Білім

ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

колледж директоры Жүсіпов Әділхан Шаймағамбетұлы (2)

Сонау 70-80-інші жылдары жоғары оқу орнын бітірген жастар  дипломын алған бойда ауылға баруға асығар еді. Өзінің игерген мамандығына шынайы адал болған жастың бірі Әділхан Жүсіпов болатын. Ол Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген соң сол кездегі Торғай облысының Жаңадала ауданына қарасты Титов ауылындағы орта мектепке жолдама алды. Қостанайдан тым шалғайда жатқан ауылға жас жігіттің жүрегі алып-ұшып жеткен. Мектепке математика пәнінің мұғалімі болып орналасты. Негізі, Торғай өңірінде мұғалім мамандығына, ұстазға деген шынайы құрмет қалыптасқан. Бұл дәстүрдің, бәлкім, тамыры тереңде, сонау ХІХ ғасырда іргесін жас Ыбырай қалаған мектептен басталса керек-ті. Дала қоңырауын қаққан ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринге, оның тәрбиесін көрген кейінгі ұстаздарға елдің ыстық ықыласы бүгінге дейін үзілмеген. Титов орта мектебіне жалындап тұрған жас жігіт келгенде ауылдастар қуанды. Балалар жаңа мұғалімді қоршап, оның айналасынан ұзап кетпейтін. Әділхан да Ыбырай атасы секілді балаларды оқытуға «аш қасқырдай кірісті». Тумысынан еңбекқор, табиғатынан әділ әрі бастамашыл жас маман педагогикалық ұжымның құрметіне ие болып, басшылықтың назарына ілінді. Бір жыл өткен соң Әділхан Шаймағамбетұлы осы мек­теп директорының оқу-тәрбие жұ­мысы жөніндегі орынбасарлығына тағайындалды.

Ұстаздың еңбегін шығармашылық жұмыс санатына қоссақ, келіс­пей­тін­дер де табылар, сірә. Дайын әдістеме мен оқулықты пайдала­ну кез келгеннің қолынан келер дей­тін­дер көп. Әңгіме дайын оқу­лықта, бағ­дарламада да емес. Ұлы ағар­ту­шы Ыбырай «Мектептің жүрегі – мұғалім» деп бекер айтты дей­сің бе? Әр баланың білімге деген ықы­лас, көкірек көзін ашу маң­дай тер мон­шақтайтын еңбекке ғана емес, мұ­ға­лімнің бойына біткен талант­қа да байланысты. Ұстаз деген – міне, осындай жандар. Кеше ғана инс­титут қабырғасынан шыққан Әділ­­хан көп ізденетін. Ол ауыл бала­сының білім сапасын көтеруге тырысты. Директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары өзінің ұйым­дастырушылық қабілетінің де жоғары екенін көрсетті. Титов орта мектебінің оқу үлгерімі жоғарылап жүре берген. Бұл ауданның білім беру саласы басшыларының назарынан тыс қалмады. Оны осы аудан­дағы ХХІ партсъезд орта мекте­біне директорлық лауазымға жоғарылатты.

Осы мектепте басшылық қызмет атқарған төрт жыл ішінде ол көптеген іс тындырды. Мұғалімдердің жұмыс істеуіне жағдай туғызды, мектептің материалдық базасын нығайтты, оқу кабинеттері мен зертханалар, спорт залы мен спорт алаңы жаңартылды, мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді, балалардың жазғы демалысы тиісті деңгейде ұйымдастырылды. Бұл мектеп оқушылардың білім сапасы мен материалдық базасы жөнінен аудан бойынша алдыңғы қатардан табылды. Білім ұясында жұмыс істеуге ниет білдірген білікті мамандар саны артып, олардың бәрі жеке пәтерлерге ие болды. Бұл да Әділхан Шаймағамбетұлының кең­шар басшысымен бірлесе жұмыс істей білуінің, еліміздің ертеңі – жас ұрпақ мәселесіне қоғамның назарын аударуға қабілеттілігінің арқасы еді.

Әділхан Шаймағамбетұлы 1983-90 жылдары Жаңадала аудандық білім бөлімін басқарды. Орда бұзар отызға жасы толмаған жігіт бұл қызметке зор ынтамен, асқан жігермен, бар жауапкершілікті терең сезіне отырып, бел шеше кірісті. Ол үшін аудан­дық білім беру бөлімінің аппараты мен әдістемелік кабинеттің қызмет­кер­лерін білікті мамандармен толық­тыр­ды, басқа аудандардан тәжірибелі қызметкерлерді жұмысқа тартты.

– Кабинетте отырып іс бітпейді. Күн-түн демей аудан мектептерін аралап, олардағы өзекті мәселелерді көзбен көрмей іс тетігі шешілмейді. Білім саласындағы проблемалар да  адамның сырқаты секілді, оған алдымен диагноз қойып алғандай, себеп-салдарын анықтап алу керек. Содан кейін қандауырын қолына алған хирургтей сылып тастауға кірісесің. Мектептер сонау ұлы ағартушы Ыбырай заманынан қаржыға тәуелді. Сондықтан, мектеп мәселелерін шешу ісіне ылғи жергілікті әкімшілік пен шаруашылық басшылығын тартып отырдым. Азаматтармен тізе біріктіргенде бағынбайтын қамал жоқ еді, – деп еске алады бүгінде Әдекең. Көп ұзамай Жаңадала ауданының білім ошақтары туралы жақсы пікір қалыптасып, орын алған даму динамикасы Білім министрлігінің назарына ілінді, осы ауданның білім беру және тәрбие алаңдарында бірқатар республикалық іс-шаралар абыроймен өткізілді.

Білім саласының бүге-шігесіне дейін жақсы білетін және біліктілігі жарқырай көрінген Әділхан Жүсіпов Торғай облысы таратылғанға дейін облыстық білім басқармасын бас­қарды. Бұл экономиканы да, әлеу­мет­тік саланы да қылбұрауға салған 90-ыншы жылдардың іші еді. Елі­міздің егемендігімен қатар келген экономикалық өзгерістерге байланысты орын алған дағдарыс кезеңі елдің қамын өзінің мүддесінен жоғары қоятын азаматтарға жауапкершілік жүктеді. Олардың қатарында Әділхан Шаймағамбетұлы да бар еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жас ұрпаққа бодандық санадан сілкіну, патриоттық тәрбие беру, қаржы тапшылығына тап болып, еңбекақысын айлап уақытылы ала алмай жүрген ұстаздарды елдің ертеңіне сендіру, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру, қазақ тілінде білім беретін мектептердің материалдық базасын нығайтуға айырықша назар аудару, ондағы мұғалімдердің білік­тілігін арттыру сынды ондаған мәселелер Әділхан Шаймағам­бет­ұлының ен­шісіне бұйырды.

Ол түйінді мәселелердің бәрін байыппен шеше білді. Әдекең Торғай өңіріндегі қазынаны жас ұрпақтың тәрбиесіне пайдалануды мұрат тұтты. Ол қазына – осы өңірде бояуын жоғалтпаған халық педагогикасы болатын. Арнаулы бағдарламалар әзірленіп, мектептердің оқу-тәрбие ісіне енгізіле бастады. Жангелдин және Аманкелді аудандары білім ошақ­тарының базасында он төрт облыстың білім басқармасы басшы­ла­рының қатысуымен Республикалық семинар-кеңес өткізілді. Қазақ тілінен республикалық мектеп оқушылары олимпиадасы да өткізіліп, оған Моң­ғол халық республикасынан қа­зақ балалары да қатысты.

– Сол кезеңде Кеңес Одағы ыдырап кеткенімен, кейбір жаңа бастамаларға келгенде әлі де болса жалтақтап жататын қылығымыз бар болатын. Біз батыл кірістік. Қазір ойласам, бұл рухымыздың оянуы, бодандық сана­ның сілкінуі екен, – дейді Әділхан Шаймағамбетұлы. Оның бұл ісіне ұстаздар жұртшылығы сүйсіне тәнті болса, рсепубликалық білім саласы  басшылығы оған жоғары баға берді.

Еліміздің айбыны, қазақ жерінің алқасы – елордада тұратын Әдекең бүгінде Астана қаласының гумани­тарлық колледжінде директор болып қызмет істейді. Бұл колледж қазіргі уақытта алдыңғы қатарлы оқу орын­дарының бірі болып саналады. Әдетте, ұстаз деген адамгершік, әділ­дік, мейірімділік, өнегелілік, бастамашыл, адалдық, достыққа беріктік ұғымдарының жиынтығы секілді көрінеді. Ал Әділхан Шаймағам­бет­ұлы ұстаз тұлғасын биіктетті, өз ісімен мүсіндеді. Қырық жылға тарта отбасылық өмірінде отбасына береке-бірлік сыйлап, оның осындай ел сыйларлық деңгейге жетуіне ат салысып жүрген сүйген жары Бота екеуі үш ұл тәрбиелеп, одан бес-алты немере қызығын көріп отырған үлгілі үйелмен. Елге танымал азамат, іскерлігімен, ұлағатымен әлі де қоғамға әкелер пайдасы зор деп ойлаймын. Алпыс жас әр адамға осылай бағынса игі еді.

 

Станислава ЩЕГЕЛЬСКАЯ,

білім беру саласының ардагері

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button