Басты ақпарат

Ұлыстың ұлан-асыр тойы

Жайнаған жасыл әлем

Жаңару мен жасарудың, бақ-береке мен молшылықтың бастауы саналатын әз-Наурызды бүгінде әр қазақстандық асыға күтіп, жалпыұлттық мейрам ретінде кеңінен атап өтеді. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күнінде Алаш жұрты арқа-жарқа болып, әдемі көңіл-күймен, кең пейілмен қарсы алады. Алаштың әр азаматы үшін Наурыздың жөні де, жолы да бөлек.

Астанадағы ұлы мейрамның сән-салтанатына ауа райының салқындығы да әсер ете алған жоқ. Таңертеңгі сағат тоғыздан аса елорда жұртшылығы «Қазақ елі» монументі алаңына жинала бастады. Мерекелік алаң көз тартарлықтай көркем безендіріліпті. Оның жиынтық келбеті бірыңғай символдық ансамбльді құрайды. 40-тан астам ақшаңқан киіз үй тігілген алаңның әр элементі белгілі бір мағына береді. Ең бастысы, бәрі де ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздан сыр шертеді.

Негізгі орталықсахнаның безендірілуінің өзі ерекше. Жылан бастаған 12 жылды бейнелеген хайуанаттар доға тәріздес «Күн шапағы қақпасын» айнала күзетіп тұр. Күн нұрына шомылған осы қақпаның ар жағына өтсеңіз, көшпелілердің ғажайып әлеміне тап боласыз.

Аумағы 1620 шаршы метрді құрайтын сахнаның жиектері сақтардың алтын бұйымдары мен петроглиф үлгілеріндегі түрлі бейнелермен сәнделіпті.

Қақ ортада – диаметрі 8х8 болатын үлкен LED-дисплей орнатылған.

Мерекелік шара 500-ден астам адам қатысқан хореографиялық-қойылыммен басталды. Бұл айтулы шараны жұртшылықпен бірге, ҚР Премьер-министр Серік Ахметов және Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, басқа да ел азаматтары тамашалады.

Хореографиялық көріністің өн-бойы табиғаттың түлеуін айшықтады. Алғашқы сәтте қойылым қыс пен көктемнің кездесуін суреттеп, қыстың қоштасуын бейнеледі. Бұдан кейін кенет айнала жасыл әлемге бөленіп, табиғат түлегендей әсер етті. Күн мен түннің теңелуін, жердің бусанып, көктің шығуын шебер бейнелеген әртістер сахнаны нағыз Наурыз нақыштарына бөледі.

Салт-дәстүр салтанаты

Қойылым әрі қарай қазақтың салт-дәстүрін айшықтаған «Наурыз шеру» атты театрландырылған этнографиялық көрініспен жалғасты. Ақсақалды абыздар мен ақ кимешекті әжелер ақ тілегін ақтарып, мерекенің ажарын аша түсті. Қазақстанды мекендеген түрлі этнос өкілдері де Ұлыстың ұлы күні құрметіне өз ән-би шашуын ала келіпті.

Мерекелік бағдарлама елімізге белгілі өнер қайраткерлерінің концертіне ұласты. Атап айтқанда, Рамазан Стамғазиев, Қарақат Әбілдина, «Қоңыр», «Асыл» топтары және концертке алыс-жақыннан арнайы келген қонақтар: түркиялық Фериель Башель, башқұртстандық Ф.Гаскаров атындағы Мемлекеттік академиялық би театры өнерімен шашу шашты.

Концерттік бағдарлама соңында сахнаға күллі өнерпаздар шығып, көкке бірыңғай ақ түсті 5 мың шар ұшырды. Бұл еліміздің аспаны ашық, көңіліміз кірбіңсіз ақ болсын, дастарханымыз әрдайым аққа толып, молшылық болсын деген ізгі тілекті білдіреді.

Мерекелік мәзірдің өзі қандай…

Биылғы елордадағы наурыз тойына еліміздің өңірлері, атап айтқанда, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласының тойшы қауымы келіп, астаналықтарға өз тартуларын ұсынды.

Аймақтар өздері тіккен киіз үйлерін ою-өрнектермен зерлеп, арнайы жасандырған. Олардың әрқайсысынан күмбірлеген күйлер мен әндер төгіліп, қазақтың қонақжайлылық ахуалы анық аңғарылады.

«Қазақ елі» монументі алаңындағы бұдан басқа да қызықтар өз алдына бөлек әңгіме. Алаңда нағыз мереке мәзірінің көрігі қыза түскен. Бір жерде ағаштан жасалған бұйымдар мен зергерлік, керамикалық заттардың, музыкалық аспаптар мен әдемі картиналардың саудасы жүріп жатса, енді бірінде сүт, нан өнімдерінің жәрмеңкесі қызған.

Киіз үйлердің алдында үлкен сахнадан басқа, тағы бір кіші сахна да тігілген. Онда қазақтың ұлттық ойындары өтті. Балуандар белдесіп, білектілер арқан тартысты. Кейбіреулер алаңның ортасына қойылған арнайы үстелдерде тоғыз құмалақ ойнап, мәре-сәре. Жеті қазынаның бірі құмай таз да, қыран бүркіт те осында.

Елдің мерекелік көңіл-күйін көтеріп жүрген көшпелі цирк әртістерін де көзіміз шалды. Бұл жолы көрермендер алматылықтардың өнерін тамашалады. Сайқымазақтар бірден жұртшылықты үйіріп әкетті. Олар ойындарына көрермендерді де қатыстырып, көңілін серпілтіп тастады. Шығыршықпен секірген қанден иттер мен салмағы 40 келі, ұзындығы төрт метрге жуықтайтын жыланның сахналық көрінісі – жұртшылықты бей-жай қалдырған жоқ.

150 тоннадан астам өнім сатылды

Ақ дастархансыз, дәмді тағамсыз тойдың сән келе ме?! Ұлыстың ұлы күнінде ұйымдастырушылар тойға жиналған қауымға тегін дәм таратуды да ұмытқан жоқ. Ресми мәліметке сүйенсек, мереке күні 20 мың бауырсақ пісіріліп, 10 мың үлес палау мен көже әзірленген.

Жалпы, наурыз тойы кезінде 100-ден астам өнім өңдеуші кәсіпорынның өнімдері ұсынылып, арзан бағамен 150 тоннадан астам өнім сатылған. Атап айтқанда, 3 тоннадан астам жеңсік ет, 22 тонна шұжық, 20 тонна сүт, 15 тонна күнбағыс майы, 1,5 тонна жұмыртқа, 0,5 тонна саңырауқұлақ өнімі, 15 тонна нан мен кондитер өнімі, 3 тонна қымыз, 1 тонна шұбат, 2 тонна бал, 3 тонна конфет, басқа да көптеген өнімдер сатылыпты.

Ерекше кейіптегі елорда

Биылғы тойдың бір ерекшелігі – Наурыз мерекесі Астананың 15 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мереке күллі қауым болып ыждаһатты әзрленуінің бір сыры осында жатыр. Биыл елорданың көшелері мен даңғылдарының өзі мейрамға сай ерте қамданып, ерекше безендірілгенін байқаған боларсыз?! Саябақтар мен алаңдардың өзіне түрлі нақыштағы мүсіндер мен композициялар орнатылды.

Тойдың шырайын ашқан безендірулерге аз күш жұмсалмаған. Тек ірі көшелердің бойына 1250 жалауша, 200-ден астам көк ту желбіреді. Адам аяғы үзілмейтін жерлерге 60 билборд, 50 шақты шағын архитектуралық композициялар, басқа да көптеген көркем мүсіндер орналастырылған.

Биыл Астананы әрлеумен «Адварт» компаниясы айналысқан екен. Олар көшелерге ілінген жалаушалардың өзіне 20 мың шаршы метр мата кеткенін алға тартады.

Иә, елордадағы Наурыз тойы биыл қай жағынан да ерекше өткенін атап өту қажет. Бұрынғыдай емес, қазіргі күні Ұлыстың ұлы күніне деген көзқарас өзгерді. Ұлттық мейрамымыз өзінің нағыз ұлттық сипатына ене бастағаны қуантады.

Жұртшылық бүгінде Наурызды науқандық мереке деп емес, жалпыхалықтық мейрам, қазақтың жаңа жылы, жыл бастауы деп қабылдайды. Осынау ұлық мейрамға орай халықтың бес күн демалуының өзі Наурыздың қазақ елі үшін орны бөлек, ерекше мейрам екендігін аңғартса керек.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button