығармалары енді. Мәселен, жазушы, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайылдың роман, әңгіме, повестері 2 том болып шықты. Осы кенен байлық ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына сыйға тартылды. Сондай-ақ, бұл кітапханада Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері мен Қарағанды облысы суретшілерінің «Са­рыарқаның сырлы бояуы» атты көрмесі өтті.

С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық Қазақ драма театры У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясын көрсетті. Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің Ювеналды полиция қызметкерлері оған ішкі істер органдарында есепте тұрған және аз қамтылған, ата-ана қарауынсыз қалған 100-ге тарта баланы апарып, өнегелі іс жасады. Сонымен қатар, бұл балалар Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қарағанды облысы өнерпаздарының гала-концертін тамашалады.

ҚОЯНДЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ЖАҢҒЫРАДЫ

Гала-концерте, әсіресе, ХІХ ғасырдың орта шенінде Қарағанды өңірінде дүрілдеген Қоянды жәрмеңкесінен алынған бір үзік көрініс әсерлі шықты. Онда көрермен күй тәңірісі – Тәттімбеттің, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сынды Арқадағы күй мен ән алыптары бейнелерімен қайта қауышқандай болды. Бұл жәр­меңке келесі жылы қайта жаң­ғыртылмақ. Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі сондай мүмкіндікті тудырып отыр.

Бейбітшілік және келісім сарайында, сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарында Қарағанды об­лысының өндірістік әлеуетін және әлеуметтік-мәдени жетіс­тіктерін паш ететін көрме мен «Нұр Әсем» сән үйінің ұлттық киімдерінің көрсетілімі ұйымдастырылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button