БілімЕлордада – есіміРуханиятТағзым

Ұстаз ұлағаты

Жақында ұлы ағартушы-педагог, қазақ байтағында алғашқы мектептерді ашып, көрнекті ақын Ғафу Қайырбековтің дастаны арқылы «Дала қоңырауы» атанған Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толды. Осы жылдың басты оқиғаларының бірі де – ұлы ұстаздың мерейтойы. Көктемде Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы қазақ халқының маңдайына біткен асыл да ардақты перзенттің мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуді ұсынды. Бірақ бұл ұсыныс қолдау таппады.

[smartslider3 slider=814]

Дегенмен мерейтой аясында бірқатар шаралар қолға алынды. Әлі де жыл соңына дейін жалғасады деп ойлаймыз. Соның ішінде тұғырлы тұлғаны ұлықтауға қатысты ауыз толтырып айтуға тұрарлық істер елордада жүзеге асып жатыр. Бас қаланың №83 мектеп-гимназиясы ауласына ағартушының мүсіні орнатылды. Оның ашылуына қатысқан Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов осы оқу орнына Ыбырай Алтынсариннің атын беру жоспарланып отырғанын сүйіншіледі. Бұл күн де алыс емес болуы керек.

Жазда ұлы ұстаздың мерейтойына орай ­«Нұр-Сұлтан-Қостанай» велошеруі ұйымдастырылды. Сол кезде оның бастамашысы болған ағылшын тілінің маманы, журналист, аудармашы, мотиватор Ернат Мэлсұлының аузынан бір келеңсіз жағдайды естідік. Ол бастаған азаматтар тұлғаның туған жеріне елордадағы атына берілген көшеден аттанды. Жайшылықта байқамайды екенбіз, бас қаладағы Ыбырай Алтынсарин көшесінің ұзындығы бір шақырымға да жетпейді, бар болғаны 758,6 метр. Оның үстіне шаһардың ескі бөлігінде орналасқан.

Бұл көше бұрын ғалым Климент Тимирязевтің атында болған. 2008 жылы Ыбырай Алтынсарин ­атына ауыстырылды. Жеңіс даңғылынан басталып, И.Гете көшесінде аяқталады. Қарлығаш, І.Есен­берлин, М.Тынышбаев, И.Құтпанұлы көшелерімен қиылысады. Көше бойында ағартушының ескерткіш-тақтасы орнатылғанын атап өту керек.

Жоғарыда бас қалада Алтынсариннің атына мектеп беру ісі қолға алынғанын айттық. Бұл оқу орны Ахмет Байтұрсынұлы көшесінде орын тепкен. Енді оның қасына Ыбырай атамыздың көшесі көшірілсе, жарасымды болар еді. Қос ұлы ұстаздың атындағы көшелер қатар тұрғаны әдемі емес пе?!

Сөз реті келгенде айта кетейік, белгілі бір тұлғаның атына көше берілгенде оның жанындағы көшеге де мән беру керек. Яғни ономастика мәселесінде үйлесім болғаны жөн. Әлемдік тәжірибеде бұл бар. Бір саладағы немесе өмірде жақын қарым-қатынаста болған тұлғалардың атындағы көшелер қатар тұрып, қиылысуы керек.

Ондай үлгі елордада жоқ емес. Айталық, Кенесары көшесі, қазақтың соңғы ханының сенімді серіктері Ағыбай және Бұқарбай батырлардың көшелері бір-бірінен таяқ тастам жерде. Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев даңғылы сол Екінші дүниежүзілік соғыс­та асқан ерлік көрсетіп, ұлтымыздың мақтаныштарына айналған Бауыржан Момышұлы даңғылы мен Сағадат Нұрмағамбетов көшесімен қиылысып тұр. Әнұранымыздың авторлары Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқов көшелері де қиылысады. Осындай үлгімен көшелерге атау берілетін болса, логикалық тұрғыдан адам іздеген мекенжайын тез табады.

Белгілі бір көшені көшіруге келсек, кезінде елорданың оң жағалауында болған Тұрар Рысқұлов және Әлихан Бөкейхан көшелері кейіннен сол жағалауға көшірілді. Алғашқысының орнын Бұқарбай батыр, екіншісін Әзірбайжан Мәмбетов атындағы көшелер басты. Сондықтан көше атауын да ауыстыру қиын емес. Алтынсарин көшесін Байтұрсынұлының қасына апару қиындық тудыр­майды. Қазір Байтұрсынұлының бойында, «Нұрлы жол» вокзалына қарай құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сол маңайда әзірге жобалық атауымен тұрған, яғни санмен аталатын бірнеше көше бар. Солардың біріне Ыбырай Алтынсариннің атын беруді ұсынамыз. Немесе Сарын көшесін ұлы ұстаздың атына өзгертуге болады деп есептейміз.

Әкеден ерте айырылып, атасы Балғожа бидің тәрбие­сінде өскен Ыбырай атасының ықпалымен тоғыз жасында Орынбордағы орыс-қазақ мектебіне қабылданды. Оны он алты жасында «өте жақсы» бағамен бітіріп, екі жыл өзінің туған елінде тілмаштық қызмет атқарды. Жолы ұстаздық екенін ерте түсініп, жиырмадан жаңа асқан шағында Торғай даласында ашылған мектепте бала оқыта бастайды. Бұл 1864 жыл еді. Орыс оқымыстыларымен сыйласып, хат жазысып тұрған ол бұл туралы шығыстанушы Николай Ильминскийге жазған хатында: «Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім» дейді.

Иә, содан бастап бар ынтасымен қазақ балаларының санасын сәулелендіруге ден қойған ұстаз қалған ғұмырын оқу, ағарту ісіне арнады. Торғай аймағына кірген Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе уездерінде еуропалық үлгідегі мектептерді ашты. Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастырды.

Ыбырай Алтынсарин Торғайда салған мектепте талай тұлға оқыды. Соның бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Бұл – қос ұстаздың көшелері қатар тұруы керектігіне тағы бір уәж.

Екі жыл бұрын елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Ал Ыбырай Алтынсарин мектептегі мұғалімнің рөлін сол уақытта-ақ жоғары бағалады. Орск қаласында мұғалімдер мектебінің ашылуына үлкен үлес қосты. «Халық мектептері үшін ең керектісі – мұғалім. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да мұғалімге тең келе алмайды» деп жазды ол.

Ұлы ұстаз қазақ балаларының сауатын ашатын, оларды қызықтыратын оқулықтар ана тілінде болуы керек деген шешімге келіп, өзінің атақты «Қазақ хрестоматиясын» құрастырды. Бұл – қазақ тілінде жазылған алғашқы оқулық. Оған балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллаларды енгізді. Оның кейбірін өзі жазды, бірқатарын сол кездегі орыс оқулықтарынан еркін аударып алды. Балаларды оқуға үндегені бәріміз оқушы кезімізде жаттаған «Кел, балалар, оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңдерінен айқын аңғарылады.

Ыбырай Алтынсарин алдымызды болжай білген, көп жылға алға қараған тұлға болды. Жетістіктерге өнер-білімнің арқасында жетуге болатынын сол дәуірде-ақ айтып кетті.

Өнер-білім бар жұрттар

Тастан сарай салғызды.

Айшылық алыс жерлерден

Көзіңді ашып, жұмғанша

Жылдам хабар алғызды…

Осы өлең арқылы көрегендігіне қайран қаласың! Айтып тұрғаны қазіргі ақпараттық-технологиялық игіліктер емес пе?

Ыбырай Алтынсарин бар болғаны 48 жас жасады. Ширек ғасырлық ұстаздық қызметінде қазақ баласының ілім-білім алуына жол ашты. «Ыбырай Алтынсарин – сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқының бала тәрбиелеу мен оқытуын заманға сай ла­йықтап, бір жүйеге келтірген феномен, қайталанбас дара тұлға. Оның өмірін барынша зерттеп, дүйім жұртқа жеткізу – баршамыздың парызымыз» дейді Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы. Халық қалаулысының осы сөзіне қосыламыз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button