Басты ақпаратМәселе

Үнемдеп те ұтуға болады

Әу бастан «судың да сұрауы бар» деп түйіндеген халқымыз су тапшылығын тартатын сияқты. Сарапшылардың пайым­дауынша, Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға зәру. Бұл мәселе қала халқы үшін де өте өзекті.

«Ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере алмай отыр. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Басты себептің бірі – құрылыстың көбеюі. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз» деді Үкіметтегі кеңесте Президент.

Ауыз судың сарқылуынан туындаған дағдарыс жер шарында халық санының өсуімен байланысты. Жаһандық жылынуға байланысты топырақ кеберсіп, ауа құрғап, жауын-шашын сіркіреп қана жауып, жер жүзі шөлдей бастады.

Қалалар қарқынды дамып, халықтың кенттенуімен қатар келген ысырапшылдық үдерісті арттыра түсті. Дегенмен суды үнемдеу арқылы тұщы суды сақтап, болашақ ұрпақтың үлесін сарқымай, өзімізден артылдыруға болады екен.

Елордалықтар тұтынған суына белгіленген тариф бойынша төлесе, кейбір елдерде арнайы шектелген судың көлемінен асырмай, өте үнемшіл тұтынушыларға арналған тариф нәтижелі көрсеткішке қол жеткізетінін дәлелдеді.

Еуропалық Одақ елдері ішінен 10 мемлекет күніне бір адам 130 литрден 100 литрге дейін су пайдалану дәрежесіне жетті. Ал бізде екі еседен астам

Әңгіме ауыз суға қатысты болғаннан кейін, ысырапшылдыққа жол бермей, үнемдегеннен ұтып отырған елдердің тәжірибесіне үңілейік. Барлық елдерде суды бірдей пайдаланбайды. Соған қарай бір адамның тәулігіне қолданылатын су көлемі де әр елде әрқалай. Ересек адам тәулігіне орташа есеппен 150-200 л су жұмсайды екен. Егер адам ваннасы бар пәтерде тұрмаса, бір адамға тәуліктік тұтыну 125-тен 160 литрге дейін, ал адам ваннада шомылуды жақсы көрсе 160-тан 230 литрге дейін өзгереді. Бұл да соңғы көрсеткіш емес, егер ыстық су жалпы жүйеден берілсе, бір адамға орташа тәуліктік тұтыну 230-250 литр­ді құрайды деп есептепті. Бірақ бұл нақты мөлшер емес, ірі қалаларда бұл көрсеткіш тым шарықтап кетеді. Мысалы, Еуропа, АҚШ, Жапония сияқты өндірісі дамыған елдерде бір күнде 300-400 л жұмсалады. Ресейліктер орташа есеппен тәулігіне 180-200 литр су, беларустар 140 литр қолданады. Көз алдымызға елестетер болсақ, 150 литр су – ернеуіне дейін толған екі ваннаның мөлшері.

Су тапшылығы табиғи факторларға қатысты қалыптасқан елдерді санамағанның өзінде (мысалы, конголықтар 34 литр су пайдаланады), үнемдеу бойынша Сингапурды көп мақтайды. Суды сырттан сатып ішетін Сингапур соңғы жиырма шақты жылдың көлемінде жаңаша қадам жасады. Алғаш рет су үнемдеудің үлігісін көрсетіп, бұл елдің халқы суды үнемдеуден пайда таба бастады. Егер күніне тұтынған судың көлемін белгілі мөлшерден асырмаса, онда жеңілдетілген тарифпен ақысын төлейді. Еуропалықтар жаңа бастаманы іліп әкетіп, Еуропалық Одақ елдері ішінен 10 мемлекет күніне бір адам 130 литрден 100 литрге дейін су пайдалану дәрежесіне жетті.

Ірі қаланың бірі Берлиннің халық саны – 3,5 млн. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, 1961 жылы Берлин қабырғасы салынғаннан кейін, шамамен 40 жыл бойы батыс жағындағылар тек өз аумағында орналасқан су ресурсына қанағат етуге мәжбүр болған. Нәтижесінде Батыс Берлин бірінші болып суды қайта пайдалану жүйесін және Сингапурдағыдай жабық су айналымын енгізді. Қаланың социалистік бөлігінде, Шығыс Берлинде су шектеусіз және ағыл-тегіл ағып жатса да, тарифтің көтерілуі арқасында тұрмыстық суды тұтыну айтарлықтай төмендеді – 200 литрден (шығыста) және 156 литрден (батыста) бүгінде немістер тәулігіне 113 литрге дейін ғана қолданады.

Копенгагенде 1,3 млн адам тұрады. 1960 жылдары табиғи су көздерінің ластануына байланысты тұщы судың қадіріне жетіп, су үнемдеудің тәсілін енгізіп, «Максималды мөлшері – 100» атты компания ұйымдастырды. Нәтижесінде әр адам тәулігіне тек 100 литр ғана су қолданатын жағдайға жетті. Одан бері де жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Бұл елдің үлгісі басқаларға өнеге болатын жағдайға жеткен.

Испанияның солтүстік-шығысындағы, құрғақ аймақта орналасқан 650 мың тұрғыны бар Сарагоса су тапшылығымен бұрыннан күресіп келеді. 1990 жылдардағы апатты құрғақшылықтан кейін, 15 жыл ішінде тұрғындар, мектептер, мемлекеттік басқару органдары, шағын кәсіпорындар мен кәсіпорындар арасында кең көлемді су үнемдеу бағдарламасы іске қосылды. Суды шектен тыс пайдаланғаны үшін айыппұл салудың тариф жүйесі енгізілді. Қала тұрғындарының алдында 1 миллиард литр суды үнемдеу міндеті тұрғанда, тұрғындар бірінші жылы іске асыру жоспарын артығымен орындап, жыл сайынғы тұрмыстық су тұтынудың 5 пайыздан астамын үнемдеді. 1997 жылдан бастап Сарагосадағы тұрмыстық суды тұтыну бір адамға тәулігіне 150 литрден бүгінгі 90 литрге дейін төмендеді.

Жоғарыда айтылғандардан шығатыны, тарифтер – пайдаланушылар үшін су құнының маңызды бөлігі. Олар оның тапшылығына назар аударып, суды үнемдеу шараларын ынталандырады. Дегенмен баға саясаты басқа шаралармен: су ресурстарын қорғау, инфрақұрылымға инвестиция салу, адамдарды бірлесіп жұмыс істеу, суды үнемдеу шаралары туралы хабардар ету және осы процестерге қауымдас­тықтарды тарту сияқты шаралармен үйлескенде жақсы жұмыс істейді.

Еуропалық Одақ елдері ішінен 10 мемлекет күніне бір адам 130 литрден 100 литрге дейін су пайдалану дәрежесіне жетті. Ал бізде екі еседен астам

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button