Ұстаз жолын жалғаған шәкірт
Кеше Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының 60 жас мерейтойына орай «Алаш көсемі және ұлт тілі», «Жаңа атаулар мен қолданыстар сөздігі», «Alaş ve Terminoloji», «Тілтанушы», «Абай тілі: көне сөздер мен сирек қолданыстар» кітаптарының таныстырылымы өтті.
Мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері, оқырмандар қатысқан іс-шарада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын жеткізді.
Осыдан соң жиынға қатысушылар Шерубай еңбектерінің әр қырынан сөз қозғады.
– Шерубай Құрманбайұлы – биыл туғанына 100 жыл толған атақты ғалым Әбдуәли Қайдар тәрбиелеген 17 ғылым докторының бірі. Шерубай сол ұстазының ізімен келе жатыр, ұстаз-шәкірт сабақтастығы деген осы. Тек ғылыммен ғана айналыспай, мемлекеттік қызметте де көп жұмыстар атқарған Шерубай қай қызметте жүрсе де өз қабілет-қарымын көрсете білді. Бүгін тұсауы кесілген кітаптардың барлығы да біздің Лингвистика немесе тіл ғылымына ғана қосқан үлесі емес, ол қазақ өркениетіне, мәдениетіне қосқан үлкен үлес деп есептеуіміз керек. Сөздік жасау оңай жұмыс емес, ол үлкен жауапкершілік пен мол білімді қажет етеді. Абай сөздігін немесе Мұқағали сөздігін жасау үшін олардың бүкіл шығармаларын оқып, сүзіп шығу керек болады. Осы тұрғыдан алғанда, бір емес бірнеше сөздік жасаған Шерубайдың еңбегі ерен. 10 жылдың ішінде 7 монография, 5 сөздік, 1 мақалалар жинағын, 2 әдістемелік құрал, 153 ғылыми мақала жазған Шерубай Әбдуәли ағамыздың үмітін ақтаған шәкірт, – деді мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының доктор, профессор Әділ Ахметов.
Шерубай Құрманбайұлы 1991 жылдан бері тіл білімі саласында қажырлы еңбек етіп келеді. Ол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап тіліміздегі жаңа атауларды жинақтап, оларды жүйелеп, соңғы 30 жыл ішінде жасалған жаңа терминдер мен қолданыстағы атаулардың сөздігін жарып, терминологияның дамуына үлкен үлес қосты. Алаш мұраларына үңіліп, Әлихан Бөкейханұлының тілдік мұрасын зерттеп, «Алаш көсемі және ұлт тілі» деген монография жазды. Шәкірті М.Әділовпен бірлесіп жүргізген зерттеу негізінде «Абай тіліндегі көне атаулар мен сирек қолданыстар» монографиясын оқырманына ұсынды. «Алаш терминологиясы» еңбегі түрік тіліне аударылып, Анкарада басып шықты.
Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ