Басты ақпарат

ҰМЫТПАЙДЫ ЕРЛІКТІ ЕЛ, ҰЛЫҚТАЙДЫ

1941-45 жылдар – 1418 күн мен түн! Ұрпақ жадынан мәңгілік өшпейтін уақыт! Халық басына қара бұлт үйірген қаралы уақыт! Қайғы күліп, шаттық жылаған шақ! Бұғанасы қатпаған боздақ белуардан қан кешіп, өліммен бетпе-бет келген уақыт. Қауызын жаңа жарған қызғалдақ ғұмыр жанары жаспен шыланып, батысты бетке алған соқпаққа телмірген уақыт. Ақжаулықты ана мейірімі тасыған жүрегін сағыныштың жасымен жаншылаған уақыт. Сол тұсқа дөп түскен балалық шақтың базары демде тарап кеткен уақыт…Талай үмітті қыршынынан қиып, талай лағнет арқалаған соғыс зұлматын, сондықтан да, осы күнге дейін аза тұтамыз, ерлер ерлігін ұлықтаймыз, ұмытпаймыз.

БАТЫР ДА, «ДАҢҚ» ТА БІЗДЕРДЕН…

Соғыс жылдары Қазақстан жерінен 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы мен 50-ге жуық әртүрлі полк, батальондар майданға аттанды. Жауынгерлері жаумен жан аямай шайқасқан қазақстандық бес әскери құрамға «гвардиялық» деген құрметті атақ беріліп, олардың туларына бірнеше орден қадалды. Соғыс кезінде 3,5 мыңдай қазақстандық партизан отрядтарының құрамында болып, Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты. Жанқиярлық ерлігі мен батырлығы үшін 96638 қазақстандық жауынгер бірнеше дүркін орден және медальдармен наградталды. 497 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың 97-сі қазақ болатын. 142 жауынгеріміз «Даңқ» орденінің толық иегері болды.

ТЫЛДАН ЖЕТКЕН ТОННАЛАР

Соғыстың 4 жылы ішінде Қазақстан 482,8 мың тонна астық, 217,6 мың тонна картоп, 143,2 мың тонна көкөніс, 1193,2 мың тонна қант қызылшасын, 155,3 мың тонна мақта тапсырды. Қазақстан еңбекшілері майданға 25 миллион дана жылы киім, Отан қорғау қорына 4 миллиард сомнан астам қаражат берді. Қазақстан майданға қорғасынның 85 пайызын, мыстың 30 пайызын, көмір мен мұнайдың барлығын өндірді. Сол ауыр жылдарда еліміз майданға 6 миллион тонна бидай, 797 мың тонна ет, 150 мың мініс жылқысын өткізді. Сұрапыл ауыр жылдарда қазақ тілінде 10 майдандық, 3 дивизиялық, 1 округтік газет жарық көрген.

ҚАНДЫ БЕТТЕРДЕГІ АЛТЫН ӘРІПТЕР

Аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздағы қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады… Халық жадында сапында 30 ұлттың өкілі бар (3 мыңдайы қазақстандық) Брест қорғаушыларының өшпес ерлігі мәңгі сақталмақ. Қазақстан жерінде жасақталған И.Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия Мәскеуді қорғауда тарихта болып көрмеген теңдессіз ерліктің үлгісін танытты. Панфиловшылардың ішінде шын мәнінде болаттай беріктік пен ержүректілік көрсеткен, өз заманында-ақ аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы бар еді. Отан соғысының шежіресіне Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың, Мәлік Ғабдуллиннің, Талғат Бигелдиновтің және көптеген жерлестеріміздің аттары алтын әріптермен жазылды.

АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАНДАР

Севастополь үшін шайқаста Кеңес Одағының Батыры Дабаш Бабажанов айрықша көзге түсті. Оның ерлігі қаланы қорғау үшін болған қырғын-қиямет соғыс бейнеленген панорамаға түсірілген. Николай Гастеллоның ерлігін қайталаған Нүркен Әбдіров, Александр Матросовтың ерлігін қайталаған Сұлтан Баймағамбетовтің, жау “жолбарысына” қас қақпай қарсы шауып, гранатамен қоса жарылған Қарсыбай Сыпатаев есімдері – біздің мақтанышымыз. Бұлардың бәріне «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілген. «Кеңес Одағының Батыры» атағын екі реттен алған, даңқты ұлдарымыз Талғат Бигелдиновтің, Сергей Луганскийдің, Леонид Беданың және Иван Павловтың ерліктері халқымыздың мәңгі есінде. Белоруссия ормандарында Әди Шәріповтің басқаруындағы партизан отрядтары жауға қарсы шайқасты. Украин жерінде Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған батыры С.Ковпактың партизандық бірлестігінде Қасым Қайсеновтің отряды болған еді.

РЕЙХСТАГҚА ТУ ТІККЕН РАҚЫМЖАН

900 күн қоршауда қалған ленинградтықтардың рухын көтеріп, қажырын жаныған Жамбыл атамыздың «Ленинградтық өренім» атты жалынды жыры да сол дәуірдің ерлігі іспеттес. Соғыстың қысылтаяң кезеңінде емшектегі баласын жөргекке орай салып, колхоз бен совхоз жұмысына таңсәріден, қара кешке дейін жегілген олардың жарлары мен аяулы ата-аналарын, туыстарын, «өзім жемесем жемейін, өзім ішпесем ішпейін, бәрі де майдан үшін, жеңіс үшін!» деген олардың игі ниетін есінен кім шығара алады? Қазақстандықтар Ленинград қаласын туған жеріндей жанқиярлықпен қорғады, Сталинградты, Украинаны, Белоруссияны, Прибалтиканы, Молдавияны неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысты. Қазақстандықтар Варшаваны, Софияны, Белградты, Праганы азат етушілердің қатарында болды. 151-қазақстандық бригада негізінде құрылған 150-Идриск атқыштар дивизиясы жауынгерлері «ұялы қасқырдың» ордасы Берлинге шабуыл жасады, Рейхстагтың күмбезіне жеңіс туын тігуге қатысты. Алқызыл туды биікке көтеріп, алғаш болып жеңіс дабылын қаққандардың қатарында қазақ ұлы Рахымжан Қошқарбаев болды.

ЖІГЕР БЕРГЕН ЖАЗБАЛАР

«Правда» газетінде 1941 жылғы қазанда «Қазақтар» деген мақала жарияланды. Бұл – Мәскеуді қорғаған 8-гвардиялық Панфилов атындағы дивизия туралы еді. Кеңестің белгілі жазушысы И.Эренбургтың бұл мақаласында: «…Бір фриц маған «Біз жойқын күші бар қаһарман солдаттармен беттестік, оларды алған бетінен, тіпті, ешқандай оқ та, өрт те тоқтата алмады. Олар тура бізге қарай дауылдай дүркіреп келе жатты. Мен бұлардың қазақ деген халық екенін естідім. Бұрын мұндай халық бар екенін естімеп едім…» деді. Фрицтер көп нәрсені білмеуші еді… Шығыстың кең даласында ежелден қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына көндіккен ержүрек адамдар тұрады. Бұл елдің ақындары Қазақстанның даңқты батырлары жайлы сыр шертеді. Ал, бұл елдің батырлары ең алдымен арын ардақтаған. …Далада салт атпен жүруге үйренген қазақ, егер қажет болса, еңбектей де алады, жүгіреді де. Таулы жерде шыңға өрмелейді, батпақ болса, белуардан саз кешіп те жүре береді. Әйтеуір, қазақтарды ешнәрсе де тоқтата алмайды…»

Белгілі ағылшын тарихшысы Александр Верттің «Ресей 1941-1945 жылдардағы соғыста» деген кітабында мына жолдар бар: «Қызыл Армияның табанды солдаттарының бірі қазақтар болды, тұтас алғанда, қазақтар бүкіл соғыс бойында өздерін жақсы жағынан таныта білді. Тіпті, Сталинградтың өзінде ең өжет солдаттар қатарында қазақтар тұрды».

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button