Білім

Ұстаз – мектептің жүрегі

Өз басым бала кезімнен ұстаз болуды армандадым. Осы арманның жетегіне еруіме, әкем Әбітай марқұмның бірден-бір септігі тиді. Ол кісі 1903жылы туған, Қызылорда облысы,Сырдария ауданы, Абай ауылының ірге тасын қалап, ел мақтанарлықтай ірі совхоз болуына мұрындық болған алыптай азамат еді.

[smartslider3 slider=2376]

    Басшы бола тұрып, маған дәріс беретін ұстаз қауымды көрсе, үлкен- кішісіне қарамай, алаламай алдарынан кесе өтпей ізет көрсететініне таң қалатынмын.

    Маған айтушы еді: «Мұғалім -мамандық, ал ұстаз адам бойындағы ұлы қасиет», -деп. Күн сәулесі өмірге қандай жарық берсе, ұстаз есімі де шәкірттерге күндей жарық береді деуші еді марқұм.

   Мектеп қабырғасын бітіргеннен кейін, қалаған мамандығым бойынша музыка саласын бітіріп, мұғалім дәрежесіне қол жеткіздім. Бірақ әкем айтқан ұлы қасиет бар ма, жоқ па, кезінде мән бермеппін.

[smartslider3 slider=2375]

   Тек білгенім тұла бойым тұнған ән. Ұстаздарым айтуынша, табиғи дарын – Алланың берген сыйы. Өмірімді бір күн әнсіз елестету мүмкін емес. Сахна төрінде ән шырқап, халық алдында жүру бұйырмапты, бірақ 35-жыл шәкірт дайындап, дәріс беріп келемін.Әр шәкіртім өмірден өз үлестерін алып, үлкен шыңдарға шыққан сайын, «ұстаз сіздің арқаңыз» дегенде төбем көкке жеткендей болатұғын. Ұстаз деген сөздің ұлы қасиетін, мән мағынасын түсінгендей, бір ерекше мақтанышта өзімді сезінемін.

 Ақын Ғафу Қайырбековтің сөзімен айтқанда:

   Ұстаз болу-жүректің батырлығы,

 Ұстаз болу-сезімнің ақындығы,

 Ұстаз болу мінездің күн шуағы,

 Азбайтұғын адамның алтындығы.

 Ұстаз шәкірт алдында сыйлы адам.Ұстаз жәйлі айтар сыр да, жыр да көп. Ұстаз сенімін ақтау адамгершіліктің белгісі.

 Шәкірттерімнен,  «Ұстаз болу сізге ұнай ма?» деген сұрақтарды көп естимін.

     Ұстаз деген ұлы тұлға.Ол мектептің де, қоғамның да, ғалымның да, білімнің де, ұлтында, адамгершілікпен ерліктің де, жақсы мінез бен ақындықтың да жанды өкілі.Ұстаздің сабырлығына, даналығына барлық пенде бас иеді. Кез-келген адам баласы,ең алғаш  осы өмірге алып келген анасына алғыс айтып, тағзым етсе, екінші кезекте өзіне білім берген, сапалы ілім берген  ұстаздарына алғысы шексіз болуы тиіс.

    Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын бағалау.

    Әрине ұстазға да бой бермейтін, тентек мінезді, бір беткей, қырсық шәкірттер де баршылық. Бірақ нағыз ұстаз,сол шәкірттің бойындағы бір жарық сәулеге үңіліп, соны жарыққа шығарып, тәлім тәрбие беріп, болашақта небір, ғалым, дәрігер, мұғалім, ақын-жазушыларды тәрбиелеуде ерінбей тер төгетін қайталанбас тұлға десек артық емес.

  Ақырын жүріп анық бас,

 Еңбегің кетпес далаға,

 Ұстаздық қылған жалықпас,

 Үйретуден балаға.

 Абай.

     Қазақтың бас ақыны Абай атамыздың мына сөздерінен артық, ұстаз мамандығына баға беру еш қисынсыз. Қандай тауып айтылған, жүректен шыққан сөз. Егер алдындағы шәкірттің білімге құштарлығын аша білсең, білуге деген талпынысын қанаттандыра алсаң, онда Ұстаз деген атаққа ие бола алғаның! Шәкірттеріңнің  өмірде өз орнын таба білгендігі, сіз берген тәрбиенің арқасында дүниеге бір кірпіш болып қалана алуы ұстаз еңбегінің  зая болмағандығының айғағы.

    Сегіз қырлы- бір сырлы ұстаз мамандығына қазіргі таңда көп үміт артылып отыр. Ұстаз атағына  әбден лайықты болуымыз үшін баланы, өз таңдаған мамандығымызды шексіз сүюіміз керек.Сол себептен ұстаз өз мамандығының айналысында ғана шектеліп қалмай, үнемі жан- жақты ізденіс үстінде болуы шарт.

  «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей жастардың болашағы жарқын, өз мемлекетінің қайсар ұл-қызы,туған жеріне зор құрметпен, мақтанышпен қарайтын ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздан шебер мамандық болмас деп білемін.

Рая Оразбаева,

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№2 өнер мектебі»  МКҚК

Эстрадалық вокал сыныбының мұғалімі

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button