Басты ақпарат

«Ұлытау» аллеясы

Астананың 20 жылдығына орай бас қалада көптеген көрікті орындар пайда болды. Солардың бірі – «Ұлытау» аллеясы. Бұл – «Аймақтардың Астанаға тартуы» бағдарламасы бойынша ­Қарағанды облысының елорда мерейтойына жасаған сыйы.

Аталмыш аллеяның «Ұлытау» аталуы да бекер емес. Себебі Ұлытау – қазақтың хандары ұлықталған тарихи әрі киелі мекен. Ашық аспан астындағы музей тәріздес аллея «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы мен Ботаникалық бақтың ортасында орналасқан. Аумағы 1,2 гектар болатын алаңның ұзындығы – 250 метр, ені – 55 метр.

Мұнда Ұлытаудың сирек кездесетін ең құнды жәдігерлерінің көшірмелері қо­йылған. Бұл жерден Теректі Әулие мен Байқоңырдың петроглифтерін де көруге болады. Тіпті Алтын шоқы дөңінің басынан табылған Әмір Темірдің жазуы басылған тастың көшірмесі де тұр. Тастағы жазулар сол кездегі оқиғалардан сыр шертеді. Сонымен қатар, алаңда тастан жасалған киелі жа­нуарларды да көзіңіз шалады. QR код арқылы мұндағы әр жәдігер туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік қарастырылған.

Сондай-ақ, аллеяның Түркістан көшесі жағында «Қазақ еліне мың алғыс» атты 14 метрлік монумент қойылған. Қоладан жасалған монументте кавказ, кәріс және еуропалық келбеттегі 3 баланы бауырына басқан қазақ әйе­лінің мүсіні кескінделген. Символикалық мән-мағынасы мол мүсінде репрессия жылдарында түрлі ұлт өкілдерін бауырына басқан қазақ халқы бейнеленген. Монумент авторлары – сәулетші Самат Рустамбеков пен мүсінші Ренат Әбенов.

Аллеяда әдемі шамдар орнатылып, жайлы орындықтар да қойылған. Кеш­құрым алаң өзгеше күйге еніп, тіптен көріктене түседі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button