Ұшақ апаты. Түркі мемлекеттері ұйымы мәлімдеме жасады
Түркі мемлекеттері ұйымы Ақтау маңындағы ұшақ апатында қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ хабарлаған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
— Қазақстанның Ақтау қаласының маңында «Әзербайжан Хава Йоллары» компаниясына тиесілі ұшақ «Баку-Грозный» бағытындағы рейсті орындау барысында апатқа ұшырағаны туралы хабарды ауыр қабылдадық. Қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамыз, жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тілейміз. Біздің барлық ой мен дұғамыз осы қайғылы оқиғадан зардап шеккен бауырларымызбен бірге. Осы қайғылы кезеңде біз зардап шеккен барлық мемлекеттердің халықтарына шыдамдылық тілейміз және көңіл айтамыз, — делінген Түркі мемлекеттері ұйымының «Әзербайжан Хава Йоллары» әуекомпаниясына тиесілі ұшақтың апатқа ұшырауына қатысты мәлімдемесінде.
Еске салсақ, Әзербайжан елордасы Бакуден Ресейдің Грозный қаласына бағыт алған әуе кемесі Қазақстан аумағында апатқа ұшырады.
Бұған дейін еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау қаласы маңындағы әуе апатынан мерт болған отандастарымыздың аты-жөнін жариялады.
Сондай-ақ, ұшақ апатынан қаза тапқан әзербайжандықтардың мәйіті жақын арада елдеріне жіберілетіні айтылды.