Мәдениет

Ұстаз мерейі

Бас қалада ұлағатты ұстаз, сегіз қырлы, бір сырлы азамат Оспан Сүлейменұлының «Мизамшуақ» атты шығармашылық кеші және осы атаумен шыққан кітабының тұсаукесері өтті.

ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет белгісі» ордені, Ыбырай ­Алтынсарин атындағы төсбелгінің, А.Байтұрсынов атындағы медалінің иегері, білім беру ісінің құрметті қызметкері, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, ақын, сазгер, күйші, дирижер Оспан Сүлейменұлы жетпістің бел ортасы – 75 жасқа толды. Осынау мерейтойға орайластырылған кешті Астана қаласының әкімдігі, қалалық Білім басқармасы, басқармаға қарасты жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімі ұйымдастырды. Іс-шара­ға мерейтой иесінің бұрынғы әріптестері, сыйлас достары мен жақындары қатысты.

– Осы кештің ерекшелігіне тоқтала кетейін. Астана туралы алғашқы әнімді осыдан тура 25 жыл бұрын жазыппын. Ал биыл бас шаһарымызға да 25 жыл болыпты. Бұл сәйкестіктің мен үшін мәні зор. Бүгін шәкірттеріммен бірлесіп, халыққа рухани кеш сыйламақпыз. Ұстаз мерейін өсіріп жүрген шәкірттеріме ризамын. Олардың болашағынан зор үміт күтемін. Талантты жастар шығып жатыр. Олар қазақ өнерінің дамуына ерекше серпін беруде. Әр қазақтың үйінде домбыра тұрса, қазақтың өнері ешқашан өлмейді, – деді кеш иесі.

Оспан Сүлейменұлы Ақмола өңірінде 40 жыл ұлт аспаптар ансамблі мен оркестрін басқарған. Қайраткердің тәуелсіздік алған жылы Астанада ең алғашқы болып Қазақ ұлттық музыка мектебін ашуға мұрындық болғанын бірі білсе, бірі білмейді. Жаны сергек азамат Астананың мәдени-рухани өміріне қатысты шаралардан қалмай, өз үлесін қосып жүреді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button