БілімЖаңалықтар

Үздік ұстаздар анықталды

Еліміздің ең үздік педагогтары анықталды. Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Үздік педагог – 2021» республикалық байқауы қорытындыланып, республика бойынша 64 мұғалім осы атаққа лайық деп танылды. Ұстаздық қызметтің озаттары қатарынан астаналық 5 мұғалім көрінді. Олар қомақты қаржылай сыйлықпен қатар арнайы төсбелгіге ие болды.

– Ұлы педагогтың идеялары 180 жыл өтсе де өте маңызды. Қазіргі уақытта болып жатқан барлық өзгерістерге жауап беріп отырған идеяларында педагогикалық принциптері бар. Сондықтан алға жылжимыз десек, осы ұлы педагогтеріміздің А.Байтұрсынұлы, Ы.Алтынсарин секілді перзенттеріміздің
мұрасын зерттеуіміз керек. Педагогтың мәртебесі тек жалақымен ғана есептелмейді. Әрине, ол педагогтың шеберлігімен, педагогты басқа өзіне тән емес жұмыстан қорғау, т.б. мәселелерге байланысты екені сөзсіз, – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Биыл оныншы рет өткен мерейтойлық рәсім ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып, аса көрнекті ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығымен тұспа-тұс келгендіктен, ұлы ағартушының туған жерінде өткізілді.
«Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен келген 64 мұғалім «Үздік педагог-2021» атағына ие болды. Педагогтердің әрқайсысы 1000 АЕК көлемінде сертификатпен және «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар ақшалай сыйақылар жергілікті атқарушы органдар тарапынан да бекітілді. Бұл күні 10 педагог «Еңбек ардагері» медалімен және «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды. Педагогика саласының еңбек ардагерлеріне де құрмет көрсетілді. Барлық жеңімпазды лайықты марапаттарымен құттықтаймын! Қажырлы еңбектеріңіз бен мамандыққа деген адалдықтарыңыз үшін алғыс айтамын» деді ҚР Білім және ғылым министрі.
Елорданың атынан қатысқан Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта мектебінің география пәні мұғалімі Сарвар Кулметов, №28 «Жұлдыз» балабақшасының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлшат Тұткишева, Көлік және коммуникация жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Шолпан Бабаева, Кәсіптік-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Бейбіт Бибосынов, №1 Балалар музыка мектебінің хореография мұғалімі Бағдина Секербек байқауда жеңімпаз атанып, «Үздік педагог – 2021» атағын алды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button