Басты ақпаратРуханият

Ұстаз ұстаз туралы

немесе академик З.Қабдоловтың «Ахмет Байтұрсынов» атты мақаласының руханияттық мәні

Академик Зейнолла Қабдоловтың «Ахмет Байтұрсынов» атты мақала-талдауы ұлт зиялыларының тағдыр-талайын, ақиқатында, ахметтанудың бірқатар басым бағытын, ғұмырбаяндық-шығармашылық мәнін, автор мен туынды қатынасын, ортақ мұрат, сыр-сипаттарын барынша байыпты, шынайы шындықтар тұрғысында сөз етеді.

Әсіресе, басты туындылары – «Қырық мысал» мәнін, «Маса» сырын, «Әде­биет танытқыш» табиғаты мен тағылымын жалпы сөз өнері мәселелерімен берік байланыстырады. Ұлттық һәм жалпыадамдық ортақ мұраттарды әдебиеттің болмыс-бітімі, жазушы еңбегінің сыр-сипаты тұрғысынан танып-талдап, мән-мағынасын кең түрде ашады. Осының негізінде әдебиет әлемі, сөз өнеріндегі бет пен бағыт, тек пен түр, реализм принциптері, көркем дамудағы ақиқат шындықтар мәні жан-жақты ашылады.

Академик З.Қабдоловтың «Ахмет Байтұрсынов» атты мақала-талдауларында (оқулыққа қосымша) Алаш арысы, ұлт руха­ниятының ­көшбасшы-реформаторы – Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылық мұрасын жаңа ­көзқарас, соны талаптар негізінде сөз етеді. Бастапқы кезекте: «…Қа­зақтың ұлттық тіл білімінің іргетасын қалаушы лингвист-ғалым – бәрінен бұрын тіл маманы. Ендеше, біздің ХХ ғасырдағы жаңа әдебиетіміздің алғашқы бетін әдеттегідей таза ақын-жазушы емес, лингвист-ғалым ашатыны қалай?» деп ортаға жұрт назарын аударарлықтай ортақ сауал тастап, оның мән-мәнісін кең түрде ашады. Тиісті тұста, қайсыбір қырларын төмендегіше таратады: «Қазақ жұртының арғы-бергі тарихындағы ең мәнді, ең мағыналы кезең, – дейді Мұхтар Әуезов, – осы ғасырдың басында оқыған азаматтарының артынан ерген күндері. Сол оқыған азаматтарының тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі Ахаңды жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті өзінің басшысы деп санайды…

Ахмет Байтұрсынов – адам боп туған соң азаматтыққа бет алып, ат жалын тартып міне бастаған күннен өз ортасында, келе-келе ұлтының аясында Ахаң атанған аса сыйлы, орасан беделді кісі. Бұл қадір-қасиеттің түп төркіні оның тумысында, тектілігінде жатыр».

Негізінен, академик З.Қабдоловтың ­«Ахмет Байтұрсынов» атты мақала-талдауы (оқулыққа қосымша) алдымен Алаш арыс­тарының тағдыр-талайын қайыра еске алумен бірге, анығында біліми-ғылыми қырларымен, зерттеу мен зерделеу бағытындағы баяндау мәнерімен назар аудартады, әрі тарих-уақыттың ақиқат жайттарын, кезең көріністерінің қырлы-сырлы сипаттарын сабақтастықта сөз еткен елеулі еңбектердің қатарына жатады

Мақала-талдаудың авторы (З.Қабдолов) бұдан кейінгі тұстарда А.Байтұрсыновтың ғұмырнама деректеріне ден қояды. Торғай атырабындағы әнге айналған айшуақ әлем – Ақкөл жағасында туғанын, А.Затаевич айтқандай, майда қоңыр дауысымен әуенді-сазды әндерді жан-жүректен айтып шырқаған-ды. М.Дулатовтың «Ахмет Байтұрсынұлы Байтұрсынов» деген өмірбаяндық очеркінде Ахаңның тегі мен тектілігін кең түрде сөз етеді. Тумысынан тегеурінді Байтұрсын туралы да талайлы тағдырын, ел азаттығы жолындағы жанкешті әрекетін, азаттықты аңсаған өшпес ерлік-өнегесін тілге тиек етеді. Азаттық идеясы А.Байтұрсыновтың барша саналы өмірінің басты мақсаты мен мұраттарын құрайды.

А.Байтұрсыновтың 1926 жылы жарық көрген «Әде­биет танытқыш» еңбегі Эллада елінде жарық көрген Аристотельдің «Поэтика» еңбегімен байланыс­тырылып, оның сөз өнеріндегі болмысы мен бітімі, қадірі мен қасиеті, сыр-сипаттары айқындалып, қазақ қоғамындағы тұңғыш теориялық еңбек екендігі орынды аталады. Аристотель мен Ахаңның мезгілі мен мекені, қисыны мен қағидалары әдебиет туралы ғылыммен сабақтастықта сөз етіледі. Бірқатар әдебиеттанушылардың еңбектері аталады (Қ.Жұма­лиев, Е.Ысмайлов, З.Қабдолов, т. б.). Автор тиісті тұста: «…аяулы Ахаңның араға алпыс жыл салып қайтып-оралуы ағартушы-ақын-ойшыл-ғалым ретіндегі өзге қырларын өз алдына қойғанда, біздің әдебиет туралы ғылымымызды, оның теориясын осылай бүтіндеді.

Туған топырағымыздағы әдебиет теориясының басы болып табылатын «Әдебиет танытқыштың» айта қалғандай қадірі мен қасиеті, тарихи мәні мен маңызы дәл осы арада деп білген жөн.

Ахаң жоқта біздегі әде­биет теориясы басы жоқ кеуде секілді еді. Ал басы жоқ дене бола ма? Қайтейік, болады деп келдік…». Ақиқатында, автордың бұл ­түйін-тұжырымы ауыр да болса шындық екені анық еді.

Тұтастай алғанда, мақала-талдаудың авторы (З.Қабдолов) «Әдебиет танытқыш» кітабының бағыт-арнасын, болмысы мен бітімін, сөз өнеріндегі орнын, қырлы-сырлы сипаттарын әр қырынан қарастырып, жіті ден қойып, кең түрде ашады. Ой тү­йінін: «…Бұл – сөз өнерінің басы «әліп-биі». Өйткені сөз өнерінің тек ұлттық қана емес, күллі адамбаласылық ұлы проблемаларды әдебиетттің болмыс-бітімін белгілеумен ғана шектелмейді; бұдан әрі біріне-бірі тұтасып, әдеби шығарманың сыры мен сипатын парықтау, ақыр аяғында әдеби дамудың мағынасы мен мәнін анықтау жатыр. Бұларды жүзеге асыру жолы З.Қабдолов­тың «Сөз өнерінде» былай белгіленеді: әдебиеттің теориялық мәселелерін бірыңғай қисынға ғана айналдырып, оны әлдебір қасаң ереже, кейде тіпті қатал заң ретінде ұсынбай, теория­лық толғамдарды жазушылық шеберлік мәселесімен, қажет жағдайда қаламгерлік өнердің қиын иірімдерімен ұштастыра, көркем творчествоның психологиясымен байланыстыра жүйелеп отыруымыз керек. Бұл міндетті Ахаң өзінен кейінгілердің үлесіне қалдырып кетті».

Маңыздысы, аталған мақала-талдауда Ахмет Байтұрсынұлының ғұмырнама деректері мәнді-нәрлі өріс алып, «Қырық мысал», «Маса», «Әдебиет танытқыш» туындылары тақырыптық-мазмұндық жүйесі, идеялық-көркемдік қырлары, әдеби-рухани һәм мәдени-эстетикалық құндылықтары айқындалып, зерттеу-зерделеу бағытында сөз етілуі – біліми-ғылыми тұрғыдан маңызы мен өзектілігі зор. Ал ұлттық әдебиеттану жағынан жаңашылдық-сабақтастық һәм танытқыштық-тағылымдық қайнар-қуаты мол, қасиет-құдіреті айқындығымен назар аудартады. Көркемдік кеңістігі қырлы-сырлы сипаттарымен нәрлі, қысқа-нұсқа толғам-толғаныстар тану-талдау баянымен мәнді, түйін-тұжырымымен құнды. Арғы-бергі кезеңдердегі әдебиет теориясы төңірегіндегі қисын-көзқарастар жүйесіне тиісінше ой-пікірлер білдіріліп, маңызды-өзекті жайттарына тоқталып, болашақ бағыт-бағдарына бажайлаулар жасалып, біліми-ғылыми аспектілеріне ден қойылып, зерттеу-зерделеу ісіне басымдық беріледі. Әдебиеттің теориялық мәселелерін «қасаң ереже, қатал заң» аясында емес, керісінше, жазушы еңбегі, көркемдік құ­пиясы, шығармашылық үдеріс төңірегінде жүйелеп, жан-жақты қарастырудың жолдары көрсетіледі. Асыл сөз – әдебиеттің басты мұраты: «…ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы, шығарма арқауы – шындық» екені бар қырынан ашылады. Академик З.Қабдолов қағидасы, шынайы шындығы осыған саяды.

Негізінен, академик З.Қабдоловтың «Ахмет Байтұрсынов» атты мақала-талдауы (оқулыққа қосымша) алдымен Алаш арыстарының тағдыр-талайын қайыра еске алумен бірге, анығында біліми-ғылыми қырларымен, зерттеу мен зерделеу бағытындағы баяндау мәнерімен назар аудартады, әрі тарих-уақыттың ақиқат жайттарын, кезең көріністерінің қырлы-сырлы сипаттарын сабақтастықта сөз еткен елеулі еңбектердің қатарына жатады.

Бастысы, академик З.Қабдолов Алаш мұрасына, оның көрнек­ті тұлғасы, руханият реформаторы А.Байтұрсынұлы хақында бұрынғы-соңғы ­жүйе-ұстанымға қатысты іргелі ізденістердің ақиқатын айтып, ұлттық әдебиеттанудың бел-бе­лестерін, зерттеп-зерделеу жайын жаңаша бажайлап, үлгі-нұсқаны негізгі талдау өзегі етеді.

Ұлт руханиятының реформаторы – А.Байтұрсынұлының мерейтойлық жылында жоғарыда аталған академик З.Қабдоловтың мақала-талдауын қайыра оқып, әдеби-теориялық қағидаттарын назарға алу – мәнді, сауапты іс!

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button