Басты ақпаратМәдениет

ҮШ ДАРЫН БІР ДИНАНЫ СОМДАДЫ…

Жексенбі күні елордалықтар екінтіде екеу-үшеу болып, Бейбітшілік және келісім сарайының есігін бетке алды. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық академиялық драма театрының жаңа дүниесі Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың «Даланың күйші Динасы» драмасын тамашаламақ.

…Сахнаның төрінде кимешегі қарқарадай Дина Нұрпейісованың күй тартып отырған қоңырша келбеті көрінді. Тарамыс саусақтары сағағында, білезік тұсынан біресе төмен, біресе жоғары билеген буынсыз қолы шанағында, домбыраның қос ішегін іліп, шалып, іші-бауырыңды бебеулетіп барады. Сілтідей тұнған халық бейнефильмнің күйші түскен кадры тарқатылып біткен кезде дүр-р еткен кептердей дуылдата қол соқты. Іле, сахнаға Ахмет Жұбанов (Жанқалдыбек Төленбаев) пен Дина шешеміз (Гүлбаршын Қылышбай) шықты.

– Құрметті жолдастар, бүгін біздің ортамызда заманымыздың заңғары, даламыздың дара күйшісі Дина Нұрпейісова!-деді саңқылдай сөйлеп. Академик күйшіге халық өнерпаздарынан құралған шағын топтың өнерін көрсетіп, күйді насихаттауға ден қойғанын айтты.

Бұдан әрі Ахмет пен Динаның диалогы өнер турасында, өнердің құдіретін таныған тәмам ел жайында, күй мен күй атасы – Құрманғазы туралы өрби келе, «Бұлбұл» күйінің шығу тарихына тоқталды.

Одан әрі әртістің ойыны сөйледі… Сарғайған сартап уақыттың белгісіндей, сарғыш реңді сахнада құлындай ойнаған, тұлымы бұрымға татымайтын бүлдіршін Дина (Айнұр Жетпісбаева) шықты. Ол даланың даусын, тіпті заңғар аспандағы жұлдыздың үнін естиді. Динаның анасы (Майра Омар) қызының көңіл толқынын танып, қолдайды. Ал, жеңгесі (Бақыт Жұмағұлова) қыз баланың жай-күйін түсінуге шорқақ. Көрші ауылға Құрманғазының келгенін естіген қолқалап, өзін ертіп баруға ақыры анасын көндірді. Барды.

Күйшінің өзін көрді, жүзін көрді. Халық Байғали қарттың (Жәнібек Мұсаев) ауылына келген Құрманғазыға құрметін танытып, өзіне де, өнеріне де тәнті. Кеу-кеулеп, әңгіме айтқызды. Зорлықпен түрмеге түсіп шыққан күйші Сарыарқаның салқарын домбырасының сағағына іліп, шартарабын шанағына салып қайтыпты. Көпшілік сол күйді тартуын өтінді. Құрманғазының қолына домбырасын алғанын көзі көрген көрермен де құлағын тігіп, ерекше зейін қойды. Іле, сахнадағысы бар, залдағысы бар, бәрі бебеу қаққан бір домбыраны емес, без-без еткен бірнеше аспаптың бүгінгі үнін  естіді. Апыр-ау, Дина іздеп келгенде Құрманғазы күйді өзі тартпап па еді?..

Режиссер Нұрлан Жұманиязов жаңа туындының мазмұнын байытуға талаптанған. Қазақ күйінің құдіреті һәм күй анасы туралы қойылған спектакльде бел-белесті дәуірдің құбылысы көрініс береді. Дина Құрманғазының «Төремұратын» тартпақ болғанда Әлімбек (Аманжол Молдахметов) деген біреу жаны күйіп кетіп «Неге?! Неге Дина? Менің де балам тартады» деп баж-баж ете қалды. Қай заманның да шалғайына жармасқан іштарлықтың кесірінен пьесаның желісіне еніп, елтіп отырған қауым күйдің сарынын жоғалтып ала жаздады. «Абырой болғанда», күйші бала (Дәурен Ысмайл) жаңа шыққан күйді әлі үйренбепті. Осы кезде сахнада сол уақытқа дейін Құрманғазыдан бата алуға келген бала Динаның орнына, күйші Дина болып шыққан Аягөз Елеусінова «Төремұратты» төкпелеп төгіп берді.

Осылайша, «күй атасы» мен «күй анасының» біртуар талант екенінің дәлеліндей, Құрманғазыны қауым болып, бір дананы үш дарын  бірігіп алып шықты.

Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының репертуары жаңа бір музыкалық драмамен толықты. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, композитор Серік Еркімбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, хормейстер Амантай Жұмашев пен музыкамен көркемдеген Марал Мырзақұлова театрдың мәртебесіне лайықты еңбек еткен.

Шығыс жұртында, мұсылман әлемінде таң алдындағы туысы бөлек шолпандай бір жұрт бар. Ол – қазақ халқы. «Қыздың жолы жіңішке» болғанымен, ерік- жігерін байламаған. Динаның Құрманғазыны іздеп келіп, оған 9 жасынан 19 жасына дейін шәкірт болып ілесіп жүруінің өзі айрықша құбылыс. Абыз даладан түйгені бар, ардақты ұстазынан білгені бар, Динаның жүрегіне тұнған күй құдіреті шанақ пен сағақтан сарқырама күй болып ақтарылады. Спектакльдің соңында шығып сөйлеген автор Фариза апамыз айтқандай, «арнайы музыкалық білім алмаған, нота білмеген даланың осындай дарыны бұрынғы-соңғы әйел затында бары-жоғын естіген де, емеспін, білген де емеспіз». Ол үшін ерік пен жігерден бөлек, асқан зейін, бай зерде керек. Осынау қасиет көкірекке тұнған күйді жұмырлап, жұптап қос ішекке алып шығар. Рас, қыз жаны сыршыл, қыз мінезі сынық болуы керек шығар.

Рас, Дина қызды Құрманғазыны іздеп барып, бата алар күнгі көңіл толқынысы мен тордағы бұлбұлдың хәлі ерекше толқытқан шығар. Бірақ, қазақ қызы көп алдында жүрегінің дірілін сықсыңдап жылап білдірмесе керек-ті… Басқа-басқа, Дина олай етсе, көңілі лықсытқан көз жасымен бірге алпыс екі тамырын кернеген күй домбыраның шанағы мен ішегіне жетпей сол арада «суып қалмай» ма!?. Дегенмен, Фариза ақын айтпақшы, «көш жүре түзеледі, бұған дейін Дина туралы, даланың академиялық туындысы күйдің құдіреті туралы мұндай сахналық тумаған. Сондықтан, қаз-қаз қадамның қарышты боларына сенеміз. Өйткені, мұны қолға алып отырған – академиялық деңгейлі театрдың актерлері.

Ең бастысы, туғанына 150 жыл толған даланың дана күйшісі Динаның, кешегі қызыл кеңестің ықпалына елікпеген Динаның тойына толымды тарту болды. Қазақстанның халық әртісі, Халық өнерпаздарының 1937 жылы өткен республикалық байқауына қатысып 75 жасында халық аспаптарын тартатын өнерпаздардың Мәскеуде өткен Бүкілодақтық бірінші байқауында, одан кейін 1944 жылы 83 жасында Орта Азияның бес республикасынан өнерпаздар қатысқан Ташкенттегі онкүндікте жүлдегер болған Динаның аруағын аунатқан авторлар мен актерлердің жеңісі мен еңбегі.

2010 жылдың 24 ақпанында Президенттік мәдениет орталығының концерт залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Қазақстан халқының рухани даму қоры» Акционерлік қоғамы және «Ел» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» домбыра күйлері антологиясының таныстырылымы үстінде Айгүл Үлкенбаеваның орындауындағы Динаның «Бұлбұлы» осы спектакльде сайрады.

Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button