Мәдениет

ҰМЫТЫЛМАС «БЕЙБІТШІЛІКТІҢ БІРІНШІ КYНІ»

ZHA_7536

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы – бұрынғы Кеңестер Одағының құрамында болған мемлекеттердің ортақ мерекесі. ТМД және Балтық елдерінің «Ресейдегі кездесулер» атты халықаралық театр фестивалінің білім беру орталығы Жеңіс мерейтойына орай «Естеліктер шеңбері» жобасын ұсынды. Бұл жобаның аясында Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Тәжікстан, Молдова, Эстония және Қазақстандағы орыс драма театрлары актерлерінің қатысуымен «Бейбітшіліктің бірінші күні» қойылымы дүниеге келді. Спектакльдің премьерасы сәуір айында Санкт-Петербург қаласында өтті. Өткен сенбі күні Мәскеу жұртшылығына көрсетілді. Ал, осы апта басында М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық Орыс драма театрының сахнасында көрсетілген қойылымды елордалықтар тамашалады.

Қойылым авторы әрі режиссері – Ресей өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Юрий Томашевский Ольга Берггольц, Николай Тихонов, Даниил Гранин, Анна Ахматова мен Александр Блок сынды ақын-жазушыларының шығармаларынан біртұтас дүние жасапты. Спектакльде негізінен сұрапыл жылдары қоршауда қалған Ленинград тұрғындарының басынан өткен қиын күндер жөнінде поэзия және проза тілімен баяндалады. Қойылым Иоганн Себастьян Бах, Сергей Рахманинов, Джон Уильямс, Франц Шуберт, Имре Кальман, Павел Арманд, Матвей Блантер секілді әйгілі композиторлардың музыкасымен көркемделген.
Юрий Томашевскийдің айтуынша, спектакль жылдам, бас-аяғы бір аптаның ішінде дайындалып, көрермендерге жол тартты. Бұған қатысуға 27 актер тартылды. Әр елден екі-үш актерден таңдалды. Негізгі күш Юрий Томашевскийдің «Романтикалық театры» әртістеріне түсті. Айта кетерлігі, Қазақстан атынан қойылымға М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық Орыс драма театрының әртістері – Александр Лукашевич, Ульяна Штильман және Анастасия Воронцова қатысып отыр. Спектакль әр елде қойылғанда әртістер құрамы өзгеріп отырады.
Ал, актерлерді таңдау қалай жүргізілді? Мұның жайын М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық Орыс драма театрының директоры Еркін Қасенов түсіндіріп берді. «Актерлер 30 жастан аспаған және ән айта білуі керек. Жобаны ұйымдастырушылар бізге осындай талаптарды жіберді. Жалпы, ағымдағы жылдың 6-13 сәуірі аралығында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД және Балтық елдерінің «Ресейдегі кездесулер» атты халықаралық театр фестиваліне «Ромео мен Джульетта» спектаклімен қатыстық. Қазылар алқасы ойынымызға жақсы баға берді. «Естеліктер шеңбері» жобасын ұйымдастырушылардың назарына сол уақытта іліккен сияқтымыз» дейді ол.
Оның сөзіне сүйенсек, елордада да жаз айларында халықаралық театр фестивалі ұйымдастырылады. М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық Орыс драма театрының сахнасында Астана күні аясында өтетін бұл фестиваль «Сахнадан сәлем» атауын алды. Фестивальге қатысуға еліміздегі Алматы мен Ақтаудың және Тбилиси, Будапешт, Ташкент қалаларының театрларына шақырту жіберілді. Сондай-ақ, арнайы шақырылған қонақтар қатарында Ресейдің белгілі актері Сергей Безр­уков та бар.
«Естеліктер шеңбері» жобасына оралсақ, «Бейбітшіліктің бірінші күні» қойылымының басты тақырыбы – қоршауда қалған Ленинград болғандықтан арасына халық ақыны Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» өлеңі кіріктірілсе, тақияға тар келмес еді. Еркін Қасенов Юрий Томашевскийге мұны ұсынған да екен. «Қойылымды дайындауға аз ғана уақыт бөлінді. Сондықтан, Жамбыл Жабаевтың бұл өлеңін қосуға мүмкіндік болмады. Алайда, бұйыртса, Қазақстанға әлі де келемін. Сол кезде «Ленинградтық өренім» өлеңін дайындап, оқып беремін» дейді Юрий Томашевский.
Ол Астанадан алған әсерін де айта кетті. Елордаға келген қонақтарға М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық Орыс драма театрының ұжымы қаланың көрікті жерлерін көрсетті. Юрий Томашевскийдің сөзіне сенсек, алған әсерлері мол екен. «Қалаларыңыз өте әдемі. Түнде Астана, тіпті, құлпырып кетеді екен» дейді режиссер.
«Естеліктер шеңбері» жобасына қатысушылар елордадан Ташкент қаласына аттанып кетті. Жоспар бойынша «Бейбітшіліктің бірінші күні» спектаклін олар кеше Өзбекстан астанасында қоюға тиіс болды. Ертең бұл қойылым Душанбе жұртшылығына ұсынылмақ. Ал, күзде Гродно мен Кишиневте қойылмақ.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button