Басты ақпаратМәселе

Ұялы телефон ұрпақты аздырмасын

…Адамзат үшін ХХІ ғасыр – жаңа технологиялардың ғасыры. Өмірімізге бұл жаңа технологиялар жақындаған сайын, оның қайшылықтары да кездеспей жатқан жоқ. Бұл жолғы әңгімеміз интернет желісінде жұмыс істейтін ұялы телефон жайлы болмақ.

Ғажайып дүние

Шындығында бұл компьютер мен ұялы телефонның ішінде бәрі бар. Есептегіштен бастап, күнтізбе, сағат, әртүрлі тақырыптағы видеолар мен кинолар, небір әндер тыңдайсың. Әдеби кітаптарды да осыдан оқуыңа болады. Телехабарлар көріп, радио хабарлар мен жазбаларды тыңдап, құттықтауларға қажетті сөздерді де осыдан тауып ала аласың.

Тіпті білмей отырған сұрағыңды да сұрақ қоя отырып, осы ұялы телефоннан білесің. Өзіңе керек адамыңмен сол мезетте сөйлесесің. Ең бастысы, балаларымыздың қай жерде жүргенін біліп отырамыз. Шынын айту керек, ғажап дүние… Оған таңданбасқа лажың жоқ.

Ал енді осы ұялы телефонның зияны неде? Ұялы телефон қолданысқа енгеннен бері адамдар да, әлем де өзгеріп кеткен сияқ­ты. Осының бәрін мен мына жанымызда жүрген ұялы телефон мен компьютерден көремін.

Ал балаларымыз болса, бұған үйренгені сонша әкесі де, шешесі де – осы телефон. Тіпті сиқырлап алғандай. Бұл смартфон мектеп оқушыларының ғана емес, тіпті кішкентай балалардың да өміріне іштей кіріп алды деуге болады.

Телефон баланың ойыншығы емес

Кейбір ата-аналар бұл телефонды бір жастағы балаларға ойыншық ретінде қолына ұстата салады. Оны ұстаған бала алдымен аузына апарады. Жалайды. Соңында қалай екені белгісіз тетіктерін басып-басып үйреніп алады. Ал қолынан алсаң, жылайды, бақырады-шақырады, әйтеуір ата-анасына айтқанын істетеді.

Ал жылаған баладан құтылғысы келген ата-ана, өзінің жан тыныштығын ойлап, телефонды қолынан алмайды. Ата-ана телефонның кішкентай балаға қаншалықты зиян екенін іштей білсе де, білмегендей сыңай танытқанына қайран қаласың.

Көргенімді айтайын, бірде таныс құрбымның үйіне бардым. Бесінші сыныпта оқитын немересі телефонда отыр екен. Әжесі: Балам, сабағыңды оқы, бүгін бес сабақ, үлгермейсің, – деп барып қолынан телефонды алып қойды. Сол-ақ екен, жаңағы бала мінез көрсетіп, айтпаған сөзі жоқ, көзі алақтап, дір-дір етті де қалды. Мен шошып кеттім. Бала басқа бөлмеге қарай жүгіріп, есікті тарс етіп жауып алды. Содан мен кеткенше сол бөлмеден шыққан жоқ, сабақ жайына қалды. Баланың қылығынан ұялған құрбым, қазіргі барлық балалар осындай деп ақталып жатыр. Шындығында мұндай жай барлық отбасында кездеседі десем артық айтпаспын.

Бұл ұялы телефон мектеп оқушыларының да қолынан түспейді. Телефонды жандарынан тастамай өздерімен бірге мектепке сабаққа алып барады. Оған ата-аналар да, мұғалімдер де көңіл бөлмейді.

Үлкендер де жасөспірім секілді

Ал жастар ше? Тіпті қызық, автобуста отырғандары да, көшеде кетіп бара жатқандарының да екі қолында телефон. Құлақтарына киіп алған құлаққаптан сұрақ қойсаң естімейді, өзіңе қарап бедірейеді. Ал екі жас дәмханада отырса, бір-бірімен шүйіркелесудің орнына телефоннан видео көрініс көріп отырады.

Ал үлкендер ше? Олар да балалардай. Мына індеттің зардабы ма, әлде ұялы телефонның сиқыры ма, олардың да қолдарынан телефон түспейді. Тіпті адамдар бір-бірін мерекеде, не туған күнде құттықтап телефон арқылы сөйлесу керек болса, құттықтаудың орнына смайлик жіберіп құтыла салады.

Әлеуметтік желіде топ-топ болып, әртүрлі тақырыпта айтысып-тартысып жатқан жұрттың арасына қалай кіріп кеткенімізді де білмейміз. Құндылық пен құнсыздықтың арасын ажырата алмай, абдыраған жұрт.

Әркім өз мамандығын жақсы меңгермей, өзін-өзі кітап оқуға үйретіп, рухани тұрғыда дамытпай, тобырлық санадан арыла алмаймыз. Ал тобырлық санадан арылмай, ішкі мәдение­тіміз қалыптаспайды. Осыншалықты рухани құлдыраудың құны тым ауыр екенін ескеріп жатырмыз ба? Бізден кейін оның ауыр зардабын болашақ ұрпақ тартатынын пайымдай алдық па? – депті Аягүл Мантай. Өте дұрыс айтылған ой.

Миға да, көзге де, жүйкеге де зиян

Шынында да Фейсбук, Инстаграм тағы да басқа желілерде отырып алып әртүрлі тақырыпта бір-бірімізбен жағаласып та жатқан жоқпыз ба? Білетін тақырыбымызға да білмейтін тақырыбымызға да араласып, тіпті саясатқа да кіріп кетеміз ғой. Жөні бар, жөні жоқ мәселелерге араласамыз. Есептеп қарасам, ұялы телефоны бар көп адам күніне кемінде 7-8 сағат уақытын осы интернетте өткізеді екен. Тіпті қызметте отырғандардың өзі ара-арасында жұмысын тастай сала телефонға үңіледі. Оның орнына елге қажетті іспен айналысса жөн болмай ма?

Ал ата-аналар сол интернетке кеткен уақытын балаларының тәрбиесі мен оқуына көңіл бөлсе, отбасының жағдайын түзеткен болар еді.

Осы телефонда шұқшиып, тесіліп көп отырғанның жасөспірімге де, балаға да өте зиянды екенін баршамыз білеміз. Адамның миынан басқа, көзге зиян. Ал үлкендер үшін ата-аналардың бұрынғыдай әңгімелесуі, жақынымен сырласуы жайына қалып, қатыгездік пен тұйықтық, немқұрайлылық пайда болды. Адамдардың мінездері де өзгеріп кеткенін бүгінде баршамыз біліп отырмыз. Тіпті өзіміз де олардан алыс емеспіз.

Ал енді осы телефон мен компьютердің адамзат баласына тигізіп отырған зияны жайлы тоқталсақ. Осы телефонда шұқшиып, тесіліп көп отырғанның жасөспірімге де, балаға да, оқушыға да, ересек адамдарға да өте зиян­ды екенін баршамыз білеміз. Адамның миынан басқа, оның көзге де зияны өте зор. Телефонда көп отырған баланың жүйке тамыры нашарлап, көпке дейін ұйықтай алмай мазасызданады. Тіпті өз басым мақала жазып компьютерде көп отырып қалсам, түні бойы ұйықтай алмай қиналамын. Таңға қарай шаршап барып көз ілемін.

Бір-бірімізбен әңгімелесуден қалдық

Қарап отырсақ, үлкендер де бір-бірімен бұрынғыдай әңгімелесуден қалды. Жақынымен де бұрынғыдай сырласпайды. Оған уақыты жоқ, күні бойы телефонда отырады. Мінездерінде қатыгездік пен бейқамдық бар. Өзіміз де солардан алыс емеспіз, басымыздағы жай, кімге күлеміз, бәріміз сондай күй кештік. Ал енді осыдан қалай құтыламыз? Оған тек салауатты өмір, таза ауада жүріп, қолың бос болса кітап оқу қажет деп ойлаймын.

Ал кішкентай балалардың жағдайы тіптен қиын. Ғалымдардың зерттеуінше, балалардың телефонға қарауының зияны үлкендермен салыс­тырғанда әлдеқайда жоғары екен. Оған себеп балалардың жүйке талшықтары өсіп-жетілу кезеңінде болғандықтан, олар радиациялық сәуледен тез зиян шегеді екен. Кішкентай балалардың бас сүйегі жұқа болғандықтан, радиациялық сәуледен қорғанысы да әлсіз болады дейді.

Дәрігерлердің зерттеуі бойынша, бастың аймағында ісікке шалдыққан адамдардың саны жылдан жылға артып келеді. Бұл, негізінен, ұялы телефонның әсерінен деп тұжырымдайды.

Сондықтан балалардың назарын ұялы телефонға емес, олардың назарын әртүрлі үйірмелерге қатыстырып, спортқа қызығушылығын арттырып, мектептегі қоғамдық жұмыстарға салу керек. Әрине, мұнымен тек ата-аналар ғана емес, сынып жетекшілері де өз үлесін қосса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ұялы телефонның зияны жайлы зерттеп жүрген Оразбек Пернебайдың айтуынша, ғалымдар ұялы телефонның электромагниттік толқындарының адам ағзасына қаншалықты зияны бар екенін зерттеген екен. Көп елде осыған байланысты арнайы программалар құрылып, үш жылдың көлемінде зерттеулер жүргізілген. Оған 12 елден келген 15 мың дәрігер қатысыпты. Зерттеу нәтижесінде құлақтың маңайында орналасқан ми, көз, сілекей безі, құлақ түйсіктеріне зияны көп екен.

Естуімізше, әрі әртүрлі ақпараттардан оқуымызша, қазіргі уақытта осы ұялы телефонды шығарған жапон, корей елдерінде оқушыларға мектепке телефон алып келуге қатаң тыйым салған. Тіпті үйде де, қоғамдық жерлерде де шектеу қойған екен. Бізде де сондай талап болса деймін. Бұл талапты әрине, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен ата-аналар қою керек деп ойлаймын. Жасөспірімдер мен балалардың денсаулығын ойласақ, осындай шешім шығару керек. Мектепке келгенде әр бала өз сыныбында телефонын тапсырып, үйге кетерде ғана алу қажет. Бұл қиын шаруа емес қой?

Осы жерде мына жайды айтпай кетуіме болмас, екі жыл қатарынан онлайн сабақ болғанда кейбір мұғалімдер үй тапсырмасын түсіндірудің орнына, осы тақырыпты интернеттен оқып алсаңдар да болады дегенді талай естідім. Міне, ұялы телефонға тәуелділікті мектеп жасап отырған сияқты.

Үйде де, мектепте де күні бойы телефонның құлағында отырған бала ертең кім болады? Көзі көрмейтін, құлағы естімейтін, жүйке тамыры нашар, ашушаң бала болады. Оларды осындай нашар бала етіп тәрбиелеп жатқанымызға кім кінәлі, кім жауап береді?

Ата-аналар да, мектеп те, Оқу-ағарту министрлігі де бұл проблемаға атсалысу қажет. Әйтпегенде, кеш болады.

– Саналы, білімді, денсаулығы мықты балалар мен жастарымызды тәрбиелеу – баршамыздың парызымыз. Осыған көңіл бөлейік, – дейді менің ойымды қостаған Астананың Ардагер кеңесінің қарт ардагерлері мен зейнеткерлері.

Ғалия БАЛТАБАЙ, журналист, Астана қалалық Ардагерлер кеңесі медиа тобы жетекшісінің орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button