Үнемдеп үйренген жөн
«Жарық пен жылуды үнемдеу керек. Үнемдей білмесек, оны да үйрену керек». Мәслихат хатшысы Сансызбай Есіловтың төрағалығымен өткен «Энергия тиімділігін арттыру және энергияны үнемдеу мәселелері» атты дөңгелек үстел мәжілісінің түйіні осыған саяды.
Жиынды ашқан С.Есілов ҚР «Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заңын жүзеге асыру мақсатында елорда әкімдігі қала тіршілігін қамтамасыз ету объектілерінің тиімді, үзіліссіз қызмет көрсетуін қамтамасыз ету бойынша бірқатар күрделі жобаларды жүзеге асырып жатқандығын атап өтті. «Бүгінгі таңда энергияны үнемдеу әлемдік қауымдастық үшін маңызды болып отыр. Бұл орайда біздің міндетіміз – биліктің түрлі деңгейінде осы жаңашылдық бастамаларға мемлекеттік қолдау көрсетіп, заман талабына сай технологияларды тәжірибеге енгізуіміз керек» деді ол.
Дөңгелек үстелге қатысушылар энергия тиімділігін арттыру мәселелерін ғана емес, сонымен қатар коммуналдық жылумен жабдықтау, қала кәсіпорындарында энергия аудиттерін жүргізу, тұтынылған электр энергиясына қолданыстағы тарифтер, халықаралық стандарттарға сәйкес энергоменеджмент жүйесін құру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, сала мамандарын алаңдатқан мәселе – кадрларды даярлау және қайта даярлау. Бүгінде энергетика менеджерлері мен аудиторлары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының білікті мамандары жетіспейді. Депутаттар бұл проблеманы шешуде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде мамандарды қайта даярлау жобасын тиімді пайдалану қажет дейді.
Жиын барысында депутаттарға қала мектептеріндегі жылу тораптарын жаңарту жұмысының нәтижелері таныстырылды.
Бір топ депутат, атап айтсақ, Зейнолла Шибкенов, Мейрамбай Оралов, Тимур Оразақов елордада энергияны үнемдеу технологияларын енгізу бойынша кәсіпорындардың қызметін үйлестіретін құрылым қажет екендігін алға тартты. Ал депутат Мирас Шекенов энергияны үнемді пайдалану құрылыс объектілерін сараптауды жобалап, салу кезеңінде қарастыру қажет екендігін айтты.