Жаңалықтар

ҮЗДІКСІЗ ӨРЛЕУ ҮРДІСІ

Жиырма бірінші ғасыр. Тәуелсіздіктің жиырма бірінші жылы. Қазақ тарихына тағы да тұрақтылық пен гүлдену кезеңі болып енді. Қазақстан үздіксіз өрлеу үстінде. Бұл өрлеудің шырқау шыңдарға жеткізетіні де күмәнсіз. Сонау тоқырау жылдарынан өрлеуге дейін, өрлеуден шырқау шыңға дейінгі процесте Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қандай шешуші рөл атқарғанын тағы бір ой елегінде екшеп, салмақтасақ. Мұндай ниет алдында бір нәрсенің айқын екенін шегелей айтқан жөн. Елбасы шешімін тапқан ең қиын екі мәселе бар – тәуелсіздік һәм тұрақтылық.

ӘЛЕМДІК ТҰЛҒАЛАР ҚАТАРЫНДА – ӘБІШҰЛЫ

Мыңжылдықтар тоғысар тұс. Ә дегеннен дүниежүзі тарихына жаңа мемлекет құрған тұлғалар мен белді саясаткерлер сыйлады. Мәселен, Махатма Ганди мен Джавахарлал Неру. Бұл есімдерді үнді халқы қасиет тұтады. Өйткені, қос алып өз ұлтын батыс отаршылдарының езгісінен құтқарып, Үндістан Республикасын құрды, даму жолына салды. Түрік бауырларымыздың тыңнан түрен салып, биікке құлаш сермеуі – Мұстафа Кемал Ататүрік еңбегінің жемісі. Ал аспан асты елінің даңқын асырып, дамуына даңғыл жол салған – Дэнь Сияопин. Малайзиялықтардың жарқын болашағы үшін доктор Махатхир Мохаммад сара жол меңзеді. Сингапурды Ли Куан Ю бүгінгі биігіне шығарды. Алып ұлдарының арқасында алпауыт мемлекеттер қатарына қосылған тек шығыстықтар емес. Өздерін «көне демократияның» отаны санайтын Батыс елдері де бірегей туған перзенттен кенде емес. АҚШ тарихындағы Франклин Рузвельт пен Францияның заманауи шежіресінің бас кейіпкері Шарль де Гол – осындай жандар.

Өткен ғасырдың соңы қазақтың да несібесін зорынан қылды. Тарих сахнасына есімі жаңа ғана айтылған тұлғалармен қатар аталатын, туған елінің дамуы жолында сіңірген еңбегі де, адамзаттық мәселелерді шешуге қосқан үлесі де әлгілерден кем соқпайтын бір ұл шықты. Қазақтан! Қазақ ұлтынан! Ол – Қазақ елінің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Кеңес одағының іргесі сөгілген соң, оның орнына пайда болған жас мемлекеттердің тізгінін әртүрлі азаматтар ұстады. Солардың арасында біздің Көшбасшы мемлекет басқарудың ең тиімді үлгісін ұстанды. Тірлігі жадау, келбеті жүдеу жұртты жиырма жылда аяғынан тік тұрғызды, қолын аузына жеткізді, бірлігін бекем етті.

ТОҚСАН БІРДІҢ ТОҚЫРАУЫ-АЙ!

Мәдениетімізді мұқатып, дәстүрі­міз­ді тоз-тоз қылып, төл дінімізді тұншық­ты­рып тынған Кеңес заманынан Қазақ елі­не не қалды? Әрине, әбден мешеу күй­де қалған шикізаттық экономиканы енші­ледік. Шегіне жете шиеленіскен әлеу­меттік проблемаларға ұрындық. Баба­ларымыздың күшімен һәм қаны­мен, аналарымыздың ақ тілеуімен һәм­ көз жасымен келген байтақ та бай же­рі­мізді талапайға салуға асыққан қа­терлер тағы бар. Шекара бойындағы шыр­мауықтай созылған кикілжің ше?.. Ха­лықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуа­лын айтпағанда, аталғандардың бә­рі үлкен тәуекелдерді қажет ететін. Мін­деттердің алғашқысы мынау еді: «Кеңестік мұраларға» байланыс­ты әлгі мәселелерді халықаралық қауым­дас­тыққа таныту және мойындату, сондай-ақ, түйіні тарқатылмаған мәселелерді шетел­дік әріптестермен реттеу керек.

БІЗ БАСҚАН АЛҒАШҚЫ БЕЛЕСТЕР

1992 жыл. Қазақстан Біріккен Ұлттар ұйымының мүшесі атанды. Басқа да беделді халықаралық ұйымдар жас мемлекетті қатарына алды. Тіпті, бірқатар еларалық ұйымды өз қолымызбен құрдық. 1996 жылы Қазақстан Шанхай Ынтымақтастығы ұйымы бастамашыларының бірі болды. Еуразия құрлығындағы аймақтық қауіпсіздік ісінің ең басты тетігі болған бұл ұйым көпшілікке «Шанхай бестігі» деген атпен мәлім. Тағы бір басымдық беріп айтатын нәрсе, Елбасының тікелей бастамасымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес дүниеге келді.

АТОМ БОМБАСЫ БЕДЕЛІМІЗДІ АСЫРМАЙДЫ

Иә, Кеңес одағы тарағаннан кейін ядролық қаруға ие болу кейбір жаңа тәуелсіз мемлекеттердің басшыларына егемендікті сыртқы қауіп-қатерден қорғаудың бірден-бір кепілі секілді көрінген. Алайда, Нұрсұлтан Назарбаев ұзақмерзімді халықаралық саясат тұрғысынан алғанда ядролық қаруға иелік ету Қазақ елі үшін қауіпсіздік кепілі емес, керісінше, қауіптің басты көзіне айналуы бек мүмкін екенін жақсы түсінді. Президенттің пікірінше, біздің күшіміз жаппай қырып-жоятын қару-жараққа иелік етуімізде емес, әлем қауымдастығының алдындағы абырой-беделімізде, тату қарым-қатынасымызда. Расында, қолымыздағы жойқын қарудан бас тартуымыз Қазақстанға «ядролық қарусыз» мәртебесін әперді. Бұл мәртебе мерейімізді әлсіреткен жоқ, асырды, көпке үлгі етті.

Мұндай асқан жауапкершілікті қадам­ды табысты жасау үшін ел бастаған адамның үлкен ерік-жігері, көреген болмысы, табан­ды­лығы, мемлекетшілдігі қажет еді. Елбасы Нұр­сұлтан Назар­баевтың бойынан осы қа­сиет­тердің бар­лы­ғы артығымен табылды. Ол­ еліміздің қауіпсіздігімен қатар, жалпақ әлем­нің қауіпсіздігін сақтауды ойлады. Бұл жерде Елбасы өзін өз мемлекетінің ғана емес, барша адамзаттың қамын жеген әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде танытты.

АЙҚАЙ АРАСЫНДАҒЫ ТЫНЫШТЫҚ АРАЛЫМЫЗ

Ел дербестігін енді иеленген. Алдан та­ғы бір­ үлкен міндет көлегейлейді. Ол – діни жә­не ұлттық кикілжіңдер мен қақ­ты­ғыс­тар­дың­ пайда болуына, осыдан туындайтын экс­­тремизмнің өрістеуіне жол бермеу. Шы­­ны сол, аса қиын шаруа. Өйткені, сол кез­­де іргедегі Өзбекстан мен Қырғыз елін тұ­рақсыздық жайлаған. Тәжікстанда аза­мат­тық соғыс бұрқ етті. Бұл соғыс Қазақ Пре­­зидентінің дипломатиялық шеберлігінің ар­қа­сында 1999 жылы ғана аяқталды. Грузия мен­ Молдавияда да қақтығыстар. Армения мен Әзербайжан таулы Карабах дауына бай­ла­­нысты қан төгісуде. Ресейде Шешенстан мә­­селесі асқынып тұр.

Осындай аса күрделі аймақта орналасқан, тұр­­ғындары сан түрлі ұлттар мен діндердің өкіл­­дерінен тұратын Қазақстан жан-жақтан қау­­­малаған қауіп өртінің ортасындағы жал­ғыз ғана тұрақтылық пен тыныштық аралы­на­ ай­нал­ды. Елбасының бұл жағдайда ел тағ­ды­ры­на қатысты мәселені қалай шешкені қос ға­сыр тоғысқан тұста әлемдік ахуалды зертте­ген­ саясаттанушылардың басын қатырды, та­рихшылардың аузынан түспес құбылыс бол­ды. Айрықша атап айтарлығы, Қазақстан Пре­зиденті өз мемлекетін ТМД аумағындағы бір­де-бір ел айналып өте алмаған кедергінің еш­қайсысына ұрындырмай, аман-есен алып шық­ты.

ҮМІТТІ АҚТАҒАН АЙБОЗ ҰЛ

1991 жылдың желтоқсаны. Қазақ­стандағы алғашқы Президент сайлауы. Халық бір ауыздан Нұрсұлтан Назарбаевқа ел тізгінін сеніп тапсырды. Сол кездегі аса күрделі түйткілдердің түйінін тарқату мандатын қолына берді. Президент тағдырын қо­лы­на сеніп ұстатқан халқының үмітін ақ­тады. Сол себепті, одан кейінгі Прези­дент сайлауларының барлығы барша қазақ­стан­дықтың оған деген шексіз сенімін көрсетті.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті дамытып қана қоймай, оның шынайы егемендігін, тұ­рақ­тылығы мен қарқынды дамуын қам­тамасыз етті. Сондықтан, біздің елімізде көр­ші мемлекеттердің көбісі ұрынған, бі­реу­лері әупіріммен аман қалған «түрлі-түс­ті төңкерістердің» алғышарттары пайда бол­мақ түгілі, ондай жағымсыз құбылыстың исі де сезілген жоқ. Қытай Халық Респуб­ли­касының төрағасы Ху Цзиньтаоның сөзі­мен айтсақ, «Президент Нұрсұлтан На­зар­баевтың сенімді басшылығының арқа­сын­да бүгінгі Қазақстанның тұғыры берік сая­си тұрақтылықты, үздіксіз әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық дамуды және елдің халықаралық саясат сах­насындағы абырой-беделінің үнемі нығая түс­кенін көруге болады». Міне, Елбасы жас мем­лекеттің алдында тұрған екі маңызды мәсе­лені – егемендікті қамтамасыз ету және тұрақ­ты саяси жүйе құру міндеттерін дер кезінде әрі сапалы түрде шеше алды.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button