Білім

Ұстаздарын ұлықтады

 Жақында  Астана төрінде Толқынкөл орта мектебінің әр жылдары түлеп ұшқан түлектері осы білім шаңырағының  ардагер ұстаздарын  шақырып, кездесу кешін өткізді.
Тың бастама, ғибаратты үрдісті көпке үлгі ете білген шәкірттер  кезінде бойларына білім нәрі мен тәлімді тәрбие сіңіріп, алтын ұясынан қимай-қимай ұшырған жүректеріне жақын жандарды ыстық  ықыластарына бөледі.

Осындайда ойға «ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз оралады. Ұзақ жыл мектеп директоры болған Төлеубай Ақсейітұлы мен зайыбы ардагер ұстаз Рысты апайға, айналасына шуақ шашып жүретін білікті жан Әлдембек Жүсіпбеков пен өн бойынан мәдениет пен инабаттың лебі есіп тұратын Орал Манапқызына, физика пәнінің білгір маманы Бақыт Аманжолова мен Күнсұлу, Айткүл, Әлия, Рысалды апайға, тағы  басқа да  ұстаздарына толқынкөлдік түлектер  арнайы дастарқан жайып, кездесу кешінің құрметті қонағы ретінде сый-құрмет көрсетті.
Баланың бойындағы шынайы білім, біліктілік дағдылары, мінез-құлқы, шарапаттылығы жақсы ұстаздан қалған әдет болса керек. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген хакім Абайдың сөзін өзінің өмір қағидасы еткен мұғалім  қауымы  да ерекше толқып сөз алды.
«Рас, педагог бойындағы барлық мейірімін, білімін, тәжірибесін алдындағы шәкірттеріне беріп, олардың рухани дүниесін байытады, өмірде неғұрлым адаспай, дұрыс жолмен жүрсе деп олардың қамын жиді».

Алғашқы болып сөз алған мектептің бұрынғы басшысы Төлеубай аға еңсесін тік ұстап, «Еңбек – ердің санаты, білім – ердің қанаты» дегендей,  ұстаздық мамандығындағы еңбек  жолында осындай құрметті күнге жеткізген еңбегі екенін тағылымды қылып айтып берді. Толқынкөл мектебінде қызмет жасап жүрген кезіндегі әрбір ұжымдағы мұғалімдерінің еңбегін, барлық оқушылардың жақсы қабілеттерін еске түсірді. «Ол кезеңде мектеп ауласында картоп, ағаш-тал егіліп отырғызылатын. Соның әр түбіне шелекпен су тасып құйып еңбектенген өздеріңсіңдер»  деп түлектердің де мектеп қабырғасындағы білім алу мен қатар еткен еңбектерін де атап өтті.
«Белгісі болса, жолдан жаңылмас, білімі болса сөзден жаңылмас» дегендей, Төлеубай Ақсейітұлы ақсақал жасына келсе де өткенді өнеге қыла отырып,  қазіргі түлектерін мақтан тұтатынын, білімнің басы – бейнет, соңы зейнет екенін, ерінбей еңбек еткен түбі мұратына жететінін жастарға әдемілеп жеткізді.
Ал байырғы педагог Әлдембек Жүсіпбеков кеше көз алдында құлын-тайдай асыр салып, бүгін үлкен азамат болып, елдің бір-бір тұтқасына айналған шәкірттерін көріп, толқып тұрғанын айтты. «Ұстаз болу – ұлағаттың белгісі» деп жатады. Мен осы қиын да қызық мамандықты таңдап, ұзақ жыл төккен терімнің зая кетпегеніне қуанып отырмын» деді.
Бұдан кейін ардагер ұстаздар Күләш Баймұқанова, Орал Манапқызы, тағы басқалар осы кездесудің тәлімдік, тәрбиелік мәніне тоқталып, оны ұйымдастыруға атсалысқан Тұрсын Есілбеваға, Зәуреш Қадырбаеваға, Бейбіт Қайыржановқа, Сәкен Кәрібаевқа, Марат Ашуұлына, Жандос Әлдембекұлына,  басқа да көптеген азаматтарға шексіз алғыстарын білдірді.

Жұмаш ҚАЙДАРҚЫЗЫ,
Астрахан ауданы Жарсуат мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button