1 желтоқсан - ҚР Тұңғыш Президенті күні

Үшқоңыр ұшырған үміт

Мен ғана емес, бүкіл әлем Елбасының туған жерін көргісі келеді. Оның өскен ортасын, оқыған мектебін, білім көгіне, тіршілік нәріне ұмтылысын білуге құштар. Бұл мақсат мені де талаптандырды, Қаратаудан Алатауға аттаныс жасатты.

[smartslider3 slider=1167]

Осыдан бірнеше жыл бұрын барған Қаскелеңді бүгін тану қиын, айырмашылық жер мен көктей. Өсіп, өркендеп кетіпті. Арасы Алматымен  атшаптырым болатын Қаскелең қазір жер жағдайымен жанасып жатыр. Тіпті үзіп алатын алақандай жер жоқ, жол бойы көкпен көмкерілген, жағалай тұрғындарға қажетті барлық сауда орындары салынған. Базар да бар, оған көз салған назар да бар. Бұрын суреттен тамсана, қызыға қарайтын капиталистік елдерден бүгінде жер жәннаты Жетісу еш кем емес.

Бұл жерде Қарасайдай батыр шыққан,

Талқандап жоңғарлардың туын жыққан.

Елбасы да туылған осы жерде,

Өсер елдің мұң-мұқтаж жанын ұққан, – деп жырлағандай, бұл жердің бағы бөлек. Оны Елбасымен байланыстырсақ жеткілікті.

Бұл Қаскелең қазір Қарасай атында. Ол Қарасай батырдың құрметіне қойылған. Біз тарихтың тереңінен тағылым теріп, ауданның арғы шежіресін айшықтап көрдік. ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде Қалдан Серен бастаған жоңғар басқыншылары жүз мың қолмен бейқам отырған елді астан-кестен етіп, шауып, тонап, халықтың бейбіт өмірін быт-шыт қылды. Екі жүз жылға жуық соққы беріп, қазақтарды әбден ызаға булықтырып, кек қайтаруға итермеледі. Қазақ батырлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Қарасай қол бастап, қазақ жерін жоңғардан азат етті. Ер жүрек Наурызбай алдымен қалмақтың ханы Қасгэлэнді, сосын Шамал ханды жекпе-жекте өлтірді.

1998 жылы Қазақстан Республикасы Президенті ­Н.Назарбаевтың Жарлығы бойынша Қаскелең ауданы Қарасай ауданы болып қайта аталды. Қазір ауданда 300 мыңнан аса халық, 32 ұлт өкілі бар.

Қазір республикаға белгілі ән «Үшқоңырды» «Мұзарт» триосы нақышына келтіре орындайды. Осы әннің сөзін Нұрсұлтан
Назарбаев жазған. Әнді тыңдаған сайын  кіндік  кескен туған  жердің қасиеті мен құдіреті көңілге ұялап, ерекше сезімге баурай бастайды. Сөзі мен сазы үйлескен және оны орындау шеберлігі жарасқан ән шын мәнінде керемет. Сол әннің мән-мазмұны өскен өңірдің ыстық сезімдеріне, сүйіспеншілік иірімдеріне жетелеп, алыстан мен мұңдаған ауылдың дархан көңілін елестетеді. Елбасы өзі өскен Үшқоңыр жайлауын осындай шабытпен шебер суреттеп, перзенттік пейілі мен сағынышын өлеңмен өрген. Қай адам болсын, оны ықыласпен қабылдайды. Сол сезімнің сыйы бізді Үшқоңырдың етегіне апарды. Көктемгі көкмайса табиғаты, аспанмен таласқан заңғар биігі, беймәлім тылсымға толы жартастар, қар суынан қомақты көлге айналған айдындар Үшқоңырдың мәртебесіне мерей қосып тұр. Сұлулық десе осыны айт, көз тоймайтын керемет көп. «Құдайдың құдіретін көрем десең тауға бар»  дейтін теңеудің шындығын осы жерден анық аңғардық.

Бұл тау – Елбасының ата қонысы. Таудың бергі беті – Шамалған ауылы. Осында оқып, осында замандастарымен тай-құлындай тебісіп өскен орта. Бүгінде заманға лайық келбетке еніп, тұрғындардың қала өмірімен қатарлас тіршілігі тебіндеп тұр. Шіркін-ай, ауыл деген осындай болсын дейтіндей маңызға ие. Мұнда бірнеше ұлт өкілі бар. Мысалы, қазақтар саны – 12449, орыстар – 3228, ұйғырлар – 38, түріктер – 1614, жалпы 18812 адам тұрады. Бір үйдің баласындай берекесін берік ұстап, уақыттың көшінен кем түспей еңбек еткен ауыл адамдары Елбасымен мақтанады, араларынан ұлт көшбасшысы шыққанын шынайы түрде айтудан жалықпайды.

Шамалған 1918 жылы құ­рылыпты. Ауыл аумағы 25951 гектар құрайды. Осы жердің 22216 гектары ауыл шаруашылығына тиесілі, қалған бөлігі жайылым. Құрамына Еңбекші, Құмарал, Айқым, Үштерек, Сауыншы ауылдары мен саяжай кіретін Шамалған ауылдық округі ірі елді мекен. Нарыққа бейімделген ауылдың ажары да, берекелі базары да бар. Айталық, тұрғындар қажетін өтеуге түрлі қызмет орындары жұмыс істейді. Ауыл адамы үшін шағын және орта бизнестің орны бөлек. Бүгінгі таңда наубайхана, 53 дүкен, 2 асхана, базар, 5 дәріхана, 4 шаштараз, 2 жанар-жағар май станса, 2 көлік жөндеу орны ел сұранысын өтеп тұр. Бір таңданарлығы, бұл ауылда бірде-бір жұмыссыз жүргендер жоқ. Міне, осындай үлгілі ауыл үрдісін республиканың барлық аймағы алса, құба-құп болар еді.

Әріптесім, Қарасай аудандық «Заман жаршысы» газетінің бас редакторы Өтесін Құбиев бұл өңір туралы кең мағлұмат берген-ді. Жетпіс жеті жылдық тарихы бар газет – екі тілде шығады, ауданның жаңалықтар айнасы. Сарғайған газет тігінділері Қарасай ауданының өткені мен бүгінін бүтінде, айна-қатесіз білдіретін тірі куәгер десе жарасады. Осыған дәлел оқиғаға кезіктік. Бұл кешегі оқушы, бүгінгі Президенттің газетпен тығыз байланысын білдірумен қатар шығармашылық қабілетін де көрсетті. Комсомол белсендісі әрі озат оқушы Нұрсұлтан Назарбаевтың газеттің штаттан тыс тілшісі ретінде мектеп өмірінен, қоғамдық жұмыстар жайында жазған мақалалары келешекке ұмтылған кемел ойлылығын бірден танытты. Мысалы, мына екі хабары – сол шығармашылықтың бір белгісі.

ҚЫТАЙДАН КЕЛГЕН ХАТ

Қытай халық республикасы Сычуань провинциясы, Цзыгун қаласындағы 5-ші орта мектептің жас оқытушысы Чжоу Бай-Сяо ВЛКСМ Орталық Комитетіне хат жазып, советтік бір жас азаматпен таныстыруды өтінген. Бұл хат және оның суреті Қаскелеңдегі Абай атындағы орта мектептің оқушысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тапсырылды.

Төменде Чжоу Бай-Сяо жолдастың хатына достық жауап былайша берілді.

Сәлеметсіз бе, Совет Одағының ВЛКСМ Орталық Комитеті Сіздің өтінішіңізді орындап, Сізбен хат жазысып, достық байланыс жасап тұру үшін Сіздің хатыңызды, суретіңізді және Янцзы өзеніне салынған көпірдің суретін алдым.

Сізбен хат жазысып, достық қарым-қатынаста болуға шын жүректен зор қуанышты екенімді және өзімнің, сіздің арманыңыз Совет Одағымен жете танысу болса, Сізге қолымнан келгенше көмектесуге даяр екенімді білдіремін.

Алдымен, Сіздің хатыңызға жауаптың мұнша кешігуіне себепкер мен емес екенімді айтып кешірім сұраймын.

Мен Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Алматы облысы Қаскелең ауданы Қаскелең селосының Абай атындағы орта мектебінің 10 сыныбында оқимын. Бірінші сыныптан бастап бүгінге дейін өте жақсы оқып келемін. 1956 жылдан бері комсомол қатарындамын. Мен әке-шешем – осы Қаскелең ауданының Ворошилов атындағы колхоздың мүшелері.

Социализм орнату жолында орасан зор табыстарға жетіп отырған Ұлы Қытай халқының комсомол жастарымен тығыз байланыс жасап, жете танысу – біздің әрқайсымыз үшін зор қуаныш. Ал осы мүмкіншілік үлесіме тиіп отырған мен шексіз қуанатынымды тағы да қайталап айтамын.

Біздің советтік Отанымыздың жастары, сүйікті Коммунистік партияның зор қамқорлығын ескере отырып, әр уақытта өз Отанына пайда келтіруге тырысады. Ал мен орта мектепті бітірген соң жоғары оқу орындарының біріне түсіп, келешекте коммунизмнің саналы құрылысшыларының бірі болсам деп ойлаймын.

Менің Сізге өте көп сұрақтар қойғым келеді, бірақ бір хатқа оның бәрін сыйдыру мүмкін емес және бұл хатым тек таныстық хат. Келесі хаттарда бір-бірімізден көп нәрселерді сұрап білуге толық мүмкіншілігіміз болар деп сенемін. Бұл хатымды осымен аяқтаймын.

Сіздің құрметті оқытушылық қызметіңізде тамаша табыстарға жетуіңізге шын жүректен тілектеспін.

Асыға хат күтемін.

Советтік досыңыз Нұрсұлтан Назарбаев.

Менің адресім: СССР, Қазақ Советтік Социалистік республикасы, Алматы облысы Қаскелең ауданы Абай атындағы орта мектебі. Назарбаев Нұрсұлтан. («Коммунизм үшін» газеті, 16 наурыз 1958 жыл).

ОНЫҢ ҚУАНЫШЫ

Абай атындағы қазақ орта мектебінің оқушысы Әжібаев Әуесхан биыл бірінші рет сайлауға қатысты. Енді ол жас азамат.

– Бұл күннің қуанышын ешқашан ұмыта алмаймын, – дейді ол. Әуесхан қазір оныншы сыныпта оқиды. Оның туғандары 1 май совхозының 1-участогінде тұрады. Әкесі – пенсионер. Ол – менің бірінші сыныптан бастап бірге оқитын досым. Осы бірнеше жылдың ішінде Әуесхан класта қалған емес. Әр уақытта сыныпта зерек, жақсы оқитын оқушылардың қатарында келе жатыр. Қоғам жұмысына да белсене қатынасады. Өзіне тапсырылған жұмысты әрқашан мұқият орындайды.

Әуесханның қарт әкесі өзінің жасына қарамай колхоз шаруа­шылығына белсенді араласады. Мен бір барғанымда ол кісі: «елдің әрбірі еңбек етіп жатқанда, мен қалай қарап отырамын» деді. Қарт әкенің еңбекке деген сүйіспеншілігі – Әуесханның да бойына сіңген шынайы сезімдерінің бірі. Жазғы демалыс басталысымен Әуесхан әкесіне көмектесуге, колхозға жұмысқа кіретін. Тұрған комбайн, тракторларды көрсе-ақ болды: «Шіркін, мен ананың тілін білсемші!» дейді құмарта.

Осы сүйіспеншілік қазір
Әуесханның келешегіне жол көрсеткен  сияқты. Оның арманы – маман механизатордың бірі болып, өз колхозында жұмыс істеу.

Міне, Әуесхан 16 мартта – СССР Жоғарғы Советінің сайлауына толық құқылы совет азаматы болып қатысты. Кластас достың бұл қуанышы – бәрімізге де ортақ. (Н.Назарбаев, 10-класс оқушысы. «Коммунизм үшін» газеті, 19 наурыз 1958 жыл).

МЕКТЕПТЕН БАСТАЛҒАН ЖОЛ

 Әлемдегі ең беделді, ірі саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағын кім болса да білгісі келетіні анық. Біз бұл барғанымызда Абай атындағы мектепті аралап көргенбіз. Бір қабат болса да бес жұлдызды қонақ үйлер секілді әсем, ауласы көкпен көмкерілген сұлу, ескі ғимарат демесең, нағыз антиквар дүние. Қазір тарихи-өлкетану мұражайына айналған. Мұражай директоры Мәрия Қожанова өзі бас болып, бізге түгелдей таныстырды. Шағын болса да шынайы, аз болса да саз мұражай. Оның қорында 1856 экспонат сақталған. Президент қоры – 233, Елбасы өз қолымен 9 экспонат қосқан. Құндылығы мен қазыналық қырынан алғанда, тұтастай тарих. Осы мұражайда Елбасының балалығынан ел басшылығына басталған бүкіл өмірі бар. Көрген адам Елбасымен тілдескендей әсер алады. Оның ата-анасы, бауыр­лары, сыныптастары бәрі де рет-ретімен көрсетілген.

Нұрағаң мектепті Шамалғанда, өзінің туған ауылында бастаған. Аралас мектептің тоғызыншы сыныбында қазақ тілінде оқыту үлкен мәселе болды. Сондықтан 6 бала тоғызыншы сыныптың жартысына Қаскелеңдегі Абай атындағы мектепте оқуын жалғастыруға тура келді. Қысқа уақытта-ақ ол өзгелерді баса озып, мектептің комсомол комитетін басқаруға сайланды. Қазіргі мектеп директоры Баян Мұхамедиярова бізбен әңгімесінде осы тарихты тарқатып айтып берді.

– Біз 1959 жылы жаңа мектепке кірдік. Оған да біршама уақыт өтті. Тарихи мектеп болған соң білім биігі атына сай болуы керек. Қазір 1051 бала оқиды, аудан, облыста шаба озған шеберлік пен дарындылық ұстаханасы қалыптасқан. 2001 жылдан бері есептесек, 20-ға таяу «Алтын белгі» иесі шықты. Мектептен мұражай аштық. Елбасының өзі келіп көрді. Риза болды. Бір қызығы, мұнда Нұрсұлтан Әбішұлының үздік оқығанын дәлелдейтін класс журналы сақталған, – деді директор.

Аталмыш журнал көнеріп қалса да, 1958-1959 жылдар аралығындағы оқу барысын анық аңғартып тұр. Жалпы, Абай атындағы орта мектептің алғашқы қазығы 1937-38 жылдары қағылған. Бүгінде ең көне, әрі ең үздік мектеп қатарында тұр. Содан бері 21 алтын және күміспен бітірген түлектер болған. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Ол – күміс медаль иегері. Тек орыс тілінен ғана төрт болды. Бірақ, Елбасы күміс медаль деп күйінбеді, оның нәтижесін ақыл-парасатымен дәлелдеді, теңдессіз еңбегімен танытты.

Жалпы, өмірдің өз заңы бар. Ата сыйлаған алдыңа келеді, үлкеннің әз жолын кеспей, құрмет көрсеткеніміз қандай жақсы. Қазақы дәстүрмен ақсақалға інілік ізет жасап, сәлем бере бардық. Елбасының ұстазы, барша қазақстандық тұрғынға ұстаз десе де жарасады. Сейтхан Ахметұлы Исаевты еліміздің саналы азаматтары жақсы біледі. Біз де білген соң барып отырмыз. Ол өзінің шәкірті туралы терең тағылымды ойын былайша айтты.

Нұрсұлтан Әбішұлы 1940 жылы 6 шілдеде, қазіргі Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында дүниеге келген. Шамалғандағы екі тілде оқытатын орта мектептің қазақ сыныбында оқыды. Қазақ сыныбы жабылатын болған соң, Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебіне 1957 жылы 7 оқушы  келіп оқуға түсті. Жаңадан келген 7 оқушының үшеуі – Нұрсұлтанмен бірінші сыныптан бірге оқып келе жатқан көрші қонған туыс адамдардың балалары. Олар: Сәдуақас Есенбаев, Қыдырғали Байбеков, Сағымбек Көшекбаев. Бұлардың ата-аналары – Нұрсұлтанның ата-анасымен араласқан көрші, бірге жұмыстас болған адамдар. Қарапайым, еңбекқор, көпшіл, ақ жарқын әкесі Әбіш пен анасы Әлжанды ауыл адамдары құрметтеп, сыйлайтын, ауыл әйелдері арасынан Әлжан апай сирек кездесетін суырып салма ақындығымен ерекшеленетін, кейде ақындар айтысына қатысып қалатын кездері болатын.

Бақташы Әбіштің отбасы қарапайым тұрмыс кешкен, таусылмайтын тіршілік қарекетімен балаларын асырып, өсіру қамымен айналысқан отбасылардың бірі болатын.

Әкесі отбасындағы үлкен ұлы Сұлтанды (Нұрсұлтанды) өзіне көмекші ретінде жас кезінен еңбекке баулып, оны ұқыптылыққа, төзімділікке үйретіп шынықтырады. Еңбекке тәрбиелеу арқылы оның келешекте еңбекқор азамат болып шығуына күш салады. Сондықтан Сұлтан – қаршадайынан малды күту, жерді баптау­дың не екенін біліп, нанның дәмін татып, қасиетін сезініп, шынығып өскен бала. Әкесі Әбіш ақсақалдың Сұлтанның бойындағы табиғат дарытқан талантын сезіп, ерте бастан аңғарғаны мені таң қалдырады. Тұрмыстың жетімсіздігі мен ауыртпалығына қарамастан, қымбат та болса кішкентай гармон сатып әперіп, домбыра жасатып беріп, музыкалық аспаптарда ойнап, ән салуды да үйреткен. Сондықтан ­Нұрсұлтанның мектеп жасында гармон, домбырамен ән айтатынын білетінмін.

Менің тағы бір есімде сақ­талғаны – Әбіш ақсақалдың көреген, көзі ашық адам екендігі. Шамалғаннан келген 7 балаға Абай атындағы орта мектептің жанындағы интернаттан мемлекет есебінен жататын орын, ішетін тамақ берілетін болып шешіліп, оларды қарсы алды. Бірақ Нұрсұлтан интернат жатағына жатпай, бір туысының үйіне ақы

төлеп жатуға бел буғанын естіп, Әбіш ақсақалдан «Сіз жасалған жеңілдіктен қашқаныңыз қалай, үйіңізде басқа да балаларыңыз бар, тұрмыстарыңызға ауыртпалық түседі ғой» деген ақылымыз­ға, ол кісі «интернатта жатса көпшіліктің арасында ойынға айналып, оқуын нашарлатып алады ғой» деп Нұрсұлтанның келешегіне, білім алуына жағдай жасап, қанша қиыншылық болса да баласын өмір талабынан қалдырмауға ұмтылуы нағыз әкелік қамқорлық еді.

Нұрсұлтанның алғыр, мінезі ұстамды, орнықты, білімге құштарлы, мектеп өміріндегі қоғамдық істерге белсене қатысатын ұйымдастыру жұмыстарына қабілеті бар оқушы, оның сөзі мен ісі замандастарының арасында ықпалы жеткілікті оқушы екендігін көрсетті, жаңа келген ортасын жатырқамай, бірден араласып кеткені мұғалімдер қауымының ризалығы мен ықыласын өзіне аударды.

Мен осы мектепке біраздан бері директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары едім, ол уақыттың сөзімен айт­қанда, «завуч» қызметін атқаратынмын. Қазіргідей мектеп директорының 3-4 орынбасары жоқ болатын. Оқу-тәрбие жұмысының барлық саласына завуч жауап беретін болғандықтан, сабақтан, мектептен тыс жұмыстағы көмекшілерім аға пионерлер жетекшісі (пионер вожатый), оқушылардың комсомол ұйымының жетекшісі және оқушылар комитеті болатын. Сондықтан бұл ұйымдардың басшысына жақсы оқитын, қоғамдық жұмыстарға белсенді, ұйымдастыру икемі қабілетті, құрбыларының арсында ықпалы зор оқушыларға басқартып жұмыстарына бағыт-бағдар беріп отыру арқылы абырой-мәртебесін көтеруге, белсене қатысуға бау­литынбыз.

Алғашқы келген кезден бастап өзінің жақсы оқитын, көпшіл, адамдармен тіл табыса білетін ісіне жауапкершілікпен қарап, одан тиянақты нәтиже шығаруға белсенділік таныта білген Нұрсұлтанды оқушылар комсомол комитетінің жетекшісі етіп сайлауға ұсындық және сайланды да.

Жігерлі Нұрсұлтан оқушылар-комсомол жұмысын тез игеріп, жақсы оқитын оқушыларды комсомол қатарына тартып, комсомол ұйымы мүшелерінің санын арттырып, жоғары сыныптарда комсомолдардың сапасын көтеруге, оқу-тәрбие жұмысының жақсартуына ықпалын тигізе білді. Соның арқасында комсомол ұйымы мектептің оқушылар ұжымының тірек ұйымына айналды. Сабақтан, мектептен тыс жұмыстарды жандандыруға нақты көмегін көрсете бастады.

Нұрсұлтан жастайынан спортпен шұғылданып, оқушылар арасында бейімі бар балаларды ұйымдастырып, өзі басқарып, өзі сарапшы болып жүретін. Сабақтан кейін үзіліс кезінде әсіресе қазақша күрестен сыныпаралық жарыс, қызықты демалыс ұйымдастыруда да көзге түсетін. Мұғалім біздер де барып тамашалап тұратынбыз.

Нұрсұлтанның басқа оқушылардан тағы бір ерекшелігі – жас кезінен кітапты сүйіп, беріліп оқуы, одан келешегіне жол ашатын тәлім-тағылым алатын.

Ол – кітаптың тәрбие құралы, ақыл-ойдың кені, ғылымның негізін жеткізуші бұлақ екенін терең бойлай түсінген шәкіртім.

Өмірде, қоғамда болып жатқан жаңалық, құбылыстарды аңғара білуі, оны сезінуі, жас кезінен білімге, алдағы мақсат-мұратқа ұмтылуы, келешекке жөн сілтейтін әдебиет классиктері шығармаларының дәнін, дәмін татуы, ұлағатты авторлардың шығармаларын тұшына оқып, тағылым ала білуі, орта мектептің әр пәнінің оқу бағдарламасының ауқымын толықтыруы арқылы мұғалімдер көңілінен шығып, оқу озаттарының алдыңғы қатарында тұратындығы әлі күнге есте сақтаулы. Оның нәтижесі де шықты. Орта мектепті үздік бітіріп, медальға ұсынылды.

Металлург мамандығын қалады

Иә, содан кейін Қазақстанның металлургия зауытын салуға жастарды, оның ішінде 10-сыныпты бітірушілер ­Нұрсұлтанның бастауымен шешім қабылдады. Осы жылы 10-сыныпты (1958) бітіре салысымен, Қарағанды металлургия комбинатының ірі көлемді құрылысының салынып жатқан жері Теміртауға аттанды. Құрылыста біраз уақыт еңбек еткеннен кейін бір топ қазақстандықтармен Украинаның Днепродзержинск қаласына барып,  металлург-жұмысшы мамандығын меңгерді. Кешкі училищеде оқып, білімін толықтырып, шыңдала түсті. Еңбекке төзімділігін, мамандығын біліммен байланыстыра игерудегі алғырлығын, сабырлы мінезін, алдағы мақсат-мұратына жетуде ылғи ұмтылыста жүретінін аңғарған мастер-мұғалімі В.И.Погорелов; «Нұрсұлтан, сен келешекте республикаңның Министрлер кеңесінің төрағасы, мемлекеттік басшы, қайраткер боласың» деп болжам айтуының өзі оған тұлға ретінде берген бағасы болса керек.

Осы уақытта іске қосылған, өнім бере бастаған комбинатқа қайтып келген соң, шойын құюшы, домна пешінің көрікшісі жұмыстарын атқарды, ол кейінірек инженер дәрежесіне көтерілді.

Сол жылдары оның басшылық қасиеттері барынша жарқырап көрінді, іс жүзінде, алдымен, жастардың, содан соң партияның ұйытқысына айналған ол қызмет сатысында тез жоғарылай жүріп, өндірістік, экономикалық және әлеуметтік мәселелерде мол тәжірибе жинақтап, адамдармен жұмыс істей білетін, олардың мұқтаждықтарын терең түсініп, көзқарастары мен сенімдерін қорғап, партиялық қызмет баспалдағының барлық сатыларынан сүрінбей өтті. Өзінің туған металлургиялық комбинатында партком хатшысы, Теміртау қалалық, Қарағанды облыстық және республикалық партия ұйымдарында экономикалық салаға жауап беретін хатшы болды.

Шамасы, сол кезде ол өзінің саяси басшылыққа бейім екендігін анық аңғарса керек. Саяси бағытын теориялық біліммен шыңдауда Республикалық Жоғары партия мектебінің проректоры болып істеген профессор Г.Н.Журавлев бір естелік кітапта былай деп жазыпты: «1976 жылы жоғары мектепті сырттай бітіргендердің ішінен Н.Назарбаев ерекше оқыған тыңдаушы ретінде есімде қалды. Ол сол кезде Қарағанды облысы Теміртау металлургия комбинаты партия комитетінің хатшысы еді. Ұстаздардың айтуы бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев білімі өте терең, оқу бағдарламасынан тыс мәселелерді көтерген азамат екен. Мемлекеттік емтихан комиссиясының жұмысына қатыса отырып, бұған өзім де куә болдым».

Нұрсұлтан өндіріс мәселелерін де жақсы меңгерді және жұмысшылар ұжымдарында беделі жоғары болды. Ол өндіріс­тен қол үзбей оқып, комбинат жанындағы техникалық оқу орнын бітірді. Оның сырттай оқуына материалдық жағдай да қажет еді, еңбекақысы өзіне ғана емес, ата-анасына да көмек көрсетуге мүмкіндік берді.

Үкіметті 44 жасында басқарды

Қазақстан үкіметін басқарған кезде Назарбаев 44 жаста болатын. Сол кезде, 80-жылдардың ортасында, кеңестің жоспарлы экономикасы тоқырауға ұшырап, қиыншылықтар тереңдей түскен уақыты, келеңсіз оқиғалар бірінен соң бірі ғажап жылдамдықпен өріс алды. Кеңістік ұлы держава күйреуге ұшырады, неше түрлі құрылымдағы мемлекеттер құрылды. Осынау оқиғалар толқынында көптеген тұлғалар мен адамдар сахнаға шығып, ізім-қайым құрдымға сіңіп жатты. Олардың бірқатарының есімдерін бүгін білмейді де. КСРО-ның құлаған және Қазақстанның тәуелсіздік алған сәтінде оны іс жүзінде 1989 жылы мамырда Республика партия ұйымына жетекшісі болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаев басқарды.

Қысылтаң жағдайда өзін сабырлылықпен ұстап, тез күш жинай алды, ұстамдылық таныта білді. Осындай сәттің куәсі болғанымды ортаға салуды жөн көріп отырмын. Тамыз айында Нұрсұлтан Назарбаев Орталық партия комитетінде еңбектің ерекше ізін қалдырған елжанды ардагер қариялардың бір тобын қабылдап, ақыл-кеңес құрып, кездескенін айтпақпын. Мен қабылдауға шақырылғандардың бірі болып, бұрынғы Қаскелең, қазіргі Қарасай ауданынан, ақсақалдар алқасының атынан қатыстым.

Н.Назарбаев тың кезеңі – көптеген жетістіктер әкелген жылдар. Қазақ жұртының ойдағысы орындалған ұлы күні 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық Заңға қол қойылды. Алладан бар тілегені – қазақ жеріне тәуелсіз мемлекет туы көтерілді.

Ол әуелден Қазақстан экономикасын түбірімен өзгертуге баса көңіл бөлді. 1992 жылдың басында Қазақстан егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен даму стратегиясын әзірледі. 1993 жылы ұлттық валютаны енгізген соң, анық толық көлемде жүзеге асырылуы өте қысқа мерзімде макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуге, инфляцияны тоқтатуға, өнеркәсіпті жандандыруға, зейнетақымен қамтамасыз ету т.б. шараларды жүргізуге мүмкіндік жасалды.

Қазақтың киелі жерін дертке душар еткен қатерлі қаруды құрту жөніндегі Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі әлемдік қауымдастықтан жоғары баға алды. Қолдағы қуатты қаруды беру арқылы бейбітшілікке жол салу жөніндегі тарихи шешім Қазақстанның қауіпсіздігі мен тыныштығына мықты кепіл болды.

Тәуелсіздікті тұғырлы да ғұмыр­лы ету тұрғысында атқарылған үлкен де ілгері жұмыс­тардың және бір парасы өз әскерімізді жасақтау, оның жауынгерлік, техникалық, стратегиялық қуатын, құрамын орнықтыру тұрғысынан аса зор мәні бар бағдарламаны іске асырды. Соның нәтижесінде еліміздің әскери доктринасы дайындалып, ол заман талабына сай сараптау мен бағалаудан өтіп, қабылданды. Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан
Назарбаев жасақталған қуатты әскер – қазір Отан шетін, ел тыныштығын көздің қарашығындай қорғайтын дәрежеде. 1997 жылы Мемлекет басшысы қол жеткен нәтижеге сай елді дамытудың ұзақ мерзімге белгіленген «Қазақстан-2030» стратегиясын жүзеге асыруды ұсынды. Бұл – елдің өркендеуі, бүкіл қазақстандықтардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатының жақсара түсуі. Стратегия елдің күш-жігері мен ресурстарын аса маңызды міндеттерді шешуге топтастырады, олардың қатарына ұлттық қауіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық және қоғамның нығаюы, экономикалық өрлеу, азаматтардың денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты кіреді. 2000 жылдың өзінде-ақ Қазақстанда экономикалық тұрақтылығы мен динамикалық өсу, өндіріс көлемінің ұлғаюы, қаржы ресурстарын жинақтау бағыты орнықты.

Тәуелсіздік туын көтерді

Тәуелсіздіктің туын көтерген кездегі ең басты міндет – жеріміздің қасиетті әр пұшпағын өзгеге жем қылмау болды. Мемлекет басшысының ерен еңбегі мен аса жоғары ұйымдастырушылық қасиетінің арқасында Қазақстанның мемлекеттік шекарасы тарихта тұңғыш рет ресми түрде түпкілікті айқындалды. Шекараны шегендеп, көршілердің де көңілінен шығатындай етіп белгілеп алу – Елбасының ерен еңбегі.

Алдымен ұлттық қауіпсіздікті бекітіп алған Қазақстан қоғамының ішкі саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуге бар күшін салды. Содан да «Алдымен экономика, содан соң саясат» деген қағидатты ұстанды. Қоғамның тыныштығы мен бірлігі біздің алдағы дамуымыздың алтын көпірі екенін түсінген Елбасы халықтарымыздың өзара береке-бірлігі мен түсіністігін, достығы мен татулығын, азаматтарымыздың ел тыныштығын сақтаудағы өзара сыйластығын басты назарда ұстады. Этностардың өзара бірлігі ұлтаралық татулық пен өзара сыйластыққа, ел дамуының ең қозғаушы да қорғаушы күшіне айналды.

Мемлекет басшысы ретінде Н.Назарбаев қысқа мерзім ішінде халықаралық қарым-қатынастың әбден сұрыпталған тұжырымдарын қалыптастыр­ды. Назарбаевтың тереңнен ойластырылған көптеген ұсыныстары бойынша Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, ОАО, Кедендік одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразия одағы сияқты халықаралық құрылымдар дүниеге келді. Ол Біріккен ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының 47-сессиясында ұсынған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі іс жүзінде жұмысқа кірісті.

Елбасы орасан ізденістері елдің өркендеуіне септігін тигізіп қана қоймай, өзге елдермен қарым-қатынасына кепіл болды.

Біздің мемлекетіміз қазіргі аймақта экономикалық реформа жасауда көшбасшы болып қана қоймай, «Қазақстан жолына» әлемдегі дамушы тіптен дамыған елдердің өзі де назар аударуда.

Жаңа мемлекетіміздің жаңа астанасын – Еуразияның орталығын, Арқаның төрі Ақмолада тәуелсіз елдің ғажайып озық үлгісі етіп, тез уақытта салдыруы да Елбасының ерен ерлігі, халқымыздың мақтанышы болды.

Нұрсұлтан Назарбаев адам­дар ешқандай қауіп-қатерсіз, мейлінше жайлы жағдайда өмір сүретін дүниежүзілік қауымдастыққа лайық, XXI ғасыр­дың өркен жайған мемлекетін қалыптастыру үшін қолайлы жағдай туғызуға біржолата бел буған терең арманшыл, болжамшыл, ізденімпаз, дарынды ғалым, сонымен қатар тәжірибелі де сезімтал саясаткер, тарихи тұлғалардың ішіндегі лидері екенін әлем мойындауда.

Дәйім, тәуелсіз Қазақстанның мерейі үстем болып, мәртебесі биіктеп, әлемнің дамыған елдерінің қатарында болсын.

Біз Қарасай ауданынан Алматыға аттанарда Үшқоңыр сілемдеріне көз тастап едік, көкпен таласқан биіктіктен мұнар-мұнар шыңдарды байқадық. «Тау баласы тауға қарап өседі» деген рас болғаны ғой, мынадай табиғат ерекшелігі биікке самғауға сөз жоқ, жетелейтіні анық. Елбасы өскен ортаның осы үлгілері бізді бейжай қалдырмаған еді.

Қаныбек ӘБДУОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button