Басты ақпаратБілімҚала тіршілігі

ҮЗДІК ТҮЛЕКТЕР ҮНДЕСУІ

Қала көшелерін кеше жас түлектердің қуанышты күлкісі мен шаттық үні кернеді. Соңғы қоңырау аяқталған соң, бесін ауа мектеп бітірушілерге арналған мерекелік іс-шаралар басталған. Жас түлектер ар­найы бағдарламалар ұйымдастырылған «Студенттік», «Ғашықтар» саябақтарына және Қаржы министрлігі алдындағы алаңға қарай ағылды. Онда мектеп оқушыларының концертін тамашалап, қызықты ойын- сауыққа қанықты. 

Үздіктерге үкілеп үміт арту – қалыптасқан дәстүр. Бұл орайда, мектеп бітірушілер арасындағы «Ал­тын белгі» иегерлері мен олимпиада, ғылыми байқаулар жеңімпаздары үшін арнайы бал ұйымдастырылды. «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Триумф» балы ТМД-дағы теңдесі жоқ ғимарат – Оқушылар сарайында өтті. Шараға Парламент және мәслихат депутаттары, Білім және ғылым министрлігі өкілдері, үздік оқушылардың ұстаздары да шақырылды.

Астана қаласының талантты оқушыларын анықтау және қолдау мақсатында ұйымдастырылып тұратын мұндай балдың өзіндік дәстүрі бар. Соған сай, ер балалар смокинг немесе қара түсті классикалық костюм, ақ жейде киіп, қара түсті елбелек тағып келсе, қыз балалар ақ түсті бал көйлегі мен ақ туфли киді. Үлкен өмір алдында жүздері балбұл жанған жастарға Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді.

Басқарма бастығының айтуынша, елордамызда мектеп қабырғасында жүріп-ақ биік белесті бағындырған жастар аз емес. Айталық, биылғы жылы мектеп бітірушілер ішінен республикалық олимпиадалар мен ғылыми сайыстар қорытындысы бойынша, елордалық команда 95 жүлделі орынды иеленсе, бұл жалпыкомандалық есепте бірінші орын екен. Астаналық мектеп оқушыларының қоржынында олим­пиадалардан 7 алтын жүлде мен республикалық ғылыми сайыстардан тағы бір алтын бар. Көркемөнер сала­сы бойынша да, халықаралық деңгейде бағы жанып, астаналықтардың атын оздырғандар аз емес. Атап айтқанда, Бразилия, Корея, Қытай, Ресей, Түркия, Румыния, Үндістан, Гру­зия, Кипр және басқа да елдерден астаналық оқушылар 92 жүлде алып келіпті.

Хош. 2012 жылдың соңғы қоңырауын қаланың білім беру мекемелері осылай үлкен жетістіктермен атқарып салды. Ұстаздар қауымы мен шәкірттердің осы жетістіктерімен Парламент Мәжілісінің депутаты Владимир Ред­кокашин де құттықтады.

«Триумф» балы кезінде ерек­ше көзге түсіп жүрген сегіз ал­тын жүлдегерге қала әкімі атынан сыйлықтар табыс етілді. Ал, оларға тәлім берген ұстаздар Білім және ғылым министрлігінің марапаттарына ие болды.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

P.S.

Орыс тіліндегі «Мектеп вальсі» әніне билеген түлектер «Ұстазым» әнін тыңдап, бұрынғыларша жаппай көз жасына ерік берген жоқ. Бірақ, сонда да әр-әр жерден ұстазын қапсыра құшақтап, қимастықпен жылаған қыз- жігіттерді көзіміз шалды.

Түлектердің алабұртқан сезімі секілді Астананың да аспаны тұнжырап тұрған болатын…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button