Үздік сантехниктер Ресейде өтетін чемпионатқа барады
Астана қаласының ең үздік сантехниктері Ресейде өтетін кәсіби шеберлер халықаралық чемпионатына дайындалып жатыр. Елорда атынан барғалы отырған шеберлер конкурстың алғашқы кезеңі бойынша бақ сынауға кірісті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурстың алғашқы кезеңі – «Қайырымды сантехниктер» деп аталады. Ереже бойынша, шеберлер әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созып, су-кәріз құбыр жүйесін тегін жөндеп беруі тиіс екен. «Осы мақсатта тұрғындар арасында арнайы сұрау салдық. Кімде қандай мәселе бар деп. Кейіннен Астана қаласының жұмыспен қамту орталығына хабарласып, жалғыз басты зейнеткерлер, ардагерлер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар туралы мәліметтер алдық. Ақылдаса келе, қаламыздың шеткі аудандары мен инфрақұрылымы әлі дами қоймаған елді мекендерге басымдық беру туралы шешімге келдік. Астана қаласының ең үздік сантехниктері Мейірман Абаилдаев пен Руслан Хрюкин Мичурин ауылының тұрғыны, жалғыз тұратын зейнеткердің хал жағдайын біліп, онын жуынатын бөлмесін жаңартып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы тегін болады» дейді шараны ұйымдастырушы «CVL» компаниясының PR-менеджері Марал Кереева. Қажетті заттарды, яғни араластырғыш су крандары, санфаянс, жылу радиаторлары мен санауыш құралдары секілді тағы басқа да сантехникалық қажеттіліктерді ұйымдастырушылар беріп отыр. Бұлар да тегін.
«Қайырымды сантехниктер» деп аталатын бұл кезең 31 тамызға дейін жалғасады. Бұл уақыт аралығында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Сербиядан барлығы 46 елден 85 команда өз қалаларындағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетеді. Олардың жұмысын арнайы комиссия бағалайтын болады.
1-қыркүйектен бастап «Сантехмен мектебі» атты екінші кезең басталады. Бұл уақытта интернаттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қашықтықтан мамандандырылған сабақтар өткізіледі. Әр кезең бойынша мамандар, тұрғын үй-коммуналдық қызметінін өкілдері, білім беру және қоғам қайраткерлері оларға дауыс береді. Олар әр қатысушының жұмыс барысы мен шеберлігін бақылайды.
Үздік деп танылған командалар 22 қарашада Челябинск қаласынада өтетін чемпионат финалына жолдама алады. Конкурстың басты жүлдесі – 300 мың рубль мен алтын кубок.
Бүркіт Нұрасыл