Әлеумет

Үнсiз телефондар үйi

АЗ-КЕМ АНЫҚТАМА
Ең алғаш «телефония» терминiн 1849-1854 жж. инжинер-механик Шарль Бурсель қалыптастырды.
Алғашқы телефонның бiр түрi 1875 жылы Грехэм Белл АҚШ-та ойлап тапқан. Оның аты «сөйлейтiн телеграф» едi. Сөйлесу ұзақтығы 500 метр.
Арада бiр ғасырға жуық уақыт өткенде ең алғашқы ұялы телефондар пайда болды. Ұялы телефонмен жасалған алғашқы байланыс тарихы 1973 жылдың 3 сәуiрiнен басталады. Иллинойс технологиялық институтының түлегi Мартин Купердiң өнертапқыштық бұл жаңалығын қазiр әлем халқының жартысына жуығы күнделiктi қолданып отыр. Ең алғашқы ұялы телефон салмағы 1,15 килограмм тартатын.
Астана елорда болғалы мұнда сан алуан мұражайлар ашыла бастады. Олардың экспонаттары кiм-кiмдi де тарих беттерiн парақтауға итермелейтiнi ақиқат. Жуырда соны бiр мұражайға бас сұққанымыз бар едi. Сол жердегi көздiң жауын алар «қоңыраулы» құндылықтар туралы көпшiлiкпен бөлiсуге асықтық.

«Астанателеком» ҚТО мекемесiнде ескiлiктен келе жатқан көне құрылғылар мұражайы бар. Қандай құрылғы екенi айтпаса да түсiнiктi болар. Бұл – телефондар мұражайы. «Ұрпақ пен уақыт байланысы» деп аталады. Бұл жерде бүкiл Ақмола өңiрiнен жиналған экспонаттар қойылған.
Мұнда келген адам тек телефонның түрлерiн ғана емес, осы тектес неше түрлi заттарды көрiп тамашалайды. Ескi кинокамера, тұңғыш фотоаппарат үлгiлерi, соғыс кезiндегi патефон, алғашқы есептеу машиналарының түрлерi, көнеден келе жатқан шырағдандар, ең бiрiншi теледидар, репортерлiк портатиптi транзисторлы магнитофон, телеграфтық аппарат және т.б. Қарасаң, бәрi де қызық. Адамның тұтынуына жараған техникалық жабдықтар. Бiрiнiң көлемi тым үлкен болса, екiншiсi өте кiшкентай. Көз алдыңа әр заманның озық үлгiлерi саналған дүниелер тiзбектеле бередi.
Бiрақ бұл жердiң ең негiзгi «қонағы» – АТС-54 декадты қадамдық автоматтандырылған телефон стансасы. 1961 жылы шыққан бұл жабдық Кеңес өкiметi кезiндегi дамыған телефон байланысын қамтамасыз еткен. Бар қаланың телефондық байланысы осы тектес қондырғының басында отыратын телефонистермен тiкелей басқарылатын болған. Бiр телефонды келесiсiмен қосу үшiн дарылдаған даңғаза шудың астында сағаттап, тәулiктеп отыратын қызметкерлердiң жұмысы шынында да өте ауыр болған-ау деп түйдiк. Үйде отырып әр санды басқан адам ештеңе сезбегенi қандай жақсы болған. Ал ол шуылдың бәрi осы стансаның басында отырған телефонистердiң құлақ құрышын әбден-ақ қандырған сыңайлы. Зиянды жұмыстың бiрi телефонистердiкi болғаны айтпаса да түсiнiктi. Байланысты өшiрiп қою үшiн сол телефон нөмiрiндегi абонентке бекiтiлген кiшкентай болтты суырып алып тастайды екен. Ондай жайттар ақшасы уақтылы төленбеген кездерде де болып тұрған. Қазiр тарих қойнауына сiңiп бара жатқан стансаның уақыт талабына сай дамытылған түрлерi шыққаны қуантады.
1943 жылы шығарылған индукторлы далалық телефон аппараты адам көзiне бiрден түседi. Шағын. Баяғы немiстер туралы көп киноларда көретiн шпиондардың ұстап жүретiн рациялары сияқты. Мына бiр мыстан жасалған зор аппарат – қабырғаға iлiнетiн шахталық телефон екен. Өзi үлкен. Ебедейсiз-ақ. Сыртынан қарасаң, ас үйдегi ет турағыштай. Шахтерларға тоқтың сымынан ұшқын шығып кетпеу үшiн арнайы түрде осындай мыс телефон жасалыпты. Ал алғашқы теледидардың экранының алдында су құя-тын қорапшасы бар. Бiр қызығы теледидарды қосқанда осы қорапшаға су құйып қойса, экран ұлғайып кетедi екен. Көзбен көрмеген соң, бұл әңгiме бiзге ертегiдей әсер еттi. Алғашқы ұялы телефондар тұр. Өткен ғасырдың сексенiншi жылдарында шыққан «ауыр кiрпiштер» де бiреуге арман, бiреуге қиял-ғажайып көрнекi дүние болды-ау деген ой келдi санаға?! Мiнекей, оларда ендi мұражайдың құндылықтарына айналыпты.
Тәуелсiздiкпен бiрге телефонистер өмiрiнде де елеулi өзгерiстер орын алды. Шуылдақ стансалардың орнын компьютер басты. Компьютер күллi әлемдi заманауи жүйеге икемдедi. Телефон торабы да автоматтандырылды. Бiр түймемен, бiр қаланы басқаратын деңгейге жеттiк. Оны айтасыз, тiптi сымсыз жүйе сандық сипатқа ауысқалы теледидардан көрем деген көркем фильм мен қалаған бағдарламаңызды сан айналдырып көре беруiңiзге жағдай жасалды. Заман ағымы үдеген сайын телефон желiсi одан бетер дамып келедi. Қазiргi таңда телефон мен интернеттi сымсыз WLL желiсi бойынша қостыруға мүмкiндiк бар. Ол мейлi шахта болсын, әлемнiң ең биiк нүктесi болсын, телефонды қалтаңызға сала жүрiп сөйлесе бересiз. Уақыт өте келе бүгiн бiзге таңдай қақтырып тұрған мұндай керемет желiнiң де мұражай мұрағатына айналмасына кiм кепiл?

Шынар ӘБIЛДА,
Сұлтан Сейiт (фото)

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button