2022 - Балалар жылы

Үш сері

«Адамның бойында жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды» деген Жүсіп Баласағұнның нақыл сөзі бар. Әр адам өзінің адамгершілігімен, адалдығымен, қайырымдылығымен және әділеттілігімен өзгелерге қадірлі. Менің кейіпкерлерім дәл осындай жан жүрегі ізгілікке, шыншылдыққа, адалдыққа толы жандар. Олар – елордадағы №91 мектеп-гимназияның 5 «Ә» сынып оқушылары – Дулат Исмайлов, Бекболат Садман, Әлихан Серік.

[smartslider3 slider=3080]

Үшеуі де нағыз сегіз қырлы, бір сырлы «жігіттер». Көркем әдебиетті таласып оқиды. Еркін тақырып­қа керемет эссе жазады. «Мектепке кітап сыйла!» ­сияқты шараларға белсене қатысады. Өздерін үнемі жан-жақты дамытып, алға қойған мақсат-мұратына ұмтылады. «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады: адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы. Демек, адамның кішкентай кезінен бастап белгілі бір жетістікке жетуді армандауы – өзін ынталандыруы деген сөз. Өйткені мақсатына қол жеткізу үшін өз бойындағы ата-анасының қанымен берілген және өскен ортасынан үлгі қылған қасиеттерін пайдаланады. Әр адамның бойындағы ерекше қабілеті оны басқалардан өзгешелеп тұрады. Менің кейіпкерлерім – тура осындай жандар.

Үш сері үнемі ізденіс үстінде жүреді. Олардың сөйлеу мәнері, әдебі де өзгеше. Мұғалімдеріне кез келген ой-пікірін ашық айтып, ұсынысымен бөліседі. Не істесе де, бәрін ақылмен шешеді. Көпірме сөз бен даңғазалықты жек көреді. Ал Жүсіп Баласағұн айтқандай, «ақылды адамға екі дүниеде жол ашық».

Дулаттың бойындағы жақсы қасиеттің бірі – өзінің мұратына адалдығы мен табандылығы. Ол осы оқу жылының соңына дейін «Үздік оқырман» жүлдесін жеңіп аламын деп алдына мақсат қойды. Сол мақсатына табандылықпен жетті. Өзінің алдына нақты міндет пен тапсырма қойып, соны іске асыруға бар күш-жігерін жұмсады. Бұл – өзінің замандастарына үлгі-өнеге боларлық тамаша қасиет. Мақсатшыл адам ешқашан жеңілмейді.

Бекболаттың бойындағы ізгі қасиеттің бірі – ұйымдастырушылығы. Ол ой жалқаулығын жек көреді. Оқуға бар ынта-жігерін салады. Кітапханаға достарын ертіп әкелгені – ақылдығы әрі жан дүниесінің рухани байлығы. Ол өзі кітап оқумен шектелмей, білімнің қайнар көзіне оқушыларды тартуы – өте құптарлық іс.

Ал Әлихан – өте сабырлы, тиянақты оқушы. Берілген тапсырманы мүлтіксіз орындайды. Көбінесе өзіне тапсырылғаннан да көбірек істеуге тырысады. Өз-өзіне талапшыл, жауапкершілігі жоғары. Содан шығар, бірде-бір күнін ойсыз, оқусыз өткізбейді.

Үш серінің бір-біріне ұқсастығының жарқын көрінісі – ой-өрісінің, сезім-түйсігінің бір деңгейде болуы. Меніңше, алдағы уақытта мұндай қабілетті, талантты балаларды жан-жақты қолдап, олармен кеңірек жұмыс істеу керек. Ал зейінді және ақылды оқушыларға айтарым, адалдық пен шыншылдық жолынан таймаңдар! Өмірде жақсылықтың, ізгіліктің жолымен жүрсеңдер – барлық мұраттарыңа жетесіңдер! Сендерге әрқашан сәттілік, табыс серік болсын!

 Салтанат АЙТБАЕВА,

Нұр-Сұлтан қаласындағы

№91 мектеп-гимназияның кітапханашысы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button