Басты ақпаратБілім

ҰЯТҚА ҚАЛДЫРМА, ҰБТ!

Биыл елiмiздiң 125 мың мектеп бiтiрушi түлектерi маусымның 1 мен 15 аралығында Ұлттық бiрыңғай тест тапсырады. Күнi бүгiнге дейiн арнайы орта оқу орындарын бiтiрген жастардың жоғары оқу орындарына тек әңгiмелесу арқылы қабылданып келгенi мәлiм. Ал жақында ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi бұл үрдiстiң «iргесiн сөгiп», арнаулы орта оқу орнын бiтiрушiлер жоғары оқу орындарына түсу үшiн ұлттық бiрыңғай тест тапсыруы тиiс деген шешiм қабылдады. Министрлiктiң бұл шешiмi кәсiптiк-техникалық лицейлер мен колледж студенттерi үшiн «тыңнан түрен салғандай» тосын жаңалық болды
Сайып келгенде, олар наразы. Мәселен, заң колледжiне түскен студенттер ең бiрiншi қыл¬мыстық iс, азаматтық құқық секiлдi түрлi заң саласының қыр-сырын меңгерсе, болашақ эко¬номистер тек өз саласының пәнiн тереңдетiп оқиды. Осы аралықта мектеп бағдарламасына қатысты сұрақтардың оқушының санасында қаншалықты сақталатындығы айтпаса да түсiнiктi. Дәл осы тұрғыдан келгенде бұл нара¬зылықтары ақылға сияды.
Бұл туралы қаладағы «Асу» техникалық-гуманитарлық колледжiнiң III курс студентi Абылай Есболұлы «Мен биыл Әлеуметтiк iс мамандығы бойынша колледждi тәмамдаймын. Арманым – жоғары оқу орнына түсiп, бiлiмiмдi жалғастыру. Жаңалықты бiзге төрт ай бұрын ғана жариялауы орынсыз. Бұл – колледж сту¬денттерiнiң дайындалуына жеткiлiксiз уақыт. Тiптi, олардың арасындағы бәсекелестiктi бiл¬дiрмейдi ғой. Өйткенi, колледж студенттерiнiң дайындығы бәрiбiр мектеп оқушыларымен бiрдей болмайды» десе, колледж студентiнiң анасы Бахтыгүл Қазбекова «Менiңше, мұны жаңа оқу жылынан бастау керек едi. Мәселен, мектеп оқушысының дайындалуына бiр жыл уақыт берiледi. Ал бұлардың небәрi екi-үш айы ғана бар. Дайындалып үлгеруi мүмкiн емес. Оның үстiне жазатын, қорғайтын дипломдық жұмыстары да бар» дейдi.
Айта кетерлiгi, ҰБТ-ның биылғы жаңалық¬тарының соңы бұл емес. Талапкер мемлекеттiң бiлiм грантын тағайындау конкурсына қатысу үшiн кем дегенде 70 балл жинауы тиiс. Бiлiм Заңына сәйкес халықарлық оқу ордаларының және Назарбаев интеллектуалдық мектептiң түлектерi тестiлеуден босатылады. Министрлiк адами факторға да биыл ерекше мән берудi жөн санапты. Ендi мектеп бiтiрушi түлектiң жақын туысы қайтыс болған жағдайда бала Ұлттық бiрыңғай тестiлеуден бас тарта алады. Мұндай оқушы мемлекеттiк емтихан ғана тапсырып, ЖОО-ға түсу үшiн кешендiк тестiлеуге iлiгедi. Сондай-ақ, халықаралық олимпиада конкурс-тарының ғылыми жобалар жеңiмпаздары бұл сынақтан толығынан босатылады.
Жалпы биыл оқу залдарында ұялы телефон, интернетпен байланысты тiптен болдырмайтын арнайы құрылғы қойылмақ. Тест сұрақтарының дұрыс жауаптар коды – мемлекеттiк құпия. Биылғы жылдың тағы бiр жаңалығы деп апелляция нәтижелерiн қадағалау үшiн қосымша бiр сағат бөлiнгенiн айтуға болады. Нәтиже шыққаннан кейiн әдетте оқушы жауап көшiрмесiн ала шығады. Ол үшiн арнайы қағаз да бар.

P.S. Бiлiм және ғылым министрлiгiндегiлердiң айтуынша, колледж түлектерi Ұлттық бiрыңғай тест емес, Кешендi аттестациялық тестiлеуден өтедi. Арнаулы мамандар кешендi тест алдыңғысына қарағанда, әлдеқайда жеңiл деп сендiрiп отыр. Яғни сұрақтары ҰБТ-ға қарағанда аз, әрi оқыған мамандығына сәйкес болмақ. Бұл – ендi уақыттың еншiсiндегi дүние. Қайткен күнде де, сұрақтар оқушының «оң жамбасына» келiп, жаңа реформа колледж бiтiрушiлердi «жатырқап» жүрмесе болды. Бiздiң тiлек те сол.

Гүлжан РАХМАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button