Айтпайын-ақ деп едім!

Ұстазы смартфон ұрпақ болашағы қандай?

«Әкем ұрысқаннан гөрі, лайк басса екен» дейтін ұрпақ өсіп келеді. Бұл – бүгінгі әлеуметтік желінің шынайы бейнесі мен ұрпақ тәрбиесіне сіңіріп жатқан көзге көрінбейтін, бірақ өте қауіпті ықпалы. Смартфон – баланың жаңа тәрбиешісіне, TikTok – жасөспірімнің ұстазына, Instagram – ержетіп келе жатқан жеткіншектің болмыс айнасына айналды. Бұған кім кінәлі? Технология ма, әлде оны тізгіндей алмай отырған ата-ана ма? Жақында Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Парламантте «жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын заңмен реттеу керек» деген мәселе көтерді.

Депутат келтірген деректерге сенсек, Қазақстандағы балалардың 88%-ында жеке смартфон бар екен. Ал ата-аналардың 62%-ы баласының гаджетке телмірген уақытын бақылайтын арнайы бағдарламалар орнатпайды, шектеу қоймайды. Бұл – шын мәнінде, бала тәрбиесін экранға беріп қою. Қай ата-ана баласын бейтаныс адамдармен оңаша қалдырады? Бірақ интернеттегі ашық желі – дәл сондай орта. Абайламаса, сананы улап, көзқарасты өзгертетін, құндылықты терістейтін кеңістік. Себебі баланың психикасы, мінезі мен қызығушылығы осы кезеңде қалыптасады. Ал TikTok-тағы кез келген тренд, Instagram-дағы жылтырақ өмір көріністері баланың шынайы өмірден алшақтап, жалған ұғым қалыптастыруына себепкер болып жатқаны да жасырын емес.

Баланың телефонмен тым ерте «қауышуына» себепкер болып отырған да – үлкендердің өзі. Қазір баланың қолына смартфонды «мазаламау үшін» ұстата салатын әке-шеше аз емес. Ал кейін баласының виртуал әлемнен шықпай, тұйықталып, күйзеліске ұшырап, агрессияға бой алдырғанына алаңдайтын да тағы сол ата-ана.

Сондықтан Қазақстанда балаларды әлеуметтік желіге тәуелділіктен қорғау үшін тек заңмен ғана емес, қоғамдық санада да бетбұрыс жасау қажет сияқты. Ата-ана баламен сөйлесуді, бірге уақыт өткізуді, кітап оқуға қызықтыруды онымен шынайы өмірде достасуды қайта үйренуі керек. Себебі бала тәрбиесін TikTok-тағы трендтерге қалдырсақ, ертеңгі ұрпақ тек смартфоннан шабыт алатын болады. Ал шабыт қайдан келсе, болмыс та сол жаққа бұрылады.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button