Мәдениет

«Ұлылар мекенінен» «Абай аманатына» дейін

Биыл Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Абай күніне арналған ұлы ақын мұрасын ұлықтау іс-шаралары бір күнмен ғана шектелмей, арнайы онкүндік жоспар бекітілді. Қала бойынша жалпы 100-ге жуық іс-шара өткізілді. Мәдени іс-шаралар күні кеше «Абай аманаты» атты кешпен түйінделді.

Анығын айтқанда, Абайды ұлықтау маусым айының ортасында басталды. Сол уақытта «Ұлылар мекені…» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырылды. Ұлы даланың рухани қазыналарын насихаттау мақсатында 30-ға жуық адамнан құралған делегация Астана – Павлодар облысы (Баянауыл) – Абай облысы (Семей, Жидебай, Семей) – Астана бағытында рухани нысандарды аралады.

Жыл сайынғы дәстүрге сай ақынның туған күні Абайдың Астанадағы ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Есіл өзенінің жағалауында Абай шығармаларын насихаттау мақсатында «Домбыра party», Абай өмірі мен шығармашылығына байланысты викториналық ойындар ұйымдастырылды. «Синтез» ізденіс-эксперименталды театры Абай Құнанбайұлының даналығы мен философиялық трактаттарын насихаттау мақсатында «45» атты (Абайдың 45 қара сөздерінен құралған) ғибратты аллегориялық драманы (моралите) сахналады. Астана қаласы әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелер қызметкерлері арасында интеллектуалдық сайыс өтті.  «Жастар» театрында өткен «Абай аманаты» атты кештің мақсаты ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының мұрасын ұлықтау, көпшілік арасында хакім тағылымын насихаттау және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру болды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button