Ұрпақ тәрбиесі ұлтқа ортақ
Ұрпақ тәрбиесі – бір ұлттың келешегіне қатысты ұлы іс. Жастары жалынды, ұлттық рухы, отаншылдық махаббаты күшті елдің ертеңі де нұрлы. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деп қарайтын халқымыз ұл мен қыздың тәрбиесіне ежелден айрықша ден қойған.
Қазір дәуір жаңаланды, таным- түсінік те өзгерді. Әлемдік беталыс барлық ұлттың болмысына, ұрпағының сана-сезіміне, таным-түсінігіне әсер ете бастады. Осы үдерістің әсерінде, яғни жаңа заманның дамуына байланысты қазақ халқының тұрмысында үлкен өзгерістер орын алып, ұлтымыздың ұрпақ тәрбиесі үлкен сынақтарға дөп келді. Урбанизацияның тездеуі, әлеуметтік желінің өміріміздің айырылмас бір бөлшегіне айналуы ұрпақ тәрбиесін басқа арнаға бұрды. Атап айтқанда, бұрын қызды шеше тәрбиелесе, қазір көше тәрбиелейді, ұл әкеге қарап емес, экранға қарап өсетін жағдайға жеттік. Тасқын сел секілді екпіндеп келген бұл әлемдік ағыс басқа ұлттарға еліктегіш, өз ұлтын қор, өзге ұлтты зор санайтын, ұлттық идеологиясы әлсіз ұлттарды, тіпті тез тереңіне тартып, үйіріп әкетіп барады.
Бұрын баланың тәрбиесі ұлттық бітім-болмысты өзек ете отырып, бір отбасының, бір рудың, бір ауылдың тәлім-тәрбиесі арқылы қалыптасса, қазір баланы қоғамдық орта, мектеп (ұстаз) және отбасы сынды үш жақ өзара сәйкесе отырып тәрбиелейтін дәуір. Алайда жоғарыда айтқанымыздай, бала елдің дәстүріне емес, әлеуметтік желінің ықпалына көбірек бағынатын бүгінде қоғамның, қоғамдық ортаның тәрбиесі айтарлықтай болмай тұр. Яғни қоғамдық ортаның бала тәрбиесіне болған кері ықпалы күшейіп барады. Қоғамның ең маңызды бөлшегі саналатын жұртшылық та төңірегіндегі балалардың тәрбиесіне болған бақылауды әлдеқашан ұмыт қалдырды. Мәселен, бұрын қазақ ауылдарында біреудің баласы әдепсіз болса, үлкендердің алдында оғаш қылық байқатса: «Мынау қай көргенсіздің баласы?», «Мынау қандай тексіз еді?» деп үлкендер жағы зекіп тастап жататын. Балалар төбелесіп немесе ұлттық қасиетке жат қылық көрсетіп жатса, ол кімнің баласы болса да ұрсып, жаман әдетіне тосқауыл қоюға тырысатын. Жақсылығын көрсе жақтап, аузынан тастамай мақтап, көтермелеп, демеп, жебеп отыратын. Яғни ауылдың ақ сақалды аталары мен ақ самайлы апалары ұлт, отбасы тәрбиесін қадағалап отыратын ең негізгі бақылаушысы іспетті еді. Қазір сол асқар тау аталардан, ақ ниетті апалардан қадір-қасиет кетіп қалған ба, жоқ әлде біреудің баласында нем бар дейтін өзімшілдік идея өркен жайып үлгерген бе, кім білсін, біз көріп жүрген қарттардың бәрі айналасына самарқау қарайтын үнсіз жандарға айналған. Төңірегінде біреудің баласы боқ ауыз сөз айтып жатса, «мынау не деп тұр, ей?» деп аса таяғын көтеріп, балаға сес көрсететін қарттар қазір атымен жоқ. Көшеде балалардың аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатса да, оған әй дейтін әже, қой дейтін қожа қалмады.
Жақында мынадай бір жағдайға куә болдым. Біз тұратын тұрғын үй кешенінің маңында балалар ойнайтын үлкен алаң бар еді. Жасыл желек жамылған, балалар ойнайтын әртүрлі жабдықтар қойылған алаңда жаз күндері демалып, әңгіме соғып отыратын қарттар да аз емес. Күн жексенбі еді, балаларды ойнатып жүргенмін, алаңқайда ойнап жүрген екі-үш ұл баланың сөдегей әрекеттері мен былапыт сөздері назарымды бұрды. 7-8 жас шамасындағы балалардың айтып жатқан боқтық сөздерін естісең төбе құйқаң шымырлайды, төңірегіндегі ешкімнен именбей жіберіп жатыр. Алаңның шетіндегі орындықта әңгіме соғып отырған ақсақалдар да әлгілердің былапыт сөздерін естіп отыр. Бірақ «тәйт әрі» деп біреуі үндеген жоқ. Қасымдағы баламнан ұялғанда екі бетімнен отым шығып, «Әй, балалар, байқап сөйлеңдер, мынау әлеуметтік орта, үлкен бар, кіші бар, ұят емес пе?!» дедім шыдамай. Балалар үндемей тұрып қалып еді, мына жақта отырған бір келіншек орнынан атып тұрып «Сенің оларда шаруаң қанша?» деп шабынып шыға келгені. Оның шаңқылдаған дауысынан балалар ойынын тоқтатып, үлкендер әңгімесін үзіп, үдірейісе қалды. Ал анау «мықты болсаң өз балаңды дұрыстап тәрбиелеп ал, елдің баласында нең бар?» деп екі бүйірін таянып, тебінтіп алдыма келді. «Мынау әлеуметтік орта ғой» десем, «Әлеуметтік орта болса да сенің жұмысың қанша? Әлде осы араның тәртіп сақшысы сен бе едің?» деп одан әрі шабынды. Сөздің жөнін ұғар түрі жоқ. «Қайран сөзім қор болды-ау» деп бұрылып кете бердім, анау бір талайға дейін артымнан шаңқылдап жатты. Өз басым мұны біздің ұлттық тәрбиенің сұйылып бара жатқанының, қоғамның бала тәрбиесін бақылаудағы рөлі мүлде қалмағанының көрінісі деп бағаладым. Бұрын біреу «әй, мынау кімнің баласы, не тантып тұр?» деп зекіп қалса, сол баланы қойып, оның әке-шешесі де кірерге тесік таппай қалатын. Осындай ортада өскен балалар да үлкендердің алдын кесіп өтуден именетін, айналасындағы адамдардан сәл де болса жасқанатын еді. Ал қазіргі балалар төңірегіндегі адамды қойып, ұстаздарының да сөзін тыңдамайды. Себебі қазір баласын мектепке бергенде «сүйегі менікі, еті сенікі, білім үйрет, жақсылап тәрбиеле» деп ұстаздарға сенім артатын ата-ана жоқ. Керісінше, баласына зекіп немесе асып бара жатса жұлқып қалса, «менің балама зекитін, қол тигізетін сен кімсің?!» деп шу шығарып мектепке баратын, «сені сотқа берем» деп құқай көрсететін ата-ана өте көп. Осыны көрген бала қайдан оңады?! Бастапқыда ата-анасынан басқа ешкімді көзге ілмейтін өркөкірек, өзімшіл болса, есейе келе ата-анасын да адамсынбайтын алкеуде болып шығады. Қазақ мұны «бетімен кеткен» деп атаған. Өкінішке қарай, қазір біздің ортамызда осындай ұрпақ өсіп келеді. Көшеде кішкентай қыздардың ешкімнен именбей темекі шегіп тұратыны, етек-жеңін енді түзей бастаған жастардың көшеде құшақтасып, ешкімінен именбей тұра беретіні – соның көрінісі. Егер қоғамдық ортада барлық адам ұлттық тәрбиені қадағалаушы, ұлттық дәстүрді дәріптеуші болса, жақсылыққа жақтаушы, жаман әдеттерге тосқауыл қоюшы болса, жастарымыздың бойында төңірегіне іс қылатын, ұлттық әдепке бағынатын әдет жоғалмаған болар еді.
Әрине, қазір әлеуметтік ортаның әдебі заңмен де қадағаланады. Бірақ қайсы ел, қай дәуірде де заң моральдан жоғары емес. Моральдық қасиет үстем орында тұрмаған жерде заң да салтанат құра алмайды. Демек жазамен, айыппұлмен қорқытып, әдепті ұрпақ тәрбиелей алмаймыз. «Ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш ауыз сөзбен бала тәрбиелеген қазақ ұятты әрекеттің өлшемі, жамандықты барлық сәтсіздіктің басы, обал-сауапты жанашырлық сезімнің негізгі арқауы еткен. «Жаным малымның, малым арымның садағасы» деп ар-намысты дүние-мүліктен, байлықтан әрқашан биік қойған. Рухани тазалық пен ұлттық құндылықтан гөрі заттық байлық алға озған қазіргі таңда біздің ұрпақ тәрбиесіндегі ескерусіз қалдырған тұсымыз – осы. Бәріміз «Балам білімді болсын» деп оқытуға ден қойғанымызбен, тәрбиесіз берілген білімнің қатерлі екенін көбіміз ескере бермейміз.
Жанар ЖАЙЛАУБАЙҚЫЗЫ