Тәуелсіздікке 30 жыл

Ұлылар үндестігі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 1997 жылдың 20 қазанында Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы тарихи құжатқа қол қойды. Тарих тереңіне көз тастасақ, Ақмола туралы сөз әріден бастау алған…

[smartslider3 slider=1313]

Адольфтің айтқаны айдай келді

«Польша ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушы, поляк революционері Адольф Янушкевич 1843-1848 жылдары қазақ даласында айдауда болды. 1848 жылы 31 мамыр күні інісіне Аягөзден жолдаған хатында ол алдымен Аягөз шаһары туралы айта келіп, одан кейін: «Ақмола, мәселен, бүкіл қазақ даласының болашақ астанасы» деп тұжырым жасайды». Көкжиекке көз тіккен ердің сөзі – жүйелі. Ал 2003 жылы Янушкевичтің туғанына 200 жыл толуына орай оның кітабы өзі айтқан Ақмолада, яғни Астанада «Қазақ даласындағы сапардың жазбалары» деген атпен екінші мәрте қазақ тілінде жарық көрді. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), Семей және Аягөз қалаларындағы көшелерге Янушкевич аты берілген.

Әлиханның әулиелігі

Ел ішінде  Ұлт көсемі ­Әлихан Бөкейхан айтыпты дейтін «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау!» деген сөз бар. Жұрттың бұл сөздерді Әлиханға телитіні, ол өзінің «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында келтірген. Сөз иесі – Грекең, ал елге жеткізген, тамып түскен тәттіні қағып алып тасқа түсірген – Әлекең. Қолдан көріпкел жасау жоғынан. Алайда бұл көсемнің де көкейіндегі көрікті ой болғанының көрінісі іспетті. Мысалы, 1920 жылдардағы Алаш астанасын Орынбордан қалың қазақ елі ішіне көшіруге қатысты айтыс-тартыстарда Әлихан бастаған ұлт зиялыларының ой-пікірінен кейін Смағұл ­Сәдуақасов, ­Ә.Байділдин сияқты қайраткерлер іліп әкетіп Ақмола  қаласын ел ордасы болса екен деп ұсыныстар жасап, қолдасқан.

Сәтбаевтың сұңғылалығы

Ал 1946 жылы ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев Алматыдағы Ғылым академиясы ғимаратының құрылысына кіріспес бұрын мәскеулік академик Александр Щусевке барып, жаңа ғылым сарайының жобасын жасап беруін сұрайды. Сонда Щусев: «Қаныш Имантайұлы, ең әуелі бұл уақытша баспана ма, әлде мәңгілік ғимарат па, алдымен соны шешу керек. Өйткені Алматы мәңгілік астана бола алмайды. Егер болашақ астаналарыңыздың атын атасаңыз­дар, сол жердің табиғаты мен жамиғатына лайық етіп, болашақты ойлап жоба жасар едім» дейді. Содан Сәтбаев ­Қазақстан Орталық комитетінің өндіріс жөніндегі хатшысы Ибрагим Тәжиевке кіріп, болған істің мән-жайын түсіндіреді. Тәжиев бұл ұсынысты тыңдап, енді қай қалаға тоқтағанын сұрағанда Қаныш Ақмоланы атапты. Осыдан кейін екеуі Орталық комитеттің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке кіреді. Шаяхметов оларға қарата: «Ұсыныстарыңыз өте жақсы, бірақ соғыс жаңа бітті. Астананы көшіреміз деп Мәскеуге бара алмаймын. Ол – сәті түссе, болашақтың ісі» деп жауап берген екен.

Оралхан айтқан ордалы ой

Ақмоланың Астанаға айналуына әлі бес жыл бар еді… Алдымен («Қазақ әдебиеті») 1992 жылдың  жазында жазушы Оралхан Бөкейдің «Президенттің бір аптасы» эссесі жарияланды. Одан кейін осы жылдың күзінде Орағаң басқарған «Қазақ әдебиеті» газетінде «Астананы Ақмолаға көшірсек» атты бас тақырыппен көлемді де астарлы жазбаның жариялануы – Ақмоланың астанаға айналарына шүбәсіз сенген қаламгердің қапысыз көңілін аңғартады. Енді, міне, арада бір жарым ғасыр өткеннен кейін болашақтың ісін баянды ету Тұңғыш Президенттің бағына бұйырғанына куә болып отырмыз.

Бауыржан Сегізбаев

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button