Ұзақмерзімді даму негізі

– Президенттің төртінші Ұлттық құрылтайдағы баяндамасы елдің дамуындағы стратегиялық бағыттарды айқындап берді. Оның ішінде саяси реформалардың жүйелі жүзеге асып жатқаны, экономикалық саясаттың әділеттілік қағидаттарына негізделуі, әлеуметтік саладағы жауапкершілік пен ұлттық құндылықтарды нығайту мәселелері кеңінен қамтылды.
Баяндаманың ең маңызды аспектілерінің бірі – цифрландыру, жасанды интеллект, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адами капиталды дамытуға ерекше басымдық берілуі. Бұл салалар Қазақстанның болашақтағы экономикалық тұрақтылығы мен халықаралық бәсекеге қабілетін арттыруда шешуші рөл атқарады.
Президенттің салық жүйесін реформалау, заң үстемдігін күшейту және адал бәсекелестік қағидаларын орнықтыру жөніндегі бастамалары экономиканы көлеңкелі айналымнан шығарып, мемлекеттік бюджеттің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындауға мүмкіндік береді.
Құрылтайда ұлттық бірегейлік, мәдени саясат және тіл мәселесіне де айрықша көңіл бөлінді. Қазақ киноиндустриясының сапасын арттыру, ұлттық киім мен дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, тарихи мұраны әділ бағалау – қоғамның рухани жаңғыруының маңызды тетіктері.
Жалпы алғанда, Ұлттық құрылтайда қозғалған мәселелер мен ұсыныстар Қазақстанның жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекет басшысының бұл бастамалары қоғамның барлық тобын ортақ мақсат жолында біріктіріп, еліміздің ұзақмерзімді тұрақты дамуына негіз қалайды. Біз біргеміз! Қазақ елі бізге аманат!
Кендебай АДАМБЕК,
Астана қаласы мәслихатының депутаты