Айтпайын-ақ деп едім!

Үш жылда үш тіл үйрену оңай ма?

Жақында Білім және ғылым министрлігінің шешімі бойынша, қазақ мектептері бұдан былай бірінші сыныптан бастап тек қазақ тілінде оқыса, орыс мектептері қазақ және орыс тілдерінде оқитын болды. Ал орыс тілі қазақ мектептерінде екінші сыныптан бастап, ағылшын тілі қазақ және орыс мектептерінде үшінші сыныптан бастап оқытылатын болды. Министрліктің бұл шешіміне әлеуметтік желі қолданушылар әртүрлі пікір айтып жатыр. Біреулер қолдаса, енді біреулер бірінші сынып табалдырығын аттаған барлық оқушылар мемлекеттік тілде сауат ашып, ағылшын, орыс тілдерін бала аздап оң-солын таныған кезде, яғни 5-сыныптан бастап енгізсе де кеш емес деп жатқандар бар.

[smartslider3 slider=3194]

«Атыңның басы бітіп, жорғасы қап па?» дегендей, Қазақстанда мемлекеттік тілдің көсегесін көгерте алмай жүріп, үш тұғырлы тіл деп тыраштанғанымызға біраз уақыт болды. Ата Заңда мемлекеттік тіл қазақ тілі деп жазылғанымен, мектептен тартып, мемлекеттік мекемелерге дейін мемлекеттік тілде толыққанды жұмыс істеп отырған жоқ. Сондықтан да тілі қазақша шыққан жасөспірім балабақшаға барған күннен бастап орысша сөйлей бастайтыны жасырын емес. Ол аздай әріпті енді үйренген балаға ағылшын тілін тықпаладық. Бірақ осы тәрбиеден үш тілде қатар сайрап кеткен бала шамалы. «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» дегендей, жас жеткіншектер ақыр аяғында ана тілінен де мандатып сауат ашпай, орыс тіліне бейімделіп шыға береді. Өйткені біздің қоғамдық ортамыз бен экран әлемімізде орысшаның десі басым.

Ал шетелде қалай? Мәселен, Қытайда бұрын аз ұлт тілдерінде оқитын ұлттардың (қазақ, ұйғыр, қырғыз… сияқты ұлттар) балаларына 3-сыныптан бастап қытай тілі сабағы енгізілсе, қытайлар 3-сыныптан бастап ағылшын тілін оқитын. Ал қазір жағдай толықтай өзгерді, өзге ұлт тілдерінде оқыту ісі жаппай тоқтатылып, тек қытай тілінде ғана оқитын болды. Біз басымызға көтеріп жүрген ағылшын тілін де оқу бағдарламасынан біртіндеп ығыстыра бастады. Яғни оқушылар ағылшын тілін үйренуге міндетті емес, бүгінгі Қытай оқу ағартуының беталысы осындай. Ал Жапонияда бұрын ағылшын тілі 5 сыныптан бастап оқытылатын. Дегенмен, ел билігі балалардың ағылшын тілі сауатын күшейту мақсатында 2020 жылдан бастап 3-сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту жөнінде қаулы қабылдады. Германияда да ағылшын тілі 3-сыныптан бастап оқытылады. Ендеше, біздің балалар үшін орыс тілі де – шетел тілі. Биыл қазақша, келер жылы орысша, үшінші жылы ағылшын тілін оқыған баланың миы көже боп кетпей ме? Алдымен министрдің өзі 3 жылда үш тілді бастап үйреніп көрсінші, қандай нәтиже шығар екен?!

Демек, бірінші сыныптан бастап барлық мектептер орыс-қазақ демей, мемлекеттік тілде оқуы керек. 3-сыныпқа келгенде шетел тілі ретінде орыс немесе ағылшын тілінің біреуін баланың өзі таңдауы керек. Мынау қазақ мектеп, мынау орыс мектеп, мынау аралас мектеп деген қоғамда айқын жік қалыптастыратын оқу түзімі де бізге керек емес. Егер керек болса, онда орыс мектепте оқи ма, аралас мектепте оқи ма, мемлекеттік тіл міндетті пән ретінде оқытылып, жыл соңында қазақ тілі емтиханынан өтпесе, сынып аттатпау керек. Жоғары оқу орнын бітіретін түлектерге де мемлекеттік тілді игеру деңгейін анықтайтын емтихан нәтижесі болуы шарт етілуі керек. «Болашақ» бағдарламасымен оқитын жастар, ең алдымен, мемлекеттік тіл өткелінен өтуі тиіс. Сонда ғана қазақ тілінің тамырына қайта қан жүгірер еді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button