Басты ақпарат

«Үркерліктердің» үміті үлкен

Елорданың сыртындағы елді мекендер тұрғындардың жайлы әрі өмір сүруге қолайлы инфрақұрылымы бар шағын аудандарға айналады. Қазір бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, мектептер мен аулалар, қоғамдық кеңістіктер, жылы аялдамалар салынады. Көшелерге электр шамдары орнатылып, жаңа автобус бағдарлары іске қосылады. Әр үйге интернет желісін тарту да тұрғындардың тұрмысына жағымды жағынан ықпал етері сөзсіз. Жуыр­да қала басшысы Алтай Көлгінов «Үркер» елді мекенінің халқымен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдап, оларды шешу жолдарын бірлесіп талқылады. Қала әкімі Алтай Көлгінов «Үркер» елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар кездесуде кәріз жұмыстарын аяқтауды, мектеп, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер салуды, көшені жарықтандыруды, интернет қосуды, жылы аялдамалар орнатуды, жаңа автобус бағдарларын іске қосуды сұрады.

[smartslider3 slider=1948]

«Үркер» (Ильинка) елді мекенінің тұрғындары көтерген мәселелерді қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді деп бөлеміз. Мысалы, «Үркер» елді мекенінің өзінде екі жылда 73 км кәріз желісі, 17 кәріз сорғы стансасы, 51 шақырым жол және 127 мың шаршы метр тротуар салынды. Сондай-ақ 6 кәріздік сорғы стансасына электрмен жабдықтау жүргізілді, бірқатар сорғыларды жөндеу және ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Мұның бәрі қала тұрғындарының қолайлы өмір сүруіне мүмкіндік берді. Инженерлік желілер бойынша тиісті жұмыстарды биыл да жалғастырамыз» деді қала әкімі.

Алтай Көлгіновтің айтуынша, биыл елді мекенде газ тарату желілерінің құрылысы басталады. Сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау қызметкерлері үшін жатақхана, өрт сөндіру депосы, 1800 орындық мектеп (екі ауысымды, Е639 және №201 көшелердің қиылысы) құрылысы жоспарланып отыр.

«Тұрғындар бос уақытын өткізе алатын орындарға көңіл бөлу де маңыз­ды. Былтыр екі қабатты коттеджді аула клубына айналдырдық. Онда балалардың да, ересектердің де бос уақытын қолайлы әрі тегін өткізуге барлық жағдай жасалған, бірқатар қоғамдық кеңістіктер салынды. Сондай-ақ «Үркерде» дене шынықтыру-сауық­тыру кешенін салып жатырмыз, Доспамбет жырау және Айғыржал көшелерінің қиылысында тағы бір қоғамдық кеңістік салуды жоспарлап отырмыз. Қала тұрғындарынан аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру үшін жаңа орындар бойынша ұсыныстар қабылдаймыз. Тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, жаңа автобус бағдарларын іске қосамыз, жарықтандыру, жол салу және тағы басқа жұмыстарды әрі қарай жалғас­тырамыз. Біздің мақсатымыз – қала сыртындағы елді мекендерді жайлы әрі өмір сүруге қолайлы инфрақұрылымы бар шағын ауданға айналдыру» деді елорда әкімі.

Қала басшысы Президенттің тапсыр­масы бойынша елордадағы 16 елді мекенді жүйелі дамыту бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button