ӘлеуметҚала мен СалаСұхбат

ҰСАҚ БҰЗАҚЫЛЫҚҚА КӨЗ ЖҰМА ҚАРАМАУ КЕРЕК

МАЛЫБАЕВ2

Елімізде темекі тұқылын лақтырып кету, көшені ластау, мас болып, қоғамның тыныштығын бұзу сынды тәртіпсіздіктердің өзіне немқұрайдылық танытпай, оларды әкімшілік жазаға тарту үшін «мүлдем төзбеушілік» қағидаты енгізілгені белгілі. Осынау жүйенің тиімділігі жөнінде Астана қаласы Ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаевпен тілдескен едік.

– Бақытжан Әсембекұлы, «мүлдем төзбеушілік» қағидаты қоғамдағы тәртіпсіздіктерді ауыздықтауға қан­шалықты ықпал етті? Нәтижесі қандай?

– Мұндағы мақсат – ұсақ құқық бұ­зу­шылыққа тосқауыл қою арқылы үлкен қыл­мыстардың алдын алу. Біздің қоғамда көшеге қоқыс тастау, темекі тұқылын лақтыру сынды ұсақ бұзақылықтарды көрсе де көрмегендей сыңай таныту әлі де бар. Шынтуайтында, кейде осы ұсақ-түйек тәртіпсіздіктің соңы үлкен қылмысқа әкеліп жатады. Сондықтан, әр азамат мұндай келеңсіздікке көз жұма қарамау керек. Қазір көліктің терезесінен темекі тұқылын немесе қоқыс тастаған адамның өзі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жыл басынан бері Астанада әкімшілік құқық бұзған 55 425 азамат анықталды.  Соның ішінде ұсақ бұза­қы­лық жасағандары – 3462. Ал 535 азамат әкімшілік қамауға алынса, 2904-іне айыппұл салынды. 16 806 азамат мас күйінде, 7316-сы темекі тұқылын тас­тағаны үшін ұсталды.

Өзіңіз айтқандай, кішігірім  бұзақылықтарға жол бермеу – үлкен қылмыстардың алдын алу деген сөз. Осы бағытта қандай жұмыстар жүр­гізіліп жатыр?

– Жалпы, құқық бұзушылықпен күресуде күнделікті жүргізілетін жұ­мыстардың нәтижесі көп. Бүгінде қаланың жол-патрульдік және учаскелік полиция қызметкерлері қоғам ты­ныштығын күзетіп қана қоймай, қала тазалығына да ерекше ден қояды. Сақ­шыларымыз елорданың тазалығына нұқсан келтірген ұйымдарды да назардан тыс қалдырмайды. Полициялар айналасын ластаған 150-ден астам ПИК ұйымына жалпы сомасы 2,5 млн теңге айыппұл салып, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Мұндай жазаға тартылғандар енді қала тазалығына ыждағатты қарайтыны сөзсіз. Сондай-ақ, ұсақ бұзақылықтың алдын алу мақсатында жұртшылыққа ақпараттық-насихат жұмыстары, студенттер арасында көшпелі сот отырыстары да ұдайы өткізіліп келеді. Осы жылдың басынан бері 32 көшпелі сот отырысы өтті.

Қазіргі күні «Мүлдем төз­беушілік» қағидасы жұртшылық санасына қаншалықты сіңді деп ойлайсыз?

– Осы тұрғыдан бүгінде әжептәуір ілгерілеушілік бар. Бұрын қоғамдық орындарда, аялдамаларда шемішке шағып, темекі шегіп тұрған адамды жиі көзіміз шалатын. Қазір мұндай құбылыс көп кездеспейді. Мұның өзі біраз жайтты аңғартса керек. Бұған қоса, құқық бұзушылықтарды фото-бейне белгілеу арқылы анықтайтын «Халықтық ба­қылау» функциясының да қосып жат­қан үлесі көп.  Бұл қағидатқа қоғамды одан әрі үйрету, ұсақ бұзақылықтарды азайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта та жалғасын таба бермек.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button