2022 - Балалар жылы

Үздік оқушы

[smartslider3 slider=2085]

Альтаир Ашуров – елордадағы физика-­информатика бағытындағы Назарбаев зият­керлік мектептің ­12-сынып оқушысы. Жақында өткен халық­аралық Жәутіков олимпиадасының информатика пәнінен күміс медаль иегері.

Альтаир Ашуров информатика пәні бойынша оқушылардың «Туймаада» Халықаралық олимпиадасының алтын медалін жеңіп алды. Халықаралық олимпиада онлайн режимінде 2021 жылғы 24 шілде 3 тамыз аралығында өтті. Жеті елден келген 250-ден астам қатысушы математика, физика және информатика пәндерінен аса күрделі есептерді шешуде жарысты. Альтаир IT әлеміне алғашқы қадамдарын компьютерлік ойындарға деген қызығушылығының арқасында жасады. Талапты оқушы 2021 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен Республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанды. 19-25 маусым аралығында Сингапурда информатика пәні бойынша халықаралық олимпиадада (IOI) сынға салып, қола медаль алды.

Альтаир олимпиадаға ­8-сыныптан бастап қатысқан.

[smartslider3 slider=2320]

«7-сыныпта алғаш рет мектеп­ішілік олимпиадаға қатыстым. Кейін іріктеуден өтіп, 8-сыныпта халықаралық жарысқа бардым. 10-сыныптан бастап қайтадан қолға алып, бірнеше сағатымды теорияға, басқа да тапсырмаларды орындауға жұмсадым. Бос уақытым болса, олимпиада­ға дайындалуға асығып тұратынмын. Нәтижесінде биылғы Жәутіков олимпиадасында күміс медаль алдым. Қазір 12-сынып болған соң оқуға құжат тапсыру, емтихандарға дайындалу мәселесімен жүрмін. Бұл жолы өте жақсы дайындығым болды деп айта алмаймын. Дегенмен күміс медальдің өзі де жақсы жетістік деп ойлаймын.

Жалпы өзіме программалау тілі қызық. Тәжірибе болу үшін видео-ойындардағы программа­лау тілін қысқа мерзімге көшірмесін құрастырдым. Өзің қызыққан нәрсені істеу шабыт сыйлайды ғой. Мен үшін бұл жақсы тәжірибе болды» деді олимпиада жүлдегері.

Ол болашақта математика саласын таңдамақ.

«Орталық Азия елдеріндегі университеттер маған қатты ұнайды. Әсіресе, Корея, ­Жапония, Қытай елдерінің білім беруі қызықтырады. Сол жақта оқығым келеді. Егер еліміздегі университеттердің бірін таңдау керек болса, әрине, Назарбаев университетіне түскім келеді.

Жалпы ғылыммен айналысқан ұнайды. Болашақта математика саласы бойынша білгенімді балаларға үйретіп, шәкірт тәрбиелегім келеді. Біздің елімізде марқұм Ақназар Қажымұрат физика-математика саласында керемет жетістіктерге жеткен еді. Оның халықаралық олимпиадада жүлде алғанының өзі бізге үлкен қуаныш болатын. Өкінішке қарай, ол арамызда жоқ. Мен де сондай керемет ұстаз болып, үздік шәкірттер тәрбиелегім келеді» деп Альтаир арманымен бөлісті.

Альтаирдың бос уақыты бола бермейді екен. Ал уақыт болса, ғаламтордағы әртүрлі қызықты тапсырмаларды орындайтынын айтты. Одан бөлек, гитара тартатын өнері де бар.

[smartslider3 slider=2321]

Анасы Бақытгүлдің айтуынша, ұлының мінезі салмақты.

«Альтаир деп есімін әпкесі қойды. Осы аттас аспанда ерекше жұлдыз бар. Соған ұқсатып қойған болуы керек. Есімінің ерекшелігін біз де жақсы көреміз, өзіне де ұнайды. Үйде ұлым салмақты, елгезек, өзінің ­арман-мақсатымен бөлісіп отырады. Мінезі ашық, кез келген адаммен тіл табысып кетеді. Жауапкершілігі өте жоғары» деді анасы.

Альтаир математика саласына деген стереотиптерді жойғысы келеді. Мәселен, оның арманы – адамдарға математика да шығармашылықпен айналысудың бірі екенін түсіндіру.

[smartslider3 slider=2322]

«Жалпы көпшілігі ғылымды күрделі деп ойлайды. ­8-сыныпта Ричард Фейнманның «Знаменитая физика» кітабын оқығанмын. Сонда байқағаным, Бразилия профессоры оқушыларға физика формулаларын есте сақтайтындай етіп үйретеді. Көптеген оқушылар математика, физика өте қызықсыз, қиын деп ойлайды. Осы дұрыс емес деп айтар едім. Ән айту, сурет салу деген сияқты бұл да өнердің, шығармашылықтың бір түрі. Адамдар соны түсінсе екен» деді Альтаир.

Сынып жетекшісі Жаннат Сейтказинаның айтуынша, Альтаирды атына заты сай мектептің «жұлдызы» деуге болады.

[smartslider3 slider=2323]

«Барлық оқушылар мен мұғалімдер оны таниды және мақтанады. Альтаир үнемі барлығына көмектесіп жүреді. Мысалы, қай сыныпта болсын оқушылар математика пәнінен көмек керек кезде сұрайды. Сонда қарсылықсыз кез келген жанға көмектеседі. Сыныпта достарымен қарым-қатынасы керемет, әзілқой. Кез келген тақырыпта бірден әңгімелесіп кетеді. Интеллектуалдық деңгейі өте жоғары. Болашақта еліміздегі математика ғылымының дамуына үлес қосады деп сенемін» деді сынып ­жетекшісі.

Айзада Жайыққызы

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button