Тағзым

Үзілмейді ұлы ақынның үлгісі

abai

Абай мұрасын танып, бағалауда өткен ғасырдың 20-30-жылдарында саяси-әлеуметтік жағдайға байланысты туындаған әрі айқын көрініс берген түрлі бағыттар болғанын ғалымдар біледі. Сол 1920-жылдар әдеби мұраларды игеруге байланысты айтыс-тартыстардың кезеңі болды. Көркем әдебиетпен қатар, әдебиеттің тарихын да қалыптастырудың алғышарты ретінде таптық көзқарас алға тартылды. Таптық көзқарас жеке бір шығармашылық иесіне байланысты да қолданылып жүрді, әдебиетті жасаушы ақын-жазушыларды саралау ісінде өрши түсті. «Кім қай таптың ақыны?» деген сияқты тартыстар алға шықты. Бұл үрдіс сол кезеңдегі кеңес халықтары әдебиеттерінің қай-қайсында да орын алды. Біздің әдебиетімізде даудың басы Абайдан басталды.

Ұлы ақын А.Құнанбаевтың шығармашылығынан бұрын өмірбаянына иек артушылар, яғни, Абайдың үстем тап өкілі болғанын тілге тиек етушілер көбейді. Осы дауға қарсы дау, араша сын дәуірі де осы кез еді. Тартыстың басты міндеті Абайдың ұлағатты шығармашылығының ұлылығын дәлелдеу болды. Осындай уақиғалардың басы-қасында Б.Кенжебаевтың болғаны белгілі. Оның 1925 жылы жазған «Абай – халықтікі» деген пікірді ұстанатын мақаласы бар. Бұл жас Б.Кенжебаевтың әдебиеттегі айтыс-тартысқа қосқан Абайға қатысты алғашқы сүбелі ғылыми үлесі болды. Абайды арашалау арқылы бүкіл қазақ әдебиеті мен ақын-жазушыларының арашашысы сияқты кейіпке енгендігін естеліктерінен аңғаруға болады. Ғалымның күнделіктерін оқи отырып, оның қазақ әдебиетіндегі замана қасіретінен туындаған солақай саясатшыл пікірлерден әдебиетті арашалап алушылық істерінің куәсіне айналамыз.

Бейсембай Кенжебаевтың зерттеу объектісі болған қазақтың біртуар дарыны Сұлтанмахмұт Торайғыров та Абай мұрасын алғаш зерттегендердің бірі болатын, оның Абай мұрасын танып бағалаудағы пікірлері абайтану тарихында ерекше орын алатындығын біреу білсе біреу білмес. Бұл туралы академик Зәки Ахметов: «Сұлтанмахмұт – Абай дәстүрін дамыта түсушілердің бірегейі әрі ақын мұрасының әлеуметтік тамырын тереңірек танығандардың бірі. Абайдың жаңа бағыттағы қазақ әдебиетінің негізін салып, классикалық дәрежеге көтерген еңбегін Сұлтанмахмұт творчестволық іздену, азабы мол ақындық жолды бастан кешіру, әдеби тілдің тазалығы туралы заман талабы күн тәртібіне қойып отырған мәселеге жауап беру тұрғысынан келді. С.Торайғыров – Абайдың ақындық дәстүрін дамытушы өнерпаз, сөз зергерлерінің алдыңғы сапындағы өнер қайраткерлерінің бірінен саналатын дарынды ақын. Оның туындыларындағы Абай өлең құрылысының іздері мен ақындық тіліндегі көркемдігін сөз бедерлеріндегі абайлық дәстүрлерді анық көреміз. Саяси-әлеуметтік тақырыптардағы халықтық тұрғыдан толғанатын мұң-шері де Абай поэзиясындағы сарынмен өзектесіп жатуындағы рухани туыстықтың өзінде де айтарлықтай сырлар жатыр» деген. Ал Б.Кенжебаев өз зерттеушілігінің эволюциялық дамуында, «С.Торайғыров өз шығармаларының идеясы негізінде Абайдың жолын дамытушы, поэзияның Абайдан кейінгі ең ірі өкілдерінің бірі болды» деген пікірлерге жетті.

Осы тұжырымдардан кейін әдебиетте С.Торайғыровты Абай ізбасары деп, араларында дәстүр жалғастығын іздеушілік үрдіс пайда бола бастады. Бұл үрдіс дәл осы тұжырымнан соң ғана пайда болды демейміз, бірақ дәл осы тұжырым оның байламы дей аламыз. Өйткені, Абайдың ақындық айналасы, әдеби мектебі туралы пікірлер бұдан бұрын да бар-тын. Мұны қазақ әдебиеті тарихының сол кездегі пікір-таластарының өзегінен байқауға болады. Қ.Мұқаметқанов, Ә.Жиреншин, Е.Ысмайылов, Ә.Тоқмағамбетов, Ғ.Сердалиевтердің мақалалары Абайдың шәкірттерін екі топқа бөліп қарастыратынын көруге болады. Ондай топтар «Абайдың тура шәкірттері» (Е.Ысмайылов), «Екінші топтағы шәкірт ақындар» (Ә.Тоқмағамбетов) деп бөлінген, «Абай – ұстаз да, сөз ұғатын ынталы талантты жастардың бәрі – шәкірт» (М.Әуезов) деген тоқтаммен С.Торайғыров та екінші топтағы шәкірт, яғни, ынталы талантты сөз ұғатын Абай шәкірті деп қарау ұсынылған. Б.Кенжебаев осы ұсыныстың анықтығын дәлелдеген. Ғалым Т.Қожакеев «Абай және Сұлтанмахмұт» деген мақаласында Б.Кенжебаев көтерген мәселелерді нақты дәлелдеулермен анықтай түскен. Жалпы, Абай мен Сұлтанмахмұт арасындағы дәстүр жалғастығын шығармашылықтарының негізінде айшықтайды.

Және бір айтатын жайт, С.Торайғыров өзінің «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» деген публицистикалық еңбегінде Абай көрсеткен үлгі-өнеге, сол қалаған жазба әдебиет дәстүрінде жалғастырса ғана ақын-жазушылардың ұтатынын алға тартып, өзі де Абайдың поэзиясын «Пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай, соқыр кісі сыбдырынан танырлық, аққұла ашық тұрады марқұм Абай өлеңдері» деп таныған. Соны өз поэзиясына да үлгі етіп, мұрат тұтқан. Абайдың өлеңдерін қасиетті Құранға теңеп, оны қалай қадірлесең, дарынды ақынның өлеңін солай қадірлеп, тәлім ал деуінің өзі С.Торайғыровты, шын мәніндегі, Абайдың нағыз шәкірттерінің тобына жатқызуға болатындығының дәлелі.

Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбайдан:  «Қазіргі таңда жұрт Абай десе, Әуезовті, Әуезов десе, Абайды қатар атайды. Қазақ халқын барша әлемге танытқан «Абай жолы» эпопеясының жазылу тарихы жайында айтып берсеңіз» деп сұрапты журналистер. Ғалымның жауабы: «Әу баста Мұхтар Әуезов Абай туралы екі кітап жазумен шектелмек болған. Бірінші кітаптың атын «Телғара» деп қойған. Кітаптың алғашқы нұсқасы «Татьянаның қырдағы әні» деген атпен 1936 жылы жазылып, 1937 жылы қазақшадан орысшаға аударылып шыққан. М.Әуезов романға 1938 жылдың аяғы 1939 жылдың басында түбегейлі кіріседі. Осы жолда талай қиын кезеңдерді артқа қалдырып, 1940 жылдың күзіне қарай «Абай жолының» бірінші кітабын толықтай жазып бітіп, баспаға ұсынды. Бірақ кітап араб қарпінде жазылғандықтан, кириллицаға көшіргенше біраз уақыт кеткен. Сол екі ортада соғыс басталып кетіп, кітап шегеріліп, жоспардан алынып қалған. Осы кезде қазақ әдебиетінің және Әуезовтің бақытына орай Мәскеудегі баспасөзде қызмет істейтін Бейсембай Кенжебаев «Қазмембаспаға» бас редактор болып келеді. Ол терімде жатқан, бірақ жоспардан алынып тасталған «Абай» романын ешкімге айтпай, баспаханаға жіберіп, оның редакторлығына сол кездегі жас жігіт Қуандық Шаңғытбаевты бекітеді. Осылайша екеуі жасырын, жабық жағдайда кітаптың жарыққа шығуын жүзеге асырады. Кітаптың алғашқы сүйінші данасы шыққан күні «Социалистік Қазақстан» газетіне рецензия жарияланады. Романның шыққанын жұрт сол кезде ғана біледі. Әуезовтің қолына да кітап сол күні тапсырылған.

…Қаншама оқыған ғұламалар Абай мұрасы турасында қалам сілтеді. Абай жайлы ғасырдан астам уақыт жазылып келеді. Әлі де жазыла бермек».

Иә, расында Абай туралы осы ғасырда да, келер ғасырда да жазыла беретіні ақиқат. Оның мұрасы – әр ғасырдың құрдасы, оның өлеңдері әр оқылған сайын жаңарады.

 

Рысалды МҰСАХАНОВА,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Астана қаласындағы өкілі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button