Басты ақпарат

Үздік оқушы

[smartslider3 slider=2012]

 

Күнсайын Қуанышқызы Нұр-Сұлтан қаласы «Binom School» мектеп-лицейінің 6-сыныбында оқиды. Екі жасынан бастап жыр жаттаған. 5 жасынан бастап «Шалқар» радиосындағы «Өнерлі өрен» бағдарламасын жүргізіп келеді.

[smartslider3 slider=2160]

«Алғаш рет үлкен сахнаға 4 жасымда шығып, Абай өлеңдерін оқыдым. Жалпы өлеңді мәнерлеп оқуды жақсы көремін. Осыны әкем мен анам байқап, өздері баулыды. Кейін «Өнерлі өрен» бағдарламасында қаладағы талантты балалармен сұхбаттасатынбыз».

Күнсайынның YouTube каналы бар. Ол оқыған ертегілерін, өлеңдерді өз дауысымен тыңдармандарына жариялап отырады. 2019 жылы Абайдың 175 жылдығы кезінде «Әлем таныған Абай» жобасында 18 қара сөзін ағылшын тілінде жатқа айтып, І орынды иеленген.

«Әкемнің идеясымен Абай атамыздың қара сөздерін ағылшын тілінде оқыдым. Сөйтіп, эстафетаны жалғастырдым. Ағылшын тілінде жаттау үшін шамамен 2 айдай уақыт жеткілікті болды. Оны YouTube каналыма салдым. Өте үлкен қолдауға ие болды».

[smartslider3 slider=2162]

Күнсайын – жан-жақты оқушы. Бос уақытында ол анасынан құрақ құрау, киім тігуді үйренеді. Сондай-ақ ән айтып, сурет салады. Домбыра үйірмесіне қатысқан. Өзі сценарий жазған «Менің бәйтерегім», «Сиқырлы тәж» қысқаметражды фильмдері жүлдеге ие болған.

«Абай Құнанбаев, Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңдерін оқимын. Прозадан гөрі поэзия жаныма жақын. Рух беретіні рас. Сахнаға шыққан кейбір сәттерде өлеңнің әсерінен тебіренген кездерім болды».

Күнсайыннан есімінің ерекшелігін сұраған едік. Себебі ерекше есім бәрімізді де таңғалдырды.

«Әкемнің айтуынша, есімімді Қадыр Жұмаханұлы деген сөзге шешен ағай қойыпты. Есімім өзіме ұнайды. Әрі әкемнің атымен қатар атаған кезде керемет үйлесім табады. Ал сіңлімнің аты – Күнгей. Өз атыма ұйқастырып мен қойдым. Күнгей Мұқажанұлы деген жазушы болған. Үйге қонақтар келгенде осы кісі туралы айтып отырғаны есімде қалып қойыпты».

[smartslider3 slider=2180]

Сынып жетекшісі Айдана Жүністің айтуынша, Күнсайын сабақ оқумен қатар, мектепте өтетін шараларға да белсенді қатысады.

«Күнсайынды пән мұғалімдері үнемі мақтап отырады. Тек сабақ оқумен емес, шығармашылық жұмыстарды да атқарады. Көркемсөз оқу шараларына жиі қатысады. Бірде «Сөйле» оқырмандар клубымен өткізген шарада Күнсайын қатты қобалжыды. Тәуелсіздік туралы өлең оқыған кезде толқығаннан жылап қалған сәті де болды. Күнсайынға қарасам, өзімнің оқушы кезімді көремін. Сыныпта өте белсенді әрі топ басшысы. Сабақ үлгерімі үздік. Ата-анасы үнемі бізбен байланыста әрі кез келген ісімізге қолдау беріп отырады».

Күнсайынның әкесі Қуаныштың айтуынша, кішкентайынан бастап жаттау қабілеті ерекше болған.

[smartslider3 slider=2184]

«Күнсайынды кішкентайынан бастап ақындар айтысына, кітапханаға, түрлі кездесулерге, концерттерге жиі апардық. Демалыс күндері өзі ұнатқан кітаптарды алып беретінбіз. Сөйтіп, оны бірге үйде талқылайтынбыз. Сол да әсер етті деп ойлаймын.

Үнемі қозғалыста жүргенді, бірдеңемен айналысқанды ұнатады. Анасы қолөнер шебері болғандықтан болар, қызым да осы салаға жақын. Бұдан бөлек, тіл үйренуге қатты қызығады. Болашақ арманы – журналист болу. Диктор Сауық Жақанованы үлгі тұтады. Сол кісідей болсам деп армандайды. Кез келген бастамасын қолдауға әрі дамытуға әрқашан да дайынбыз».

Айзада Жайыққызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button