Әлеумет

Ұстаз деген ұлы ұғымға лайық еді…

Тумақ болса, өлмек бар... Өлгенді еске түсіргенде, біз олардың тірісінде істеген ісін ескереміз. Соның ісіндей іс істеп, соның өміріндей өмір сүруді іздейміз. Сондықтан, өлгенді еске түсіргенде оның істерін ескеру – біздің ең бірінші міндетіміз. Смағұл СӘДУАҚАСҰЛЫ

Былтырғы жылдың 17 қаңтарында таңертеңгілік мезгілде ұялы телефоным шыр етті. Өзім де ұйқым бұзылып, ерте оянып жатқан едім. Телефон соғып тұрған қалалық Ардагерлер кеңесінің белді мүшесі інім Амангелді Аширов екен. – Мәке, кешіріңіз, суық хабар айтқалы тұрмын. Бүгін таңғы сағат алтыда «Астана қаласының құрметті азаматы» Отызбай Сүйіндікұлы өмірден өтіп кетті. Бәрімізге қадірлі, ақылшы аға болып жүрген ерекше мейірімді жан еді, қайғырып, өзіңізге көңіл айтамын деді.

О, жалған дүние-ай, осыдан бірнеше күн бұрын өзінің әдетімен үйге телефон соғып, қал-жағдайды сұрап, біраз әңгіме құрған едік. Өзінің сүйкімді қоңыр даусымен амандық-сау­лық тілеп қоштасып еді. Сол күнгі тілдесуіміз соңғы рет екенін кім сезген?! Амал қанша… Ажал-ғапыл, оның сырын кім біліпті?

…Ардақты ағаның өмірбаянына көз жүгіртсек, ол бір дастан тәрізді және жалпы сол кездегі қазақ ауылдарындағы жағдайдан еш айырмашылығы жоқ. Жоқшылық пен таршылыққа жетімдік те бірге қосылған қиын заман еді. Әкесі дүниеден өткенде Отызбай небәрі бес жаста, ал інісі Отарбай одан да кіші болатын. Ол Ақмола облысының Қорғалжын ауданында дүниеге келген. Балғын балалық шағы Қаратомар мен Тыңғылықты ауылдарында өткен. Әкесіз қалған балаларын ешкімнен кем қылмаймын деген анасы Рахила қолынан келгеннің бәрін жасауға тырысты. Сол кездің ауыр жағдайына байланысты Рахила апай тұңғышы Қасенді Қызылжар қаласындағы балалар үйіне тапсыруға мәжбүр болды.

Бала Отызбайдың мектепте оқып, өсіп-жетілуі Отан соғысының сұрапыл жылдарына тұспа-тұс келді. Соғыс Отызбайды ерте есейтті. Ауыл балаларымен бірге соғысқа аттанған азаматтардың орнын басып егін орды, шөп шапты. Не керек, сол кездегі колхоздың барлық науқандық жұмыстарының бүкіл ауыртпалығын ауылдастарымен бірге бөлісіп, жеңісті жақындатуға қолдан келген үлестерін аямай қосты.

Осындай ауыр жұмысты атқара жүріп, мектепте оқитын сол кездің балалары сабақтан бір қол үзбейтін. Әсіресе, бала Отызбай зеректігін танытып, сабақты өте жақсы деген бағамен оқыды. Бір сыныптан екінші сыныпқа көшерде, оның үлгерімін мұғалімдері басқаларға үлгі ететін.

Отызбай Сүйіндікұлы директор болған жылдары осы оқу орнының жаңа кешенді ғимаратының құрылысы басталды. 576 орындық екі студенттік жатахана және 1200 орындық оқу корпусы салынды. Материалдық базаны дамыту жөнінен колледж республикалық байқауда бірінші орын, ал Одақ бойынша екінші орын алды. Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру кезеңінде Отекең басқарған педагогикалық ұжым бұл шараға белсене қатысты. Жалпы Отекеңнің осы білім ордасында қалдырған ізі ерекше

Соғыстың үшінші қысы тым қатты болды. Ақырған аяз бен ақ түтек бораны кезек алмасып, шаруа адамының еңсесін бір көтертпеді. Бұл кезде Отызбай Қызыл ту атындағы колхоз орталығындағы орта мектептің сегізінші сыныбында оқитын. Отызбайлар тұратын Тыңғылықты ауылы колхоз орталығынан бес-алты шақырым қашықтықта болатын. Қыстың қақаған аязында балалардың екі ортада жаяу қатынауы қиямет еді. Бірақ соған қарамастан, олар сабақтан кешігіп немесе келмей қалуды білмейтін.

Бір күні сабақтан кейін Отызбайды мектеп директоры Нұртаза Шошанов шақыртты. Оқушылардың бұл ұстаз ағайға деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Өмірден көрген-түйгені мол Нұртаза ағай біреуге дауыс көтеріп, ұрсуды білмейтін. Бірақ ол кісінің берген тапсыр­маларын оқушылар түгілі, басқа мұғалімдер бұлжытпай орындайтын. Ұзақ жылдарғы мінсіз атқарған ұстаздық еңбегі ескеріліп, Нұртаза Шошанов ағай облыс мұғалімдері арасында алғашқылардың бірі болып, Ленин орденімен марапатталды.

Отызбай келсе, мектеп директорының бөлмесінде колхоз басқармасының төрағасы да отыр екен. Сөзді бірден Нұртаза ағай бастады.

– Отызбай, мектептегі үздік оқушы ретінде саған бір жауапты міндет жүктегелі отырмыз. Тыңғылықты ауылындағы бастауыш мектептің жабулы тұрғанын білерсің. Дәл қазіргі кезде ауыл балаларын оқытатын көзі қарақты мұғалім табу мүмкін болмай тұр. Сондықтан түске дейін осында сабағыңды оқысаң, түстен кейін ауылдағы бастауыш мектепте бала оқытсаң. Жоғары сынып оқушылары арасынан сені таңдауымның себебі біріншіден, сабақ үлгерімің үздік болса, екіншіден, қай бір істі болмасын сен тиянақты атқаруымен көзге түстің. Сабақ беретін мұғалім табылып жатса, оны да көре жатармыз, – деп Нұртаза ағай сөзін аяқтады. Күтпеген жерден мұндай екі бірдей ағайлардың тапсырмасына не деп жауап берерін білмей, қипалақтап қалған Отызбайдың ойын колхоз басқарма төрағасы бөліп:

– Бригадирге өзім айтамын. Отын бөліп, мектепті жылытып қойсын. Ертеңнен бастап іске кіріс, қарағым, – деп басқарма бастығы киіне бастады.

Осы бір көріністі ой елегінен өткізіп қарасам, сол бір қиын-қыстау кезеңдегі елді басқарып жүрген ағайлардың тікелей өздеріне қарасты және жауапты шаруаны бір сәт ысырып тастап, ауыл балаларының оқуларын үзбей жалғастыруларына мүмкіндік тудырулары шын мәнінде ұлтының ертеңін ойлаған ұлтжанды азаматтардың ерлігі деп бағалауға тұрарлық мысал дер едім.

Ертеңінде орталықтағы оқуын бітіріп келген Отызбай көптен бері жабық қалған ауылдағы мектеп үйінің есігін ашты. Алғашқы күні жиналған алты балаға бастауыш сынып бағдарламасы бойынша дәріс беруге кірісті. Сөйтіп он төрт жасқа қараған Отызбайдың алғашқы ұстаздық жолы осылайша басталды. Сол сұрапыл соғыстың өкпек желі өкпені қысқан қытымыр қысында қолға алған осынау ұстаздық мамандықтың жарты ғасырдан астам уақытқа созылып, барлық саналы ғұмырының адастырмас темірқазығына айналатынын сол сәтте есейіп қалған Отызбай сезген жоқ еді.

1947 жылы Ақмола қаласындағы Сталин атындағы орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған Отызбай Сүйіндікұлы жоғары оқу орнына бірден бармай, туған ауылы Тыңғылыққа келіп, мұғалім болып істеуді ұйғарды. Ондағы мақсаты – шын мәнінде осы мәртебелі мамандықты таңдауы дұрыс екеніне өзінің де, анасының да көзін жеткізу еді.

Келесі жылы жазда анасының ақ батасын алып, арман жетегімен республика астанасы Алматыға аттанды. Кейбіреу­лер сияқты үлкен қаладағы көп оқу орындарын жағалап, мамандық таңдау ойында да болған жоқ. Ол өзінің өмірлік жолын, мәңгілік мамандығын он төрт жасында-ақ қалап алған еді. Алматыға келісімен Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне құжаттарын тапсырды.

Университетті ойдағыдай тәмамдаған 1953 жылы таңдауының берік екендігін тағы дәлелдеді. Бірден университет жолдамасымен Ақмола қаласындағы Жамбыл атындағы №4 орта мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып орналасты. Үш жыл қатарынан алған жоғары білімін тәжірибемен ұштастырып, осы ірі де іргелі мектептің жоғары сыныптарына дәріс берді.

1972 жылдан бастап Отекең Әділбек Майкотов атындағы педагогикалық училищеге басшылыққа келді. Содан бері отыз жылдан артық уақыт артта қалды. Сол кездегі училище қазір гуманитарлық колледж болып аталады. Оқу мекемесінің аты өзгергенімен, Отекең қалыптастырған білім беру мен оны тәжірибемен ұштастыру дәстүрі сол Отекең басшылық жасаған қалпынан өзгермеген. Кеңес үкіметі кезінде шәкірттердің саны екі мыңға жеткен кездері болды. Одақ бойынша білім беру сапасы жағынан үшінші орынға көтеріліп, педагогтар даярлаудағы еңбектері үздік бағаланды. Қазіргі кезде осы оқу орнынан қанат қаққан шәкірттердің алды ғылым докторы, профессор дәрежесіне жетті.

Отызбай Сүйіндікұлы директор болған жылдары осы оқу орнының жаңа кешенді ғимаратының құрылысы басталды. 576 орындық екі студенттік жатақхана және 1200 орындық оқу корпусы салынды. Материалдық базаны дамыту жөнінен колледж республикалық байқауда бірінші орын, ал Одақ бойынша екінші орын алды. Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру кезеңінде Отекең басқарған педагогикалық ұжым бұл шараға белсене қатысты. Жалпы Отекеңнің осы білім ордасында қалдырған ізі ерекше. Отызбай Сүйіндікұлының ұзақ жылдарғы білім беру саласындағы үздік еңбегін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің шешімімен гуманитарлық колледжде «Рес­публикаға еңбегі сіңген мұғалім Отызбай Сүйіндіковтің» кабинеті ашылды. Еңбегіне қарай – өнбегі демекші, ұзақ жылдарғы жемісті еңбегі ескеріліп, орден-медальдарымен марапатталды. Астана қалалық Ардагерлер кеңесінде Отекеңмен бірге өткізген жылдары ұстаз ағамыздың өзіне берілген тапсырманы әрдайым мінсіз орындайтын, өз ісінің кәнігі маманы екеніне көзім жетті. Мінезі жібектей, сөзі жұп-жұмсақ. Ешкімнің бетіне келіп ауыр сөз айтпайтын-ды, өзі де жайдары әрі сабырлы, биязы қалпында жүретін, бостекі сөз, өсек-аяңнан бойын аулақ ұстайтын асыл ағам еді. Соңғы кезге дейін Отекеңді аға деуші едім. Бір күні ағамның қал-жағдайын білейін деп үйіне телефон шалдым. Телефон тұтқасын көтерген Светлана жеңгемнен: «Отызбай ағам үйде ме екен?» деген сұрағыма: «Мейрам, Отекең саған аға емес, жезде болады, ал мен Баянауылдан екенімді біліп жүр» деп апам маған «мат» қоймасы барма?! Сөйтсем, талай уақыттан бері менің қай жақтан екенімді біліп жүрсе де, Отекең бірде-бір рет маған «балдыз» боласың деп айтқан жоқ. Осы бір мысалдың өзі – Отекеңнің сыпайлығы, сөйлеу мәдениеті, өзін-өзі ұстауы, өзге кісіге құрметі, жолдас-жораға өте ыстық ықыласпен, ілтипатпен қарауы байқаған адамды таңғалдыратыны сөзсіз.

Отекең ұстаз деген ұлы ұғымға лайық ғұмыр кешті. Жарты ғасырдан артық өмірден сүйіп алған асыл жары Светлана Нұрымқызы апам екеуі төрт перзент тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі өмірден өз жолдарын тауып, жоғары білімді маман атанды. Сол балаларынан көрген немере-жиендерін тәрбиелеп, солардың қызығын көріп, Отекең масаттанып жүруші еді. Әттең…

Отекеңнің жарқын бейнесі, ұстаздық мұрасы әрдайым ұрпақ жадында сақталады. Асыл ағамның, жібектей мінезді жанның алды жарық, жатқан жері жайлы, иманы жолдас болсын деймін!

Мейрам БАЙҒАЗИН, «Қазақстанның құрметті

журналисі», Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button