Sport

Үздіктерге сыйақы

Алматы қаласындағы «Балуан Шолақ» спорт кешенінде Конфедерация кубогының ақтық кездесулері өтіп, бокс, қазақ күресі, еркін күрес, дзюдо, таэквандо, грек-рим күресі спортының үздіктері анықталды. Турнирге еліміздің барлық өңірінен 200-ден аса спортшы қатысты.

Алдымен сынға түскен былғары қолғап шеберлері өзара мықтыны анықтап, финалға Маңғыстау мен Түркістан облыс­тарының боксшылары шықты. Тартысты өткен жекпе-жекте 5:4 есебімен маңғыстаулықтар басым түсті. Ал үздік үштікті Қарағанды облысы мен Астана қаласының спортшылары түйіндеді.
Қазақ күресінен Қарағанды облысының спортшылары жеңіс тұғырынан көрінді. Көмірлі аймақтың балуандары ақтық бәсекеде Алматы қаласынан басым түсті. Ал үшінші орын бұл жолы да елордалықтардың еншісіне бұйырды.
Еркін күрестен шығыс­қазақстандықтар финалда Астана қаласының спортшыларымен белдесіп, 4:2 есебімен жеңіске жетті.
Грек-рим күресінен Алматы облысының жігіттері Алматы қаласымен күш сынасты, облыс балуандары 4:2 есебебімен басым түсті.
Таэквондодан Алматы қаласы үздік болып, кубокқа қол жеткізді. Финалда олар Түркістан облысының спортшыларымен кездесіп, 82:42 есебімен әділ жеңді.
Ал татами шеберлері арасында өткен тартыс­ты бәсекеде Атырау облысы өзіне қарсылас шақ келтірмеді. Бәсеке көрігін қыздырған соңғы жекпе-жекте Қарағанды облысының спортшыларын 4:2 есебімен ұтып, өткен жылғы чемпиондардан айласын асыра білді.
Жеңімпаз болған ұжымдарға 25 млн теңге көлемінде сыйақы берілді.
Айта кетейік, жарыстың жалпы жүлде қоры 145 млн теңгені құрайды. Конфедерация кубогы Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен 2016 жылдан бастап тұрақты түрде өткізіліп келді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button