Жаңалықтар

ҰСТАЗ АМАНАТЫ

(эссе)

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жоғары курсында оқып жүрген кезіміз. Оқу жылы басталған күні топ болып сабақ кестесімен танысып жатырмыз. Кестемен таныстырып тұрған топ ста- ростасы бізге «Алаш ұранды әдебиет» пәнінен ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Рымғали Нұрғали дәріс оқитынын айтты. Атын мектепте оқып жүрген кезімде энциклопеяның алғашқы бетінен ғана оқитын әйгілі ғалым дәрісін тыңдаймын деген үш ұйықтасам ойыма кірмеген жайт еді. Шынымды айтсам ол кісінің сабағы болатын күнді асыға күттім. Содан алдыңғы сабақ бітіп, М.Әуезов атындағы дәрісханада Рымғали ағайдың сабағының басталуын күтіп отырғанбыз. Қасымдағы курстастарыммен алдағы болатын сабақтарды талқылап даурығуымыз қыза түскен еді. Бір қыздың «Ағай келе жатыр» деген дауысы саңқ етті де, дабырлап отырған студенттер тым-тырыс бола қалды. Қарасам, есіктен шашын артына қарай қайырған, атжақты, ашаң жүзді Рымғали ағайымыз кіріп келе жатыр екен. Мен үшін бала күнімнен суретінен таныс адам көзіме оттай басылды. Ал, ағайымыз кірді де шұқшиып түгендеп жатпастан дәрісін бастап кетті. Байқағаным, дәріс оқыған кезде біртіндеп бауырын жазатын тұлпарларша көсіліп кете береді екен. Алаш қайраткерлері туралы көл-көсір деректер, неше түрлі біз естімеген тың жаңалықтар профессордың аузынан алтындай төгіліп жатты. Білімі ұшан-теңіз, орта ғасырлардағы отауыз шешендердей шешіліп сөйлейтін, аудиторияны ұршықша иіретін оқытушыны тобымызбен қатты жақсы көріп кеттік. Бәріміздің ол кісіге деген құрметіміз де ерекше болды. Бірақ ол кезде мен келешек өмірімнің осы ағаймен тікелей байланыста болатынын білген жоқ едім.

2001 жылдың желтоқсан айында ҚазҰУ-дегі Студенттер сарайы директорының орынбасары деген әжептәуір лауазымымды тастап Арқа төріндегі Астанаға бір-ақ тарттым. Еліміздің жаңа орталығында тұру менің арманыма айналған кез еді бұл. Оның үстіне Балғынбек, Дәулеткерей, Айбек, Қалқаман сияқты ақын достарымның барлығы Астанада қызмет істейді. Мен үшін олардың ортасында жүру қызық. Қаласа ештеңеге қарамайтын албырт жастықтың екпінімен келген бойда Еуразия ұлттық университетіне табан тіредім. Университеттің бас ғимаратындағы тарихи жәдігерлерді тамашалап жүрген едім, Айбек Қалиев келіп мені Рымғали ағайдың шақырып жатқанын айтты. Бас ғимараттың төртінші қабатында Рымғали ағайдың жеке кабинеті бар екен. Есіктен жасқаншақтай кірген маған ағай тесіле қарап:

– Иә, қайдан жүрсің, – деді.

Сөзінің сыңайын қарағанда менің қайдан, не үшін келгенімді жігіттерден алдын ала біліп алғанға ұқсайды.

– Ағай, мені таныған шығарсыз, КазГУ-де сіздің дәрісіңізді тыңдаған шәкірттеріңіздің бірі едім ғой, – дедім мен.

– Біліп отырмын, алдыңғы қатарда отыратынсың. Сен сияқты жас жігіттер бізге керек. Кафедрада жұмыс істегің келе ме? – деді.

Көктен сұра аным жерден табылғандай:

– Әрине, жұмыс істегім келеді,– дедім қуанып.

Рымғали ағай Дәулеткерей мен Балғынбекті шақырып алып:

– Мына Серікзатты ертеңнен қалдырмай Мырзекеңе (ректор Мырзатай Жолдасбековке) кіргізіңдер. Мен бүгін ол кісіге айтып қоямын, – деді.

Менің қуанышымда шек жоқ. Қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы болсам деп келген арманым аяқ астынан орындалған сыңайлы. Бірақ сәл ертерек қуанып қойыппын. Жігіттермен Астанаға келгенімді тойлатып жүріп арада біраз уақыт өткізіп алған екенбіз. Бір күні дәлізде мені көріп қалған Рымғали ағай қатты ренжіді. Ректораттың шешімімен орныма басқа адамдарды алып қойыпты. Сонымен үш-төрт ай практикалық қазақ тілі кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеуге тура келді. Қазақ әдебиеті кафедрасына қабылдану бақыты келесі оқу жылында ғана бұйырды. Содан сегіз жыл табан аудармай Рымғали ағайдың қасында жүрдім. Ол кісімен ілесіп Қазақстанның біраз жерлерін араладым. Көп нәрсе үйрендім, көкейге түйдім. Ағайдың елден ерек қағылездігі, қысылтаяң шақтардағы тапқырлығы қайран қалдырушы еді. Менің әлі көлік жүргізбейтін кезімде ағай өз көлігіне отырғызып алатын. Бір көзі нашарлау көретіндіктен жол көрсету үшін. Мен өзімше «жағдай жаман емес, шопырым академик» деп жұртқа мақтанып қоямын.

Бір күні Рымғали ағай жол тәртібін өрескел бұзды. Жақын жерде тұрған жол полициясының қызметкері жерден жеті қоян тапқандай таяғын шошаңдатып жетіп келді. Ағайым сасатын емес. Қолын шекесіне апарып өзін таныстырып жатқан тәртіп сақшысына:

– Балам, қай жерден боласың? – деп сұрады.

– Оны қайтесіз? – деді сақшы сызданып.

– Енді қазақпыз ғой, жөн сұраспаймыз ба?

– Қорғалжыңнанмын.

– Темешсің бе? – деді Рымғали ағай.

– Иә, Темешпін.

Ағай ештеңе болмағандай кейіппен:

– Өй, бауыр екенсің ғой, – деп қояды ақырын ғана.

Елең ете қалған жол полициясы қызметкері:

– Сіз де Темешсіз бе? – деді.

–Енді Темеш емей кім деп тұрсың? – деп қояды ағайым қабағын кіржитіп. Мен күлкіге булығып әрең шыдап тұрмын. Былай шыға бере күлкінің тиегін ағыттым-ай келіп.

Солай ағайдың тапқырлығының арқасында жол сақшысының қаһарынан құтылып кеттік. Кейін жаңағы сақшы жігіт талай жерде кездескенде «Ағамның жағдайы қалай?» деп сұрастырып жатқанын көзіміз көрді. Ағай, тіпті, кейбір шаруаларын да сол жігіт арқылы бітіріп жүрді.

Рымғали ағай қазақ жеріндегі барлық руларды, мекендеген жерін, олардан шыққан белгілі адамдарды білуші еді. Және оны осындай сәттерде орнымен пайдалана білетін. Бірде Рымғали ағайдың жаңа үйінің суы мен жарығын реттеу керек болды. Ағай екеуміз салып ұрып «Астанаэнергосбыт» мекемесіне бардық.

Барсақ, тіркелетін жерде кезек көп екен. Күтсек, күні бойы отыратын түріміз бар. Ағай маған:

– Жүр, бастығына барамыз, – деді.

– Танушы ма едіңіз? – деп сұраймын тыныш тұрмай.

– Жоқ.

– Қабылдай ма? – деймін тағы да өзімше күмәнданып.

– Қабылдайды.

Бастықтың кабинетіне жақындай бергенде ағай маған есіктегі жазылған атын оқышы деп ымдады.

– Абылай екен, – дедім.

– Е, Көкшетау болды ғой, – деп қояды ағай.

Келді де хатшы қыздың бөгегеніне қарамай есікті қағып кіріп кетті. Кірген бойда өзінің көкшетаулық жазушы Сәкен Жүнісовтың досы екендігін айтып, шаруасын он-ақ минуттың ішінде тындырып шықты.

Одан шығып «Астана су арнасы» мекемесіне бардық. Тағы да ұзақ сонар кезек. Тікелей бастығына тарттық.

Рымғали ағай тағы да:

– Аты кім екен, оқышы, – деп мені жұмсады.

– Исатай екен ағай.

– Е, батыстан болды ғой, – дейді ағайым.

Бірақ хатшы қыздың бізді кіргізгісі келмеді. Бастық қабылдамайды, өйткені, маңызды бір жиналысқа дайындалып жатқан көрінеді. Сол сәтте бір шаруамен бастықтың өзі шыға қалмасы бар ма! Рымғали ағай:

– Айналайын Исатай, атыңа қарағанда өзіміздің батыстың жігіті сияқтысың. Мен анау Әбіш ағаң мен Фариза апаңның Рымғали деген досымын. Өзіңе болар болмас қана шаруам бар еді, – деп самбырлап сөйлеген бойда бастықтың кабинетіне ілесіп кіріп кетті. Солайша елдің бір аптада бітіретін жұмысын

Рымғали аға бір сағаттың ішінде шешкенінің куәсі болдым.

Рымғали ағай ғұлама ғалымдығымен қатар, сөзге өте тапқыр, кез келген уақытта қиыннан қиыстыра білетін сұңғыла адам еді. Адамның тілін таба білетін мінезі академиктің ерекше қасиеттерінің бірі болатын. Ағай туған жері Абыралы ауданын ерекше жақсы көретін. Полигонның орталығы болса да осы жер маған ыстық деп айтып отыратын. Қайбір жылы Қайнарға сапарлап барғанымызда Таңбалытасқа соққанымыз бар. Ежелгі дәуірдегі адамдардың тасқа салған суреттерінен тұратын дала галлереясы бір тауды тұтас алып жатыр екен. Туған жердің төрінде тебіреніп тұрған ағайым бір сәтте жанындағы тасты нұсқап:

– Серікзат, саған және барлық шәкірттеріме аманат! Егер мен олай былай болсам, басыма гранит тас орнатпай-ақ қойыңдар. Ақшаларың шығады. Мына тасты әкеп басыма қойыңдар. Туған жерімнің тасынан артық құлпытастың маған қажеті, – жоқ деген еді.

Бұл сапарда бізбен бірге «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков және кіші ұлы Ердос, айтыс ақыны Иранғайып Күзембаевтар бар еді. Бәріміз жамандықты қаламасақ та үнсіз бас изеген болдық. Кейін академик ағамыз қайтыс болғанда Нұрлан Исабеков ағамыз бен ақын шәкірті Дәулеткерейдің күш салуымен жаңағы Таңбалытастан екі тасты алдыртып бірін бейітінің басына, бірін өзінің атындағы аудиторияға қойғыздық. Аманатқа қиянат жасалған жоқ. Тірі кезінде ағайдың туған күнін шәкірттері жылда ерекше салтанатпен атап өтетінбіз. Биыл да туған күні аталып өтпек. Тек ұстаздың өзі жоқ арамызда. Міржақып Дулатовтың Абайға арнап айтқанындай, Ардакүрең ұстазымның қайтыс болған күні бізден қаншалықты алыстаған сайын рухы соншалықты жақындай беретініне көзім жетіп келеді. Ағайдың ақылын, әзілдеп тиіспесе жүре алмайтын да- уысын сағынамыз. Ол енді мәңгілік сағынышқа айналды. Сағыныш-ай!

Серікзат Дүйсенғазин,
ақын, филология ғылымдарының кандидаты


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button