Sport

«Аулалық юниорлар лигасы» жарысы аяқталды

Астанада ала допқа құмартып, алаөкпе болып жүгірген балалар көбейіп келеді. Биыл осындай аула аясында ғана доп теуіп жүрген жеткіншектердің басын қосып, командалар жасақтап, «Аулалық юниорлар лигасы» ұйымдастырылды. Маусым айынан басталған бұл турнир өткен аптаның соңында мәресіне жетті.

019

Бұл турнир балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуге сеп­тігін тигізді. Аула ішінде топ-топқа бөлініп, футбол ойнаған кішкентайлардың бәрі бірігіп, бір топ болып, осы турнирде өз аулаларының абыройын асыруға барын салды. Футбол десе ішер асын жерге қоятын 200-ден аса бүлдіршін осы додада 12 команданың құра­мында доп тепті. Осынау думанды сайысты ұйымдастыруға «Асыл бала» республикалық қауымдастығы мен «Олимпионик» әлеуметтік қоры мұрындық болды.
Турнирдің шешуші матчтары «Астана-Арена» стадионында
өтті. Осы күнге дейін іріктеліп шыққан «Замандас», «7 Континент», «Жас Қырандар», «Отан­дастар» командалары алдымен жартылай финалда кездесті.
– Бұл аулалар арасында өткен доп додасы балалар түгіл ата-аналарды да қатты қызықтырды. Бұрын үй алдындағы алаңда шашырап, өз-өздерімен доп теуіп жүрген балалардың бәрі жиналып, бір команда құрып, бір-бірімен танысып, достасып кетті. Сондықтан басты мақсат – жеңіс емес, балалардың бірлігі. Біздің баламыз Мирас Қайратов – командамыздың қақ­пашысы. Ауламыздан осы турнирге 12 бала қатысты. Турнирде төртінші орынға тұрақтадық. Кәдімгі футбол турнирлеріндегідей «үйде-қонақта» секілді командалар бір-бірлерінің аулаларына барып ойнады. Осы турнирдің арқасында балаларымның компьютер ойнауға мүлдем құлықтары болмады, – дейді Руслан Қаратаев.

020
Сонымен, «Аулалық юниорлар лигасының» жеңімпазы
«7 Континент» командасы болды. Одан кейінгі орын «Отандас­тар» командасына бұйырды. Тур­нир қорытындысы бойынша «үздік шабуылшы» болып Аян Сейітжаппаров атанды. Ал «үздік қорғаушы» Әмірхан Есенов болса, «үздік қақпашы» аталымын Мирас Қайратов иеленді.
Енді бұл екі команда мен үздік ойыншылар «Милан» италиялық футбол клубынан шақырылған жаттықтырушылардың шеберлік сабағына қатысады. Аталмыш клубтың балалар академиясынан келетін өкілдері 23 тамызда Астанаға табан тірейді.
Шара соңына қарай ізбасарларына қолдау көрсету үшін «Астана» футбол клубының ойыншылары Ненад Эрич, Рохер Каньяс, Неманья Максимович, Азат Нұрғалиев және Юрий Логвиненко келді. Олар марапаттау рәсіміне қатысып, жас футболшылармен суретке түсіп, тілектерін жеткізді.

Орынбек  ӨТЕМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button