Ресми бет

Үздік маман қызмет сапасын арттырады

Нұр-Cұлтан қаласының жастарды қолдау орталығының ұйытқы болуымен «Үздік» жобасы аясында автокөліктің дөңгелегін бөлшектеу және монтаждау бойынша сайыс өтті.

[smartslider3 slider=3824]

Ғ.Мұстафин көшесі №48 нысанындағы көлік жөндеу алаңында өткен іс-шараға 6 команда қатысып, көліктің дөңгелегін шешу және салу, сондай-ақ тепе-теңдігін теңестіру бойынша жарысты.

Үздіктерді анықтайтын сайысты ашқан Жастар ресурстық орталығының жетекші Шыңғыс Тілеулин:

– NEET санатындағы жастарды қолдау жобасы «Нұр-Cұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ қолдауымен іске асуда. Жоба аясында жеке және кәсіби қасиеттерді дамыту бойынша оқыту семинар-тренингтері, шеберлік сыныптары өткізілуде. Компьютерлік сауаттылық негізі, бағдарламалау курсы, SMM, копирайтинг, Social Media Marketing-менеджер, заманауи қоғам көшбасшысы және т.б. қысқа мерзімді оқыту бағдарламасын ұйымдастырып келеміз. Маусым айында басталған «Үздік» жоба аясында сантехник, ағаш ұстазы, аспазшы және т.б. бойынша үздіктерді анықтап, жастарды техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыруға мән берудеміз, – деді.

Нұр-Сұлтан қаласында 223 мың жастар болса, соның 7 пайызы – NEET санатындағы жастар. Сондай жастарды әлеуметтендіру және ынталандыру мақсатында мамандықтардың маңызын түсіндіріп, кәсіп түрлерін меңгеруге жағдай жасау маңызды міндет саналады.

Іс-шараның өтуіне демеушілік көрсеткен «Alem Avto Trade» ЖШС әкімші Тимур Сәрсенбайұлының сөзінше, белгілі кәсіп түрін меңгерген жастардың тәжірибесін шыңдауда түрлі деңгейдегі сайыстарды өткізу маңызды. Осы себепті жас дөңгелек жөндеушілердің сайысына өткізуді қаржылай қолдапты.

Елде жеңіл көліктің саны артып, оларға сапалы қызмет көрсететін сервистік орталықтарға сұраныс артты. Содан болар, бас шаһарда автокөлікті жөндейтін ТЖО мен дөңгелектерді бөлшектеу және монтаждайтын орталықты көптеп табуға болады. Демек жастарға автокөлікті жөндейтін орталықтарда жұмыс істеп, табысын арттыруға әбден болады.

Сайысқа қатысушылардың жұмысын бағалаған Серік Кепебаев:

– Нұр-Сұлтан қаласында 500-ге жуық көлік дөңгелегін жөндейтін орталық бар. Соның ішінде 6 команда қатысуға бел байлады. Біз қатысушылардың көліктен дөңгелекті шешу мен салу, сондай-ақ тепе-теңдігін теңестірудегі жылдам жұмысына және сапасына көңіл бөліп, «Үздік» жобасының жеңімпазын анықтаймыз. Үздік маман сервистік қызмет сапасын арттырады, – деп түсіндірді.

Қатысушылар арасында 19-29 жас аралығындағы жастар болды. Соның бірі – «Protektor» командасының мүшесі Максим Табашинко. Ол дөңгелек жөндеу саласында 7 жылдан бері еңбек ететінін, алайда жарысқа бірінші рет қатысып тұрғандықтан қобалжулы екенін айтты.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button