2022 - Балалар жылы

Үздік оқушы

Айша Өмірәлі – №59 мектеп-­лицейдің 8-сынып оқушысы. 4 жасынан бастап көркем гимнастикамен айналысады. Одан бөлек, қылқалам шебері.

[smartslider3 slider=3025]

Кішкентай кезінде көркем гимнастикаға алғаш рет қатысқан Айшаға бұл ұнамаған. Кейін бір жылдан соң қызығушылығы ояныпты.

– Бастапқыда адам көп болған соң қатысқым келмеді. Бірақ анама ойланып, өзім қайта қатысқым келетінін айттым. Мен дүниеге келмей тұрып, Олимпиада ойындары болған екен. Сол кезде анам «қызымды осы көркем гимнас­тикаға қатыстырамын» деп армандапты. Көркем гимнастикаға 12 жасыма дейін қатыс­тым. Онда тәртіп өте қатал. Нақты уақытпен жүреміз. Бірақ жаңа достар таптым, уақытым көңілді өтетін. 8 жылда тренерім 6 рет ауысты. Себебі әр деңгейге өскен сайын тренер ауыстырып отыру маңызды. Шетелге байқауларға жиі баратынбыз. Барлық шығынды ата-анам төледі.

[smartslider3 slider=1864]

Айша екі жыл бұрын ауы­рып, ұзақ уақыт қатыса алмай қалған. Кейін бұл қызығу­шылығын биге алмастырған.

– Ұзақ уақыт ауырып қалдым да, біраз үзіліс болды. Қайта бастағым келгенмен, маған қызық болмады. Қазір 1,5 жылдан бері биге қатысып жүрмін. Көркем гимнастикаға қатысқан соң мені бірден кәсіби топқа алды. Алғашқыда хип-хопқа барған едім. Кейін заманауи би түріне ауыстым. Жақында Мәскеуге байқауға барамыз. Соған дайындалудамыз.

Бос уақытында рок жанрындағы музыка тыңдағанды ұнатады. Одан бөлек, сурет салумен айналысады.

– Сурет салғанды жақсы көремін. Үйірмеге бармай, үйден өзім үйреніп алдым. Сурет салғаннан алған әсер басқаша. Кейде уақытым болса, кино көремін. Әсіресе, фантастикалық жанр­дағы киноларды ұнатамын. Соңғы рет «Красные браслеты» деген сериал көрдім. Онда қатерлі ісікке шалдыққан балалар туралы көрсетілген. Сериалдағы балалар әртүрлі болса да, олардың достығы ерекше. Бәрін өмірге деген құштарлық біріктіреді. Ауыр болса да, мағынасы ұнады.

Айша үшін өмірдегі басты құндылық – отбасы. Анасы жеке компанияда заңгер болып қызмет етеді.

– Отбасы бізді кез келген қиындықта қорғап, барлық шешімімізді қолдайды. Таңдауымызға қарсы келмейді. Болашақта қай мамандықты таңдайтынымды әлі шешпедім. Бірақ шығармашылық бағытты таңдайтын шығармын.

– Егер басшылыққа келсем, еліміздегі заң жүйесін өзгертер едім. Бізде адамды өлтірген қылмыскерге жеңіл жаза беріледі. Бұл дұрыс емес. Өмір бақи бас бос­тандығынан айыру керек. Сол кезде адамдар бұл қылмысты қайталамайтын еді деп ойлаймын.

Сынып жетекшісі Ақбота Жандарқызының айтуынша, Айша – сыныпта өте ұяң қыз.

– Берген тапсырманы жауапкершілікпен орындайды. Сабаққа ынтасы ерекше. Айша өте салмақты, биязы болғанмен, болмысы шығармашылыққа жақын. Суретті өте керемет салады. Алдыңғы оқу жылында денсаулығына байланысты сабаққа келмеген болатын. Сол кезде оны суретшілік қырынан таныдық. Маған 8 наурызға сыйлық ретінде өзі салған суретті сыйлады. Өте әдемі еді. Қазір Айшаның қолынан шыққан туындыларды жинап, арнайы көрме жасағалы жатырмыз.

Анасы Гүлназдың айтуынша, Айшаның мінезі құбылмалы. Бірден ашыла қоймайды.

– Қызым көбінесе көңілді жүреді. Кез келген жағдайға тез бейімделеді. Мейірімді, елгезек. Әрқашан уақытын өзін-өзі табуға арнайды. Жаңа нәрселермен айналысқанды ұнатады. Өзіндік пікірі бар. Оған өзі қаламаған нәрсені жасата алмаймыз. Бос уақытында үйде мысығына қарайды, үй тірлігімен айналысады. Көп кітап оқиды. Соңғы жарты жылда кітап қоры көбейді. Әр ай сайын 6-7 кітап аламыз. Сурет салғанды қатты ұнатады. Менімен болған оқиғаларды, кейбір мәселелерді ашып талқылайды. Пікіріміз келіспей қалатын тұстар да болады. Ондай кезде «қандай пікірде болсаң да, өз көзқарасыңнан тайма, бұл – менің жеке пікірім» деп айтып түсіндіруге тырысамын. Себебі екеуара сенім маңызды. Мен үшін қызымның дені сау, сүйген кәсібімен айналысып, бақытты болуы маңызды. Ата-ананың бақыты да осы деп білемін.

Айзада Жайыққызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button